ОҢТҮСТІКТЕН СОЛТҮСТІККЕ КӨШЕТІН ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ?

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1686
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Жетісу медиа» ақпараттық алаңында «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» – «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Алғашқы болып сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Айгерім Серікқызы аталмыш жобаның 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын, оның мақсаты – халық көп шоғырланған оңтүстік өңірлердің жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс, шығыс және солтүстік аймақтарда білім алуына жағдай жасап, кейін сол жерлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігін жасау болып табылатынан атап өтті.

Жобаға педагогикалық, техникалық, ауылшаруашылық мамандықтары бойынша ҰБТ немесе КТ-ден кемінде 50-75 және одан да жоғары балл жинаған жастар қатыса алады.

Бүгінге дейін облыс бойынша 9112 жас жоба қатысушысы атанып, 1424 білімгер оқуды аяқтаған.

Баспасөз мәслихаты барысында Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аға оқытушысы Төлеуғазы Мүрсәлімов сөз сөйлеп, «Серпін» бағдарламасы жастар үшін мол мүмкіндік ашатынын, бірінші кезекте ҰБТ-дан 50-60 балл жинаған түлектердің тегін оқумен қамтылып, онымен қатар оқу бітірген соң жұмысқа да орналасатынын жеткізді.

Ескелді ауданындағы Абай атындағы орта мектептің түлегі Шынар Болатқызына да сөз беріліп, «Серпін» бағдарламасы бойынша Шәкәрім атындағы университетте сапалы білім алып, оқуын үздік тамамдағанын, аталмыш жобаның ауыл жастары үшін тиімділігі зор екендігімен бөлісті.

Баспасөз мәслихатында журналистер қауымы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Бүгінгі таңда, дәлірек айтсақ, шілденің 16-сы мен 25-сі аралығында «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» – «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ғимаратында жобаға қатысушы жоғары оқу орындарының өкілдері мемлекеттік білім беру гранттары бойынша ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеуде. Құжаттар қабылдау онлайн «ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТ» EGOV.KZ порталы арқылы жүзеге асырылады.

Конкурс қорытындысы тамыз айының 1-10 күндері аралығында республикалық газеттерде немесе әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы