Алакөлде әуежай ашылады

Уақыты: 27.03.2017
Оқылды: 1316
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөл ауданы туризм саласын дамытуға қолайлы өңір. Олай дейтініміз, өңірдің экологиялық тазалығы, демалысқа қолайлы көл жағалауы мен табиғи сұлулығы астасып жатыр. Соған орай жаз мезгілінде айдынға демалуға асыққандардың қарасы жыл сайын артып келеді. Бірақ көптен бері жол қатынасы мен демалыс орындарының аздығы мәселе туғызып келген болатын. Соған сай арнайы жоспар жасалып, қазіргі таңда іске асуда. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде толық баяндалды. Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Әлібек Жақанбаев және облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шантаев баяндама жасады. 2014 жылдан бастап Алматы облысында туризмді дамытудың шеберлік жоспары жүзеге асырылып келеді. Аталған жоспарға сәйкес Балқаш және Алакөлдің жағалауындағы инфрақұрылымды жандандыруға күш салынуда. Сондай-ақ, халықтың келіп- кетуі үшін оңтайлы жағдай қарастырылған. Айталық, Үшарал қаласының маңында әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ескере кетерлігі, мұндай әуежай көп аудандарда  кездесе қоймайды.
– Әуежайдың құрылысы осы жылдың мамыр айында толықтай аяқталады деп отырмыз. Біздің ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне берген «Астана – Үшарал – Астана», «Алматы – Үшарал – Алматы» бағытында облысаралық жаңа авиарейстер ашу және оны республикалық бюджеттен субсидиялау мәселесін қарау туралы өтінішіміз қолдауға ие болды. «Жетісу» авиакомпаниясы» АҚ-мен бірігіп «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» ішкі авиарейсін ашу көзделуде. Биыл осы ішкі авиарейсті субсидиялау мақсатында облыстық бюджеттен 15,2 млн. теңге бөлінді, – деген Әлібек Әскербекұлы әуежай құрылысының 2015 жылы басталғанын баяндады. Бір ауысымда 50 адамға  қызмет көрсететін жобаның құны 889,1 млн. теңгені құрады. Заманауи жабдықтармен қамту мақсатында ұшақтың ұшып-қону жолағы қайта жаңғыртылып, әуе қозғалыстарын ұйымдастыруға ең қажетті деген радиотехникалық және метеорологиялық құрал-жабдықтар жаңартылған.
Шеберлік жоспарының аясында Ақши ауылында теміржол бекетінің құрылысы басталмақ, жобаның құны 186 млн. теңге. Қазіргі таңда аталмыш ауылда күніне 25 адам қабылдайтын жаңа дәрігерлік амбулатория мен дәріхана жұмыс жасауда. 2010 жылдан бері Ақши ауылында «AQUAMARINE resort», «Қара тас», «Пеликан» және «Алтын Ебі» демалыс орындары ашылып, туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді.
2016 жылы Алакөлдің жағалауына келіп демалғандардың саны 450 мыңнан асып жығылған. Ал биыл олардың санын 700 мыңнан асыру жоспарланып отыр. «Алматы облысының туристік бағытының бүгінгі әлеуеті инвесторлардың назарын көптеп аудара бастады. Оның дәлелі, былтыр облыста жеке инвестициялардың есебінен 3,6 млрд. теңге қаражатқа 43 туризм нысаны қолданысқа берілді. Олардың 30-ы Алакөлдің жағалауына салынып, бүгінгі таңда 1 қонақүй, 4 демалыс аймағы, 18 қонақжай үйі қызмет көрсетуде. Нәтижесінде 263 жұмыс орны ашылды. Ал, инвестициялар көлемі 1136,0 млн. теңгені құрады», – деді Арқау Әсетұлы. 
Өңірге инвесторларды тарту және оларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндіктер тууда. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен бүгінгі таңда Алакөл жағалауына қажетті инфрақұрылымды тарту жұмыстары қолға алынды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде Ақши ауылында орналасқан демалыс аймақтарына жаңа электр желілерін жеткізу үшін бюджеттен 610,9 млн. теңге бөлінген. 93,8 шақырым электр желілері тартылды. Жергілікті бюджеттің есебінен 21 млн. теңгеге Ақши ауылынан демалыс орындарына дейінгі автожол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысы басталды. Алакөл көлінің жағалауында демалушылар санының жыл сайын артуын ескере келе, жазғы туристік маусым барысында облыс әкімдігімен «Жетіген – Достық – Жетіген» жаңа теміржол қатынасы субсидияланады.
2017 жылы Алакөлдің жағалауында «Falcon Petroleum» көпсалалы қонақүй кешені, «Kristal resort» және «Alakol resort» демалыс кешендерін ашу жоспарлануда. Келешекте аудандық бюджеттің 50 пайызын туризм саласы толықтырады деп күтілуде.


Алакөл ауданы.