ЕЛ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Уақыты: 27.08.2019
Оқылды: 842
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерімізді түлетуге үлес қосып жүрген ауданның абыройлы азаматтарына құрмет көрсету мақсатында Балқаш аудандық Мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» шарасы ұйымдастырылды.


Игі шараға аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов бастаған мекеме-ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері және аудан тұрғындары қатысты. 

Алғашқы сөз тізгінін Ғалым Қасымұлы алды.

– Ортамызда туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосып, көмек қолын созып жүрген атымтай жомарт азаматтар жетерлік. Ондай меценаттарға, бизнес құрылым өкілдеріне, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Отанға деген сүйіспеншілік алдымен туған жерге деген махаббаттан басталатыны белгілі. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бағдарламаны жүзеге асыруға елім, жерім деген әр азаматтың үлес қосуы керектігін айтқан. «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» бағытының елін, жерін, Отанын сүйетін керемет ұрпақтың тәрбиеленіп шығуына септігін тигізетініне кәміл сенімдімін, – деді ол.

Балқаш ауданында 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін ірі әлеуметтік жобалар іске асып келе жатыр. Атап айтсақ, 2017-2019 жылдар аралығында «Туған жер» бағдарламасы бойынша жалпы құны  740 млн. 100 мың теңгені құрайтын 33 жоба орындалған. Мәселен, Балқаш ауданының тумасы, кәсіпкер, меценат Азамат Молдақасымовтың демеушілігімен Бояулы елді мекені абаттанды,  ішкі көше жолы жөнделіп, әр тұрғынның үйіне  қажетті коммуникация тартылды. 2017 жылы аудан азаматы, кәсіпкер Мұратбек Бейсебековтің демеушілігімен Жиделі орта мектебі ғимаратына  ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Бақанас  ауылдық округінде ледэкрандар орнатылған. 

Аудан әкімі сөз барысында өңірдің көркейіп, гүлденуіне атсалысып, демеушілік танытып жүрген бірқатар азаматтарымыздың еңбегіне тоқталып кетті.
– Агрофирма «Бірлік» ЖШС-нің басшысы, кәсіпкер, меценат, облыстың және ауданның Құрметті азаматы Әбдіжаппар Қыстаубаев Бірлік ауылдық округінде жастарды спортқа баулу мақсатында 2017 жылы «Достар» спорттық алаңын соғып, ауылға кіреберіс қақпа, жастар саябағы, балалардың ойын алаңы, спорт кешені  сияқты нысандарды салып, халық игілігіне пайдалануға берді. Қандас бауырларымызды Монғолия мен Қарақалпақстаннан туған елге тартып, 50 отбасын баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Биылғы жылы 7 көпбалалы отбасына тұрғын үй сыйлады.   «Балқаш жолдары» ЖШС-нің басшысы Нарымбет Әбдібаевтың  демеушілігімен Ақкөл ауылдық округі аумағында орналасқан «Ақкөл көтерілісі» ескерткішінің маңайы абаттандырылды. Биылғы жылы Көкжиде ауылында балалар алаңы мен шағын футбол алаңын, салып, Бақанас ауылындағы М. Сеңгірбаев атындағы орта мектепке М. Сеңгірбаев бюстін орнатып берді, – деді өңір басшысы ерекше мақтанышпен. Одан кейін аталған азаматтарды «Жомарт жүрек» байқауының «Туған өлке» номинациясымен марапаттады. Сондай-ақ, мәдениет саласының қызметкерлеріне Алғыс хат табыс етті. 

Марапаттау рәсімінен кейін игі шара аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.  

Қабыл ИСА