Жаңа міндеттер жүктелді

Уақыты: 30.03.2017
Оқылды: 1243
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР Алакөл ауданының әлеуметтік саласымен танысты. Өңірдегі жөндеуді қажет ететін бірқатар нысандарды аралап, жай-күйіне қанықты.

Бірінші кезекте Үшарал қаласының Зейнеп Қойшыбаева атындағы Мәдениет үйіндегі кітапханаға бас сұқты. 76 мың кітап қоры бар кітапxанаға айына тек 63 адам келетін көрінеді. «Оқырмандарды тек кітаппен емес, сауда-саттық, туризм секілді салаларға қатысты республикалық, шетелдік түрлі журнал, аудио, бейнематериалдармен және деректі фильмдермен қамтуға тиіссіздер», – деді Жақсылық Мұқашұлы. Сондай-ақ, ол кітапхана ұжымына оқырман санын арттыруды тапсырды. 
Мәдениет үйінің ғимаратында Алакөл ауданының әлеуметтік саласына жауапты басқарма басшылары атқарған жұмыстары мен жобаларын ұсынды. Аудандағы 15288 жастың 224-і жұмыссыз жүр. Олардың қатысуымен 2016 жылы 124 қылмыс тіркелген. Сондықтан ең алдымен жұмыссыздықты жою керектігі тілге тиек етілді. 
Жалпы өңірдегі 12439 оқушының 7%-ы ғана қосымша біліммен қамтылған. Қосымша біліммен қамту мақсатында Үшарал қалалық шығармашылық орталығында 548 бала жаттығады, жыл сайын олардың саны артып келеді. Сол себепті нысан таршылық етуде. Басшылық аудандық орталық ауруxана жұмысымен танысып, Алакөл гуманитарлық-теxникалық колледжіне де бас сұқты. 500 орынды білім ордасында қазіргі таңда 243 студент оқуда. Күрделі жөндеуді қажет ететін колледж ұжымына білімгер санын арттыру керектігі айтылды. «Былтыр 90 студент оқуын бітірсе, қазір соның жартысы жұмыссыз жүр», – деген облыс әкімінің орынбасары жастар арасындағы қылмыстың көбіне жұмыссыздық салдарынан жасалатынын ескертті. 
Облыс бойынша Алакөл ауданы ҰБТ-дан орта есеппен 74,1% балл жинап, соңғы орындарда келеді. Білім сапасы – 54,5%. Алакөл аудандық білім бөлімі басшыларының назарына білім сапасын арттырып, үш тілді оқу жүйесін дамыту керектігі салынды. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 91,2 пайыз, бұл жақсы көрсеткіш. 
– «Мектеп жанынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап интернат ашсақ, олар сау балалармен қатар білім алатын болады. Сонда өзгелерден өздерін төмен сезінбей, қоғамға оңай бейімделеді» деген мәселе бойынша ата-аналардың ойын біліңіздер, қолдап жатса, нұр үстіне нұр болмақ, – дей келе Жақсылық Омар үйде отырған мүгедек балаларға назар аудару керектігін айтты. 
Іссапар соңындағы актив жиынында ауданға 15  дәрігер мен 29 мұғалімнің жетіспейтіндігі атап өтілді. Сондықтан аудан әкімі Әлібек Жақанбаевқа жыл соңына дейін жетіспей жатқан мамандарды іздестіру тапсырмасы жүктелді. 

Мәулен Әнербай
Алакөл ауданы.