КӨП ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН

Уақыты: 27.08.2019
Оқылды: 771
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әйтей деп аталатын ауылда дүниеге келген Базаркүл Жаманбаеваны ақшиліктердің бәрі таниды десек артық болмас.  Мектепті аяқтаған қаршадай қыз жүрек қалауымен Ақши ауылындағы медициналық училищеге түсіп, 1982 жылы оқуды аяқтап, Желтораңғы ауылына жолдамамен жұмысқа орналасады. Кейін Ақшиде біліктілікті арттыру курсын аяқтап, операциялық медбике болып жұмысын жалғастырады. Тұрмысқа шығып, 1996 жылы Ақшиге қайта келіп, ауруханада учаскелік медбике қызметін бастайды. Содан бері бір жерде табан аудармай 37 жыл тынымсыз еңбек етуде.


– Бала кезімде таяқтан, шүберектен қуыршақ жасағанымызда мен ылғи дәрігер болып ойнайды екенмін. Осы болашақтағы мамандық таңдауыма әсер еткен шығар деп ойлаймын. Ол кезде ата-анамыз малды ауылда тұрады. Өзіміз мамандық таңдап, өзіміз оқыдық. Тобымызда 29 қыз және бір ұл бала болды. Қазір сол қыздың бірімен емханада жұмыс істеймін. Көбі медицина саласын тастап кетті. Оған себеп – талабы көп, ақшасы аз. Қазір біздің бас дәрігеріміз Құрманғазы Бегалиев жаңадан келген жастарға: «Біз барда үйреніп алыңдар, біз кеткен соң үйрететін адам болмайды», – деп күледі. Айта кететінім, мен сол училищеде оқып жүргенімде осы Құрманғазы Орашұлы дәріс берді. Ұстазым әрі басшымның берген білімі мен тәрбиесіне өмір бойы бас иіп өтемін, – дейді ақ халатты абзал жан.  

Бұл саланың өзіне тән қызығы мен қиыншылығы да бар. Мәселен, алғаш рет аттан құлап, бас сүйегі сынып, миына тас кіріп кетіп, өте ауыр хәлде келген науқастың аман қалғаны осы уақытқа дейін есінде. 

– Ауыр жарақат алған науқасты көргенде қорықтым. Қаладан ұшақ шақыртуға тура келді. Телефонмен сөйлесіп тұрып бірден: «Мен жаңадан оқу бітірген жас маманмын. Бұрын ондай операцияға қатысып көрген жоқпын», – дедім. Ол болса «қорқатын ештеңе жоқ, маған тек екі құрал болса болды» деді. Бір байқағаным, науқас жаңадан емханаға түсіп, соның өмірі үшін алысып жатқанда ешнәрсе ойлайтын шама болмайды екен, – деген ойымен бөлісті.  

Ел тәуелсіздік алған қиын кезде бас дәрігер Құрманғазы Бегалиев ауылдағы екі аурухананы да сақтап қалғанын көпшілік жақсы біледі. Еліміздің біраз өңірінде мықты емханалар жабылып қалғаны белгілі. Талай қызметкер 1 жылға дейін тегін қызмет көрсетті. Оның ішінде біздің кейіпкер де бар. Қиын кезең болса да мамандыққа деген махаббатын бәрінен жоғары бағалағандығы көпке үлгі болары анық. Сол кездегі Базаркүл апайдың жалақысы  1900 теңге. Ал бір қап ұн 3 000 теңге тұратын. Тағдырдың берген сынағы болса керек, өзінің үш баласымен қоса әпкесі мен оның балаларын, қысқасы тоғыз адамның ішіп-жемі, киер киімі осы кісінің мойнына артылды. Мұндай сынақты қайыспай көтере білген қайсар ананың батырлығына ризамыз. 

Егемендік алған жылдары халықтың жағдайы төмендеп, сарыауруға шалдыққан бала саны көбейді. Сол кезде күн-түн демей, медбикелер көше-көшеге бөлініп, әр үйге барып, дәрі-дәрмек таратып, балаларды аман алып қалды. «Ауруханада жатқызатын орын жоқ. Сағат 3-ке дейін жұмыстамыз, ары қарай көшедеміз. Кейде түнгі онға дейін науқастарды аралап қаламыз. Жанымда кішкентай қызым бірге жүреді. Қай үйде қандай бала бар екенін жақсы білетін қызым: «мама, мына үйдегі бөпені қарамадық қой» деп ескертетін. Медицина саласының қызметкерлері апат болған жағдайда ол жерді тастап кетуге хақылары жоқ. Осыдан 9 жыл бұрын ауылымызды су басып кете жаздады. Үлкен штаб құрып, шатыр тігіп, бір ғимаратқа тұрғындарды жайғастырды. Біз медициналық көмекпен қатар психологиялық та көмек көрсеттік. Ертеңгісін екі пост ашылып, 1 сағатқа халықты Ақшиге жібереді. Арасында мен де үйге келіп кетемін, көршілердің малына шөп салып, суларын беремін. Ит-мысықтарды тамақтандырамын. Жануарлар да аштан өлмесе екен деген оймен барлық жұмысты істеуге үлгеретінмін. Мәдина есімді кызметтесіміз сөмкесіне аурухананың бар құжаттарын салып алып, өзімен бірге бір апта бойы алып жүрген екен. Сиренаның дауысы шыққанда адамның аяғы жүрмей қалатынын сол кезде өз көзімізбен көрдік, ол болса емхананың жағдайын ойлап жүр. Міне, осындай жағдайды да бастан өткердік. Мұның өзі тарих, – деп өткенін еске алды Базаркүл апай. 

Әр науқасқа туғанындай қарап, жылы сөзін айтып, қолында барын беріп кететін жомарттығы мен адамгершілік қасиеті оны үнемі биікке жетеледі. Қазіргі таңда бүкіл ауылдың жанашыры болған ақ халатты апайымыз немерелерімен бақытты да баянды ғұмыр кешсін деп тілейміз.  

Әсел БАЛҒЫМБАЕВА, қызы: 
– Ауылда бір кісі қатты ауырып қалды. Жақындарының салы суға кетіп, үміттерін үзген еді. Анам бір жарым айдан астам күнде үйіне барып, дәрілерін беріп, бетін бері қаратты. Бұл мен үшін үлкен мақтыныш. Қазір Алматы қаласында тұрамын, демалыс күндері анамды шақырсам, келе бермейді. Сонда айтатыны: «Науқастарға дәрі егу керек. Маған сенген адамдарды бір күнге болса да тастап кете алмаймын», – дейді. Қаладан ауылға барып, туғандарыммен бірге болып, бір демалайын десем, анам ылғи үйде болмайды. Негізі, ол кісі жұмысына қатты берілген адам. Адамгершілігі, мінезінің қайсарлығына тәнтімін. Екі отбасын асырады. Ер адамның бар жауапкершілігін өз мойнына алды. Жалғыз өзі жұмыс істеді. Әлі есімде, мейрам қарсаңында бізге 3 мың теңге сыйақы берді, 2004 жылы ол құнды ақша еді. Базарға барып, үйіп-төгіп жеміс-жидек алып, ауылға апардым. Анамды қатты қуантқым келді. Қуанттым. Қуантайын деп біраз жыл өте кішкентай екі бөлмелі үйден көшейік деп Ақшидің орталығынан жер алып, үлкен үй сала бастадық. Үйдің шатырын жауып біткенде, тапатал түсте өртеніп кетті. Содан бері 5-6 жыл өтті, еңсемізді енді көтеріп жатырмыз. Ол қастандықты кімнің жасағанын анықтай алмадық. Сол жағдай анама қатты батты, денсаулығы да содан бері сыр бере бастады. Ендігі тілерім – анам аман болса, ауырмаса екен.

Назерке САДЫҚОВА
Ақши ауылы,
Іле ауданы