Екі миллионыншы тұрғын дүние есігін ашты

Уақыты: 27.03.2017
Оқылды: 1383
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлыстың ұлы күнінде жақсы жаңалық бүкіл жұртты елең еткізді. «Жасқа – жас қосылды, басқа – бас қосылды» деген осы. Жаңа жылда жаңадан дүние есігін ашқан нәресте облыстың екі миллионыншы тұрғыны атанды. Періште үнімен жүректерді елжіреткен бұл перзенттің кіндігі Еңбекшіқазақ ауданында кесілді.

Әрине, қуаныштың жөні бөлек. Бауы берік болсын айту үшін облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Есік қаласына арнайы келді. Аудандық перзентханаға бас сұқты. Біз сөз етіп отырған екі миллионыншы тұрғын жөргегіне оранып, бесікте жатыр. Дәрігерлердің бақылауында болып біраз ширады. Қазір анасы екеуінің де денсаулықтары жақсы.
Перзентхана дәрігерлері де шат-шадыман күйге бөленген. Осынау тарихи сәттің парағын өздері ашып, екі миллионыншы жетісулықтың кіндігін өздері кескеніне мәртебеленіп тұр. Сол күні облыс аймағында бірқатар сәбидің жарық дүниеге қадам басқаны белгілі. Алайда екі миллионыншы тұрғын атану осы перзенттің пешенесіне бұйырыпты.
– Бұл жаңалыққа әз Наурыз тойында куә болғанымыз – жақсы ырым. Өйткені, Ұлыстың ұлы күнінде мейірімділік пен ізгілік, достық пен татулық салтанат құрады. Тіршілік атаулының бәрі қайта түлеп жаңарады, тазарады.  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің стратегиялық жоспарларының бәрінде әлеуметтік жағдайға, ана мен балаға көрсетілетін қамқорлықтарға ерекше көңіл бөлуде. Оның жақсы нәтижелерін облыс аумағынан да көптеп кездестіреміз. Мәселен, өткен жылы ғана өңірде 50 мыңға жуық нәресте дүние есігін ашты. Бұл нені білдіреді?! Бұл – ел тұрақтылығы мен дамуының айқын көрінісі. Екі миллионыншы сәбидің бауы берік болып, үлкен азамат атансын, – деген облыс әкімі сәбидің ата-анасына екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Сый-сияпаттар көрсетті.
Жоғарыда аталған перинаталды орталық 2007 жылдан бері халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мұнда білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Заманауи медициналық қондырғылармен жасақталған. 
Бұл перзентхана бір мезгілде 130 адамды қабылдай алады. Перинаталдық орталықта  босану залы, анестезиология, ота жасау, аналарға және сәбилерге арналған жан сақтау  бөлімдері бар.  Осынау жылдар ішінде 45650 сәби дүниеге келіп, аман-есен ержетіп өсуде. Олардың арасында 1 үшем, 267 егіздің бар екенін қуана айтсақ артық болмас. Орталықтың бас дәрігері Гүлнар Мамырбаева ұжым қызметін бүгінгі күннің талаптарына сай үйлестіріп келеді.
Екі миллионыншы тұрғынның анасы Жарқынай Еменақынова Есік гуманитарлық колледжінде психолог маман болып жұмыс істейді. Ал әкесі Диас Шорманов Қызылжар ауылындағы О. Жандосов атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі. Олар – қарапайым мұғалімдер отбасының мүшелері. Дүниеге жаңа келген сәбидің келешекте елі мен жері үшін Елбасы секілді еңбек еткенін қалайды. Перзенттерінің есімін Нұрсұлтан деп қойғандары да сондықтан.
– Кезінде осы перзентхананың тұсауын Елбасымыз өзі кескен болатын. Құдайға шүкір, қазір еліміз зор жетістіктерге қол жеткізді. Оны көзіміз көріп жүр. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің, абырой - беделінің арқасы. – Біз отбасымызбен ақылдаса келе сәбиімізге Нұрсұлтан есімін беруді жөн көрдік. Елім, жерім дейтін үлкен азамат болып өссін, – деді жаңа туған нәрестенің әжесі Бақытгүл Иешова.
Сол күні облыс әкімі аудан халқы ұйымдастырған Наурыз тойына қатысты. Көпшілікті жаңа жылдарымен құттықтап, ынтымақ-бірлік, татулық пен достық, мереке мен береке тіледі. Той-тойға ұласты.

Болат Мәжит
Еңбекшіқазақ ауданы.