МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІ: АЛТЫН ҰЯДАН ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Уақыты: 19.06.2021
Оқылды: 1245
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ел бойынша барлық орта және негізгі білім беретін оқу орындарында  мектеп бітіру кеші өтуде.  Биылғы оқу жылында сабақ негізінен онлайн форматта оқытылды. Жаңа үлгіде сабақ өткізуге бейімделген ұстаздар оқушылардың сабақ үлгерімін төмендетпеу үшін барын салды. 

Талдықорған қаласындағы  Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясында  2020-2021 оқу жылында барлығы 1610  оқушы білім алды.  Мектеп бітіру кешінде 44 оқушыға  аттестат табысталды. Мектеп директоры  Самғат Долаев  түлектерді  үлкен өмірге қадам басуымен құттықтап, балаларға зор үміт артып, елдің өркендеуіне үлес қосатын бір-бір маман болып шығатынына сенім білдірді.  Білім шаңырағының 11 «Б»  сынып оқушысы Кәмилә Жаманқұлова «Алтын белгі» белгісін кеудесіне тақты.  Үздік аттестатты Ульяна Самойлова мен  Юн Диана  иеленді.
Жалпы мектептегі оқу озаты – 294, оқу екпіндісі – 689.   Бұл дегеніңіз білім шаңырағында дәріс алып жатқан  оқушылардың  әрбір екіншісі  оқу озаты мен екпіндісі. Аталмыш оқу орны биылғы оқу жылын 64,5 пайыз көрсеткішпен аяқтады.  Соңғы жылдары  мектепте күрделі жөндеу жүргізілгендіктен  оқушылар мен ұстаздар бірнеше мектепте  сабақ өткізіп, жұмыс істеуіне тура келді.   Солай оқытқанның өзінде  мұғалімдер балаларды пән олимпиадалары, мүшәйра,  ғылыми жоба, әртүрлі білім бәсекелеріне қатыстыруда.   Оқушылар қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда алдыңғы орындардан көрінуде.  Салтанатты шара барысында оқушылар да білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыс айтып, еңбектерін ақтайтындарын жеткізді. 

Гүлжан Мұқашқызы