Медициналық сақтандыру басты назарда

Уақыты: 28.03.2017
Оқылды: 1247
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен медициналық сақтандыруды халыққа насихаттау мақсатында жиын өтті. Басқосуға ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой қатысты. 

Шара облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлының алғы сөзімен бастау алды. 
– Бүгінгі таңда басты тақырыптың біріне айналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халыққа кеңінен насихатталып жатыр. Облыста арнайы штаб құрдық. Облыстық, аудандық газеттерге мақалалар жарияланып, брифинг өткізілді. Көптеген жиындар да өтті. Бірақ, әлі де жұртшылықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Мектеп деңгейінде де таратуымыз қажет. Осыған орай еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың келіп отырғанын айтты.
Осыдан кейін сөз кезегін Алексей Цой алып, медициналық сақтандырудың тиімділігі жайлы халыққа кеңінен тарқатып берді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы медициналық сақтандыру саласына жүктелген міндеттердің бірі – бірінші шілдеден бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу. Барлық дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған, қорғансыз азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалады, – дей келе әр облыстың денсаулық басқармасының басшыларына сақтандыру мәселесін қолға алып, тұрғындарды кеңінен ақпараттандырып, нақты жұмыс істеу керектігін айтты. 
Отырыс барысында «Қазақстан – 2050», «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан мысалдар келтіріліп, сақтандырудың маңыздылығы жіті талқыланды. «Керек болса үй-үйді аралап осы жайлы ақпарат таратуымыз керек» – деді. Жиын соңында вице-министр жұрттың қойған сауалдарына тұшымды жауап берді. Сонымен қатар Алексей Цой өңіріміздегі жаңа ашылғалы тұрған №2 емханаға барып, жүргізіліп жатқан жұмысын бақылап қайтқан болатын. 
    

Айдар ҚАЛИЕВ