ШЕҢГЕЛДІДЕ СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ҚАРСЫ СЕРВИСТІК ӘКІМДІК ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 16.04.2021
Оқылды: 1416
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – баршаға ортақ міндет екендігін атап өткен еді. Осы мақсатта  Шеңгелді ауылдық округінде халыққа бір жерден электронды негізде қызмет көрсететін сервистік әкімдік ашылды. Оған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс ТҰЯҚОВ, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос ЖҰМАБАЕВ қатысты.

Орталықта халық пен мемлекеттік қызметкер арасында ашықтық, қоғамдық диалог, көптің мұң-мұқтажына жедел көмек көрсету принципі негізінде жедел қызмет жүзеге асырылмақшы.

Жиналғандар алдында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов облыста осындай 20 сервистік орталықтың ашылғандығын айтты. Оның сөзінше, халыққа көрсетілетін 170 мемлекеттік қызметтің бүгінде 153-і электронды негізге көшірілген.

Жеңіс Шылбынұлы сервистік орталыққа мүгедектер арбасымен кіретіндер үшін жасалған пандус пен шақыру қоңырауының сапасына көңіл бөлді. Сервистік әкімдікте жер қатынастары, сәулет, ТКШ және тұрғын үй инспекциясы, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналастыру, білім беру, құжаттарды қабылдау және беру мәселелеріне жауапты мамандар қызмет етеді.

Орталықтың салтанатты ашылуында Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев аталмыш округ бойынша Шеңгелді, Кербұлақ, Сарыбұлақ, Қосқұдық, Ақөзек ауылдарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары бар екенін айтты. Ол болашақта құжат рәсімдеу мәселесін бұдан да кеңейте түсетіндерін жеткізді.

Шарада Қапшағай қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Бесбаев сөйлеп, Қапшағай мен Шеңгелдінің арасы 47 шақырым екеніне тоқталып, елді мекеннен сервистік орталықты ашудың тиімділігіне тоқталды.

Сервистік орталық мамандары бірден жұмысқа кірісіп кетті. Келушілер жұмыстың жылдам, кедергісіз жасалып жатқанына ризашылықтарын білдірді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Қапшағай қаласы