ЖУРНАЛИСТЕР ОН ТӨРТ БАЛАСЫ БАР ӘЙЕЛДІҢ ҮЙІНЕ БАРЫП ҚАЙТТЫ

Уақыты: 14.04.2021
Оқылды: 895
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Жетісу медиа» мекемесі баспасөз-турын ұйымдастырды. Аталған шарада тілшілер Сарыөзек ауылындағы тыныс-тіршілікті көріп қайтты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Журналистер алдымен Сарыөзек ауылында тұратын алтын құрсақты ана Гүлназ Жеңісбайқызының үйіне барды. Көпбалалы келіншек жақында ғана босанып, он төртінші сәбиін дүниеге әкеліпті. Осындай қуанышқа куә болған біз Батыр анамен тілдесіп, отағасымен таныстық.

Біз барған сәтте үй ауласында ойнап жүрген балалар алдымыздан жүгіріп шықты. Олардың балдай тәтті тілдері былдырлап, алыстан ат терлетіп жеткен тілшілердің көңілін бірден өздеріне аударды. Байқағанымыздай, балалардың жас аралықтары жақын. Үйге кіріп, жаңа туған сәбиді көрдік. Өмір есігін жаңа ашқан нәресте еш алаңсыз пысылдап ұйықтап жатыр.

Анасы журналистермен әңгімелесіп, отбасы жайлы қысқаша айтып берді. Жолдасы Сәрсенбай Садуақасовпен шаңырақ көтергендеріне жиырма жеті жыл болыпты. Содан бері тату-тәтті өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешуде. Бүгінде олардың он қыз, төрт ұлы бар. Қырық жастан енді асса да екі қызын қияға қондырып, олардан үш немере сүйіп отыр. Батыр ана әсіресе қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Оларға бар көрген, білгенін үйретіп, әрқашан қолдау көрсетеді.

Ал отағасы машинист, механик, дәнекерлеуші сияқты кәсіптерді меңгеріпті. Барға қанағат, жоққа сабыр. Бұл Сәрсенбай ағаның ұстанымы. Көпбалалы әке ұл-қыздарын өзінің еңбекқорлығының арқасында бағып-қағып, жеткізіп келеді. Ол: «Әр баланың өз несібесі бар», – дейді.

Берекелі отбасы қазіргі тұрып жатқан үйлеріне алдыңғы жылы қол жеткізіпті. Екі қабатты үй ішіне газ, су тартылған. Ал бұған дейін Қаспан ауылында шағын үйде тұрып келген.

Бақытты отбасындағы әр баланың қабілеті әртүрлі. Бірі өнерге, енді бірі спортқа әуес. Мәселен, Айжан еркін күрестен ел чемпионы. Қазір ережесіз жекпе-жек бойынша шетелдік ареналарда топ жарып жүр. Спортшы қыз алдағы уақытта осы сала бойынша үлкен жетістіктерге жетіп, биік шыңдарды бағындыруды мақсат тұтады. Ұлдары Ұлан қызметте. Мұғалім болып жұмыс істейтін қыздары да бар. Осылайша, әрқайсысы өздерінің сүйікті істерімен айналысады.

Көпке үлгі болар отбасының ендігі арманы – балаларына тәлімді тәрбие беріп, ұрпақтарының саналы болып қалыптасуына ықпал ету. Гүлназ апта сайын нан ашытады. Он бөлке нан пісіреді. Себебі, көпбалалы отбасыға тоқаш сатып алу тиімсіз. Құнары да жоқ. Сондықтан, күніге екі уақыт бір-бір қазан тамақ пісіреді. Үйреншікті шаруасы.

– Бұл түк те қиын емес. Бала – өмірдің мәні, сәні. Одан бас тартуға мүлде болмайды. Үй шаруасына үлкен ұл-қыздарым көмектеседі. Денсаулығым жараса, туудан еш қашпаймын. Әке-шешем де көпбалалы болған. Қалай десек те нәрестені тоғыз ай көтеріп, өмірге әкелу оңай емес. Оған үлкен қайраттылық пен психологиялық мықтылық қажет. Балалы болу бір бақыт, көпбалалы болу одан да үлкен бақыт», – дейді Гүлназ.

Осындай алтын құрсақты аналар бүгінде барлық қыз-келіншектерге үлгі-өнеге. Аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, мектеп қабырғасындағы бес бала оқу құралдары, спорттық киім, мектеп формасымен толық қамтамасыз етілген. Үшеуі балабақша жасында. Онлайн оқуларына қажетті ноутбук те мектептен беріліпті. Бүгінде ауданда 451 «Алтын алқа», 557 «Күміс алқа» иегерлері, 1395 көпбалалы ана бар. Олардың ішінде І тоқсан бойынша 229 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Сарыөзек аулында жаңадан бой көтеріп жатқан елу орынды өнер мектебінің құрылысын да көріп қайттық. Біз барған сәтте ғимарат алаңында қызу жұмыс жүріп жатты. Бұл жердегі тірлік жайында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Асхат Жанатұлы баяндап берді. Оның сөзінше, бүгінде құрылыс жұмыстарының сексен пайызы аяқталған. Нысан құрылысы өткен жылы мамыр айының ортасында басталып, биылғы мамырдың соңында тамамдалады деп күтіліп отыр. Жоспарға сәйкес қазір абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс алаңында отыз шақты адам еңбек етуде.

Алдағы уақытта мамандандырылған өнер мектебінде балалар домбыра, қобыз, фортепьяно, баян сияқты музыкалық аспаптарды үйренетін болады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған акт залы, хореография, ансамбль, хор және музыкалық-теориялық сабақтарға арналған сыныптар жұмыс істейді. Мұғалімдер мен медицина қызметкеріне арналған бөлмелер, оқушылардың жуынатын жері, музыкалық аспаптар сақтайтын орын бар. Оқушылар сондай-ақ, сурет салуды да меңгереді. Ғимараттың айналасы абаттандырылып, көгалдандырылады. Жылу мен жарық жүйелері жүргізіліп, су тартылады. Бір сөзбен айтқанда, заман талабына сай салынып жатқан нысанда өнерлі ауыл балаларының шығармашылықпен айналысып, талаптарын шыңдауға қажетті жағдайдың бәрі қарастырылмақ.

Сарыөзек ауылында оң шешімін күткен проблемалардың бірі – ауызсу. Бұл мәселенің қазір біртіндеп түйіні тарқатылып жатыр. Осыны білу үшін Суханбаев көшесінің біраз тұрғынын сөзге тарттық.

– Жасыратыны жоқ, біз қыс бойы судан қиналдық. Үлкен ыдыстармен тасып іштік. Осы мәселе бойынша салаға жауаптыларға талай рет жүгіндік те. Нәтижесі жаман емес. Жағдай тұрақталып, бір айға жуықтады, суға қол жеткіздік. Сондықтан, осы проблеманы шешіп беруге атсалысып, сөзімізге құлақ асқан мамандарға алғыс айтамыз, – дейді ауыл тұрғыны Салтанат Қадырова.

Осыған байланысты аудандық «Су құбыры» МКК басшысы Азамат Әуесханұлымен де тілдестік. Сөйтіп, Сарыөзек ауылындағы жаңа шағын ауданның жоғары жағынан орын тепкен жаңа су резервуарының қасына келдік. Сұрап білгеніміздей, маманның бұл қызметке келгеніне небәрі үш ай болыпты. Содан бастап суға қатысты проблемалардың түйінін тарқатуға белсене кіріскен.

Азамат Әуесханұлы, «Су құбыры» МКК басшысы:

– Бүгінде Сарыөзектегі су жүретін құбырлар тозды. Ауыл үлкейген сайын ескірген резервуардан су жетпейді. Осыған байланысты былтыр жаңасы салынды. Оны осы айда іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал ескісі кез келген уақытта жарылуы мүмкін. Оны қайта жасау үшін суды біраз күнге тоқтатуға тура келеді. Сол аралықта тұрғындар сусыз қалады. Осындай кедергілерге тап болмас үшін олар өздерінің қалтасынан қаражат шығарып, техникалық шарттарға сәйкес су жүйелерін жаңа құбырға жалғау керек. Сонда ғана су бойынша проблема болмайды деп сенеміз. Халық осыны дұрыс түсінсе екен. Бүгінде тұрғындардың елу пайызы ескі құбырмен отыр. Биыл осы бойынша жұмыс жүргізетін боламыз, - деді.

Айта кетейік, аудан бойынша 63 елді мекеннің 59-ы орталықтандырылған, қалғаны орталықтандырылмаған су құбыры желілерін пайдаланады. Биыл Сарыөзек, Аралтөбе (Басши ауылдық округі), Талдыбұлақ ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аталған ауылдар бойынша республикалық және облыстық бюджетке қаражат бөлу бойынша 2 млрд.119 млн.398 мың теңге бюджеттік өтінім берілді.

Қарымсақ және Қосағаш ауылдарына сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама даярлау үшін облыстық бюджеттен 10000,0 мың теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу байқауы жүргізілуде. Қарашоқы ауылының жобалау-сметалық құжаттамасы да әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмысы жүруде.

Шилісу (Сарыбұлақ ауылдық округі), Шаған (Қоғалы ауылдық округі) ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерінің дайын жобалау-сметалық құжаттамаларына мемлекеттік сараптамадан өткізуге бюджеттен қаражат сұралса, Қазынсу, Тастыөзек, Ақбастау ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерін салуға жобалау-сметалық құжаттамаларын даярлау үшін облыстық бюджеттен 30 млн. 038 мың теңге қаражатқа бюджеттік өтінім берілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы