Қытай инвесторларымен кездесті

Уақыты: 30.03.2017
Оқылды: 1158
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов Қытай Халық Республикасы Бас консулдығының Алматы қаласындағы сауда жөніндегі Консулы және «Beijinq Lonhua Yang Guang Investment Co. Ltd» компаниясы мен «Лунянь Жетісу»  ЖШС өкілдерімен кездесті. Ресми түрде өткен басқосуда «НТК Лунюань» Қытай және «Дос Жетісу» ЖШС – Қазақстан компанияларының бірлесуімен жүзеге асырылатын жоба жайында сөз өрбіді.

Алдымен Амандық Ғаббасұлы ресми қонақтарға Алматы облысының ел экономикасын дамыту бағытындағы зор мүмкіндіктері жайында жан-жақты айтып берді.
– Жер жаннаты атанған Жетісу өлкесіне қош келдіңіздер! Біріншіден, инвестиция тарту бағытында Елбасы тапсырмасының жүзеге асырылуына үлкен үлес қосып жүрген «Лунянь Жетісу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Болат Әбіловке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Бізде де қазір көптеген кәсіпорындар ашылып жатыр. Біз былтыр Шынжаң Ұйғыр автономиялық ауданына барып, басшылармен және ірі кәсіпкерлермен жүздесіп, бизнес форум өткізген болатынбыз. Облысымыз Қытай елімен шекаралас жатыр. Жетісу – Ұлы Жібек жолының Шығысқа шығатын басты қақпасы. «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы, Алтынкөл стансысы ел экономикасын өркендетудегі қуатты жаңа нүктелер болып табылады. Олар тек біздің облыстың ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның экономикасын дамытуға әсер етеді. Барлығы 224 мың шақырымды алып жатқан өңіріміз елдегі ірі аймақтың бірі саналады. Бұл Елбасының туған өлкесі. Өңіріміз аграрлы аймақ. Ауылшаруашылығы саласымен айналысуға өте қолайлы. Жалпы республика бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің он алты пайыздан астамы Алматы облысында өндіріледі. Өңірімізде мүйізді ірі қара да, ұсақ мал да жетеді. Бізге заманға лайықты жаңа технология бойынша өнімді терең өңдейтін кәсіпорындар керек. Біз Сіздермен осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деді облыс басшысы. 
Бұдан соң Болат Мұқашұлы жаңа салынатын кәсіпорын жайлы қысқаша мәлімет беріп, облыс басшысының жылы ілтипатына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ ол аталған жобаның алғашқы кезеңінде 15 млн. АҚШ доллоры көлемінде инвестиция тартылатынын, ал кластер толық іске қосылғанда инвестиция көлемі 80-100 млн. АҚШ доллорына жететінін айтып өтті. Келесі сөз кезегі  «НТК Лунюань» компаниясының бас директоры Ян Гуанға берілді.
– Көрсетіп жатқан қолдауларыңыз үшін үлкен рахметімді айтқым келеді. Біраз уақыттан бері ауылшаруашылығы бойынша  сараптама жүргізіп, нәтижесінде Алматы облысының аталған жобаны жүзеге асыруға қолайлы аймақ екендігіне көз жеткіздік. Сол себепті ет комбинатын осы өңірге салуды жөн санадық. Бұл жобаны жүзеге асыруға сіздердің тараптарыңыздан да көп көмек көрсетілуде. Егер осы кәсіпорынды өсіп тұрған ағашқа теңесек, сол талды суаратын су табылды деп есептейміз. Аталған жоба ойдағыдай іске асатын болса Талдықорған қаласы экономикасының өркендеуіне  айтарлықтай оң әсерін тигізеді деп білеміз. Ол үшін жұмыс істеп, біраз тер төгу керек. Жобамыздың ауқымы кең. «Лунянь Жетісу» ЖШС-нің ауылшаруашылығы  кластерлік тізбегін қалыптастыру бағытындағы жоба-жоспарларымыз көп. Олар май, құрама жем, органикалық тыңайтқыштар зауыты, бордақылау алаңы, асыл тұқымды құс фабрикасы болып табылады. Жалпы, бұл жобалар Алматы облысында жүзеге асырылады. Ал ет комбинатына заман талабына сай жаңа құрылғылар орнатылады. Кәсіпорында өндірілген өнімдер сапалы әрі табиғи жағынан таза болады. Сондықтан сіздерге инвесторларға жасап жатқан жақсы жағдайларыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Біз де сіздердің қоғамдарыңыздың жақсаруына өз үлесімізді қосатын боламыз. Сондай-ақ, ауыл-аймақтарға балабақша да салу ойымызда бар, – деді ол. 
Жылы жүздесуден соң Амандық Ғаббасұлы осы бағыт бойынша барлық жағынан қолдау көрсетілетінін алға тартты. Себебі, өндіріс орындарының көптеп ашылуы салық түсімінің молаюына және елдің тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына мүмкіндік тудыратынын сөз етті. Сондай-ақ, өңір басшысы тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт салынса, бой көтеретін жаңа өндіріс орындарының құрылысына өзіміздің отандық бұйымдар қолданылса деген тілегін жеткізді. 
Жылы жүздесуден кейін ресми қонақтар «Шығыс» шағынауданындағы Индустриалды аймаққа барып, аталған өндіріс ошағындағы құрылыс жұмыстары жүретін орынды көрді. Сонымен бірге жаңа салынатын ет өңдеу комбинатының іргетасы қаланды. Бұдан соң салтанатты жағдайда екіжақты меморандумға қол қойылды. 
Айта кетейік, аталған жобаның жалпы ауданы 25 гектар, соның 5 гектары ет комбинатына, қалғаны мал бордақылау алаңына арналған. Бұл жоба ірі қара мал өсіріп, халал стандарттарына сай сапалы ет өнімдерінің барлық түрін дайындайтын кешенді өндіріс ошағы болмақ. Жоба ауылшаруашылығын индустрияландыруға, мал шаруашылығының дамуына және шаруалардың тұрақты табыс табуына ықпал етпек. Жобаның құрылысы наурыз айының соңынан басталып, бірінші қыркүйекке дейін жалғаспақ. Барлығы үш мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы жылына он мың бас ірі қараны ет комбинатына дайындап, өткізеді. Мал сою және технологиялық желілері жылына елу мың бас ірі қараны союға есептелген.

Айгүл Байбосынова