АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ: БҮГІН МЕН БОЛАШАҚ

Уақыты: 30.03.2017
Оқылды: 2076
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатысты бірқатар жаңалықтар енгізілді. Бұл негізінен қаржыландырудың грант және сыйақы түріндегі қосымша үлгілері, үкіметтік емес ұйымдардың Деректер базасының жұмысына түзету, гранттық қаржыландырудың операторын құру, аталған жаңалықтарды жүзеге асыруға және мониторингін жүргізуге мүмкіндік берілген ҮЕҰ-мен өзара әрекеттесу саласындағы уәкілетті органды анықтау сынды жауапты істерді қамтыды. Кәсіби ведомствоның басым бағыттары, басты міндеттері және келешек жоспарлары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрағасы Әлия ГАЛИМОВАМЕН болған сұхбатта кеңінен әңгімеленді.

– Әлия Қайратқызы, комитет құрылғалы бері қандай жұмыстар атқарылғанын әңгімелеп берсеңіз.
– Құрылғанына төрт ай болған кәсіби комитет осы уақыт аралығында (2016 жылдың 4 қарашасынан – М. А.) маңызды жұмыстарды атқарды. Ведомствоның мақсаты мен міндеті айқындалып, азаматтық қоғам саласында атқарылуы тиіс жұмыстардың негізгі басымдықтары анықталды. Олардың қатарында мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы әрекеттестіктің көптеген түрін ары қарай дамыту; жаңа диалогтық тұғырнамалар құру және қолданыстағы тұғырмаларды жетілдіре түсу; ҰЕҰ-ның құқықтық, ұйымдастырушылық және қаржылық тұрақтылығын көтеру; шешім қабылдау үдерістеріне, мониторинг және қоғамдық кеңестердің жұмысын сараптау жұмыстарына ҮЕҰ-ның кеңінен қатысуы; сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс рәсімін жетілдіру сынды аса жауапты міндеттер бар.
Мысалға айтар болсақ, жалпыұлттық диалогты ұйымдастыру аясында комитет Қазақстанның VII Азаматтық форумы, уәкілетті орган жанындағы ҮЕҰ-мен әрекеттесу жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы, ҮЕҰ-мен байланыс жөніндегі жұмыс топтарының сериялы жиналыстары сынды шаралар өткізді. VII Азаматтық форумның қорытындысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар мемлекет пен үкіметтік емес сектордың арасындағы өзара әрекеттестігін одан ары жетілдіру ұсынысын жасады. Соған орай өткізілген талқылау нәтижесі бойынша ҮЕҰ – мен мемлекеттік органдар ұсынысын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын Үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары бекітті.
Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс үкіметтік емес саланы мемлекеттік қолдаудың жүйелі механизмінің бірі. Қаржы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Республика бойынша ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобаларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаржыландыру көлемі 2003 – 2016 жылдар аралығында 42 392,1 миллион теңгені құраған. Одан бөлек, жергілікті жерлердегі мемтапсырыстың көлемі 30 814,8 миллион теңге болса, орталықта бұл көрсеткіш 11 577,3 миллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар, жыл өткен сайын мемтапсырысты қаржыландыру көлемінің артып келе жатқаны байқалады. Қаржы министрлігінің деректері бойынша, 2015 жылға қарағанда (7 143,9 млн. теңге) 2016 жылы мемтапсырыстың көлемі 20%-ға артып, 8 878,6 миллион теңгеге жеткен. Қаржыландыру көлемінің артуынан бөлек, 2003 жылдан бастап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру ұстанымын кеңейтуге арналған жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыт бойынша министрлік жұмысты белсенді жалғастыруда.
Мысалы, биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 8 орталық мемлекеттік орган: Дін істері және азаматтық қоғам, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ақпарат және коммуникация, Ішкі істер, Энергетика, Ұлттық экономика министрліктері мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі іске асырады. Сондай-ақ, 2017 жылы мемтапсырысты жергілікті атқару органдарының шамамен 300 салалық бөлімдері аймақтарда атқарады.
Сонымен қатар, ҮЕҰ қаржылық тұрақтылығын көтеру және нығайту үшін былтыр «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Қазақстанда алғаш рет үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар бөліне бастады. Бұл ҮЕҰ қаржыландырудың мемлекеттік сатып алуларға негізделмеген жаңа үлгісі.
Алғашқы гранттар былтыр гранттық қаржыландыру саласындағы басты оператор «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ арқылы беріліп, 11 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін 208 миллион теңге бөлінді.
Соның арқасында былтыр жыл соңына дейін ҮЕҰ-ның алғашқы гранттық жобалары толық аяқталды. Олардың қатарында медиаторларға арналған карта, бала құқығы жөніндегі Ұлттық байланыс орталығы «111»-ді ашу және т.б. бар.
Биылғы гранттық қаржыландырудың көлемі қазірдің өзінде 612 миллион теңгені құрап отыр. Салалық және аймақтық ерекшеліктерге, сондай-ақ, гранттық жобалардың ұзақ мерзімділігіне орай іріктелген бұл гранттар әлеуметтік саланың 10 бағытын және 47 тақырыпты қамтиды.
Былтыр ҮЕҰ-ның шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейту үшін жаңа тетік – қоғамдық кеңестер іске қосылды. Қоғамдық кеңестердің нормативті құқықтық базасы ретінде ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы және ҚР Үкіметінің «Қоғамдық тыңдалымдарды ұйымдастыру және өткізуге қажетті талаптарды бекіту туралы» Қаулысы алынғаны белгілі.
Бүгінгі күні республикада 227 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олардың жұмысына қатыстырылған 4 мыңнан астам адамның 75%-ы азаматтық қоғамның өкілдері.
Қоғамдық кеңестер орталықтағы және аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін шешу аясында қоғамдық бақылаудың барлық үлгілерін тиімді пайдалануда. Өткен жылы қоғамдық кеңестер шамамен 5700 нормативті-құқықтық актілерді қарап, солардың арасындағы ең маңызды мәселелер бойынша 450 шақты қоғамдық тыңдау өткізілді, 1 мыңнан астам түрлі деңгейдегі мемлекеттік орган басшыларының есебі тыңдалды.
Бұл бағытта министрлік жүйелі мониторинг жүргізуді және қоғамдық кеңестер жұмысының сараптамасын, қоғамдық мониторинг жүргізудің ең үздік тәжірибелер жинақтамасын, қоғамдық бақылауды одан ары жетілдіре түсудің ұсынысын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы жүйелі диалогты одан ары нығайта түсу мақсатында біз қоғамдық кеңестердің жұмысы бағытындағы нормативті-құқықтық базаны жетілдіру жұмысын жалғастырып отырмыз. Қазіргі кезде мемлекеттік органдардың, қоғамдық кеңестердің, халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ-ның қоғамдық кеңестер турасындағы үлгі Ережесін жетілдіре түсетін ұсыныстар жинақталды.
Одан бөлек, биыл ортақ диалог алаңын құру, сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру мақсатында министрлік қоғамдық кеңестердің бірінші республикалық мәжілісін өткізуді жоспарлап отыр.
– Комитеттің бұл бағыттағы жоспарлары қандай болмақ?
– Мемлекет басшысы биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында діни экстремизммен және лаңкестікпен күреске, қоғамдағы кез келген жағымсыз көрініске мүлдем төзбеушілікке, өскелең ұрпақты рухани-мәдени тұрғыдан тәрбиелеуге қажетті қосымша қадамдар қабылдауға азаматтық қауымдастықтың белсенді қатысуы маңызды екендігін баса айтқан болатын.
Биыл қаңтар айында өткен ҚР Үкіметінің мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылауға арналған кеңейтілген отырысы аясында Дін істері және азаматтық қоғам министрі      Н. Ермекбаев Үкіметке азаматтық қоғамды дамыту саласында атқарылған жұмыстарды таныстыратын баяндама жасап, Елбасы Жолдауы аясында белгіленген басымдықтарға орай келешекте осы бағытта атқарылуы тиіс негізгі тапсырмаларды анықтап берді.
Сөйтіп, биыл ҮЕҰ-ның тұрақтылығын ұлғайту мақсатында ҮЕҰ гранттық қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайды, соған орай жобалардың тақырыптық бағытының жиынтығы кеңейді. Бүгінгі күні грант байқауларына өтініштер қабылдау мен қалыптасу кезеңі аяқталды. Биылғы жылы 47 тақырып бойынша шамамен 400 өтініш қаралады.
Биыл алғаш рет аймақтардағы халықтың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін бағалау жұмыстары жүргізіледі, оған ауылдық аумақтар да кіреді. Тұрғындардың қажеттілігін анықтау жөніндегі кешенді зерттеудің нәтижесі бойынша еліміздегі халықтың мұқтаждығы мен қажеттілігінің картасы қалыптастырылады және сол арқылы ұсыныстар жасалады.
Гранттардың бірінің тақырыбы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ҮЕҰ-ның Экономикалық әріптестік және даму ұйымына мүше елдердің халықаралық тәжірибесіне негізделген көрсеткіштеріне зерттеу және өңдеу жүргізуге арналған әдіснамаларды дайындауға арналып отыр.
Биылғы жылы гранттық қаржыландыру механизмін жетілдіру мақсатында ҮЕҰ арналған гранттарды ұсыну ережелерін одан ары оңтайландыру жұмыстарын жүргізуді ойластырып отырмыз. Алдағы жылдары тақырыптардың іріктелуі мен гранттар көлемінің қалыптасуына орталық мемлекеттік органдардың да қатысуы жоспарлануда.
Үкіметтік емес сектордың тұрақтылығын көтеру, ұмтылысын ынталандыру және жұмысын қосымша жүргізу мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесі күні алғаш рет ҮЕҰ-ға арналған сыйлықтың конкурсы жарияланады. Биыл ҮЕҰ-ға арналған сыйлық үшін 68 миллион теңгенің қаржысы қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, дәл қазір біз ҮЕҰ мен бизнес-қауымдастықтың өзара әрекеттестігінің даму бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз. Мемлекет қашанда қуатты, тұрақты, бәсекеге қабілетті ҮЕҰ-ға қызығушылық танытып, олардың ұйымдастырушылық, құқықтық және қаржылық тұрақтылығын дамытуға көңіл бөліп келеді. Екінші жағынан алғанда, кәсіпкерлік өзінің әлеуметтік басымдығын үкіметтік емес сектордың әріптестігі арқылы аша алады. Осыған байланысты әлеуметтік кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін талқылау және түйінді түйткілдерін шешу мақсатында біздің министрлік арнайы диалогтық алаң жүргізуді бастама ретінде көтеріп отыр.
Ал, кәсіпкерлік пен ҮЕҰ өзара әрекеттестігін дамыту бағытындағы нәтижелерге келер болсақ, оның барлығының өзі көңіл қуантуы тиіс. Бұған мысал ретінде жақында ғана өткен корпоративті қайырымдылықтың І форумын атап өтуге болады. Оған кәсіпкерліктің, халықаралық ұйымдардың және ҮЕҰ өкілдері мүше ретінде қатысты. Форум аясында қол қойылған бірлескен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға арналған меморандум кәсіпкерлік пен ҮЕҰ арасындағы қарым-қатынасқа жаңаша серпін берді деп ойлаймын. Біз тек мемлекет, кәсіпкерлік-қауымдастық және ҮЕҰ арасындағы бірліктің, ынтымақты әріптестіктің арқасында ғана үлкен нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін.
Тағы бір  маңызды бағыт – біздің министрліктің уәкілетті орган ретіндегі басты міндеті өткен жылы қабылданған ҚР «Еріктілер қызметі туралы» Заңының аясында жүктелген жауапкершілік екендігін айтуға болады. Бекітілген тәртіпке сай біздің комитет орталық мемлекеттік органдардың еріктілер қызметін есепке алу, еріктілер бағдарламаларын, жобаларын және еріктілер акцияларын жүзеге асыру жұмыстарын, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың жалпы еріктілер қызметін мониторингілеу жөніндегі жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады. Осыған орай биыл еріктілер бағдарламалары, жобалары және акциялары аясында еріктілер қызметі нысандарының жұмысын ұйымдастыру бойынша методикалық ұсыныстар дайындау жоспарланып отыр. Оның үстіне, отандық еріктілер қызметі дамуының қуатын анықтау мақсатында Қазақстандағы еріктілердің жағдайын кеңінен сараптайтын зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, заң шығару қызметінің аясында 2017 жылы «Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы дайындалды. Заң жобасы аясындағы өзгертулер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін, ашықтығын және жариялылығын арттыруға, сондай-ақ, ҮЕҰ туралы Деректер базасына деректер ұсынатын ұйымдардың тізімін жетілдіруге жолданып отыр. Сол арқылы заң жобасы аясында «мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру», «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалау» сияқты жаңа ұғымдарды айналымға енгізу ұсынылады. ҮЕҰ-лар қызметінің қалыптасуы, стандартының жүзеге асырылуы, мемтапсырыстың мониторингі мен бағалауы заң жобасына сай келетін заңға сәйкес актілердің жобалары дайындалды.
– Әлия Қайратқызы, жаңа бір сөзіңізде үкіметтік емес ұйымдардың Деректер базасы туралы айтып өттіңіз. ҮЕҰ-ның Деректер базасына өздерінің қызметі туралы деректер ұсыну үшін үкіметтік емес ұйымның өкілдері қандай құжаттарды және қанша уақыт ішінде дайындауы тиіс?
– Ең алдымен ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңын басшылыққа алу керек. Осы заңнамаға орай мекеме, қоғамдық бірлестік, қорлар, заңдық тұлғалардың бірлестігі, акционерлік қоғамдар түріндегі коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ, Заңның 17-бабында көрсетілмеген өзге де ұйымдастырушылық-құқықтық үлгідегі ұйымдар және Қазақстан Республикасының аумағында қызмет етіп жүрген шетелдік және халықаралық ҮЕҰ-ның филиалдары мен өкілдіктері жыл сайын наурыз айының    31-не дейін өздерінің жұмыстары туралы мәліметтерді Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жеткізуі тиіс.
Одан кейінгі қажетті құжат – 2016 жылдың         19 ақпанында №51 бұйрықпен бекітілген үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметі туралы мәліметтер ұсыну және олар туралы Деректер базасын құру туралы Ереже. Бұл Ережелерде мәліметтер жинастырудың тәртібі мен есептік үлгі толтырудың жолы мұқият түсіндірілген.
Үшінші – үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметі жайындағы мәліметтерді жеткізу және олар туралы Деректер базасын қалыптастыру тәртібіне арналған методикалық сипаттама және ҮЕҰ Деректер базасы туралы жадынама.
ҮЕҰ деректер Базасын қалыптастыруды реттеуге қажетті нормативті-құқықтық база, сондай-ақ, қосымша құжаттар Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің сайтында «Үкіметтік емес ұйымдардың Деректер базасы» атты арнайы айдар аясында орналастырылған. Қажет еткен адам мына сілтеме арқылы таба алады: http://www.din.gov.kz/rus/baza_npo.
Тағы бір айта кететін нәрсе, ҮЕҰ-ның мемлекеттің арнайы уәкілетті органдары – салық қызметі, статистика, әділет саласының алдындағы есебінің жүргізіліп келе жатқанына, міне, 16 жыл толып отыр. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңның 41-бабы осы бағытты қарастырған.
ҮЕҰ-ның есептілігі туралы қағида бүгінгі күннің талабынан туындап отырғаны белгілі. Өйткені, дамудың нақты жолына түскен мемлекет үшін барлық саладағы ортақ мақсат пен міндет, мінсіз тәртіп пен есеп басты қажеттілік. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңына 2015 жылғы 2 желтоқсанында енгізілген өзгертулер аясында есептіліктің үлгісі нақтыланып, коммерциялық емес ұйымдар жөніндегі заңнаманың бұзылуына қатысты жауапкершілік қарастырылды.
Қысқасын айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың Деректер базасы – бұл Қазақстан Республикасындағы ҮЕҰ-ның жобалық қызметі туралы мәліметтер орналастыруға бағытталған салалық ақпараттық қор саналады.
– Деректер базасын электронды үлгіге ауыстыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? Және infonpo.kz сайтына тіркелген ҮЕҰ қандай басымдықтарға ие бола алады?
– Биылғы наурыздың 1-нен бастап ҮЕҰ Деректер базасының интернет-порталы іске қосылды. Оның бүкіләлемдік интернет желісіндегі мекенжайы: http://infonpo.kz/. Енді осы электронды портал арқылы ҮЕҰ-лар өздерінің қызметі туралы мәліметтерді өздері толтырып, өздігінен сала алады. Сайтқа тіркелу үшін кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығынан берілетін электронды сандық қолтаңба кілтін алу керек. Сондай-ақ, сайтта infonpo.kz интернет-порталын пайдаланушыға арналған нұсқаулық және тіркеу рәсімдері мен ҮЕҰ Деректер базасына мәліметтер жүктеуді үйрететін бейнеролик орналастырылған. Менің ойымша осы ақпараттардың бәрі де түсінікті әрі қарапайым тілмен берілген, бұл ұйымдардың сайтпен жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді.
Қазіргі кезде министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ақпараттық-ресурстық орталықтардың қатысуымен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Кодексінің 489-1 бабының аясында көрсетілген ҮЕҰ Деректер базасын құру жөніндегі заңнамалық шарттарды сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде.
Осыған орай ҮЕҰ-дың назарын Деректер базасын құрудың маңыздылығына тағы бір аудартқым келеді. Кез келген тетіктің тиімділігі тек тәжірибеде ғана тексеріледі. Сондықтан Деректер базасы сияқты жаңа үлгіні сынақтан өткізуге бірлесе қатысуымыз керек. Сонда ғана ҮЕҰ-ға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдаулар жүйесін одан ары жетілдіре түсеміз. Оның қатарында белгілі бір деңгейдегі жеңілдіктер енгізу, үкіметтік емес саладағы бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру сынды аса маңызды мәселелер бар.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Деректер базасына тіркелу әрбір ҮЕҰ-ға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс байқауынан өтер кезде қосымша балл беретіндігін ескерткім келеді. Оның үстіне, infonpo.kz сайтына тіркелу ҮЕҰ-ға гранттар конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Ал Деректер базасына тіркелмеген ҮЕҰ-лардың мемлекеттен берілетін гранттық қаржыландыруға қатысуға құқығы жоқ. Осының бәрі халықтың игілігі үшін екендігін ұғынатын уақыт жетті.
– Уақыт бөліп, арнайы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Мәди Алжанбай