ҚЫМБАТТАМАҒАН НЕ ҚАЛДЫ? БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕЛІП ЖАТЫР?

Уақыты: 13.11.2021
Оқылды: 1094
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу бойынша ауқымды және мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта әртүрлі тиімді шаралар мен тетіктер қолданылады. Атқарылып жатқан іс-шаралар өз нәтижесін көрсетуде. Осындай маңызды істе «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Бақтияр СЕМБЕКОВ қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы әңгімелеп берді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жақында өткен селекторлық кеңесте инфляциялық өсімге және азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуіне жол берілмейтінін атап өткен болатын. Ал мұндай келеңсіз үрдістер республикада орын алып отыр. Бұл барлық ішкі саяси ахуалға және азаматтардың әл-ауқатына өз әсерін тигізеді.

Бақтияр Сембековтің айтуынша, республика бойынша биыл көкөністер мен жеміс-жидектер орта есеппен 10-10,5 пайызға қымбаттаған. Өңірлерде май мен еттің бағасы екі есеге өскен. Дегенмен, біздің облыста азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын құру тәжірибесі бұрыннан бар.

Бұл мәселемен «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамының мамандары тікелей айналысады. Аймақтың жетекші ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін 1 пайыз жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бар. Бүгінгі таңда облыс бойынша шаруалар 3,7 млрд.теңге сомаға тиімді қарыз алды. Бұл қаражатты ауыл тұрғындары табысты әрі тиімді игерген. Қаражат маңызды шарт бойынша, яғни, өсірілген жеміс-жидек, көкөніс өнімдері белгіленген мөлшерде сатылатынына кепіл ретінде беріледі.

Облыс бойынша жеті мың тоннадан астам көкөніс қоры бар. Ең ірі жеміс-жидек, көкөніс қоймалары Талдықорған мен Қапшағай қалаларында және Ескелді, Панфилов аудандарында жұмыс істейді. Барлығы он бестен асады. Сондай-ақ, Бақтияр Сембеков «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамының биыл өз тауарларын сатуға жеткізетін ірі жергілікті ауылшаруашылығы бірлестіктерімен жиырмадан аса жеңілдікті несие беру шарттары жасалғанын және олардың нақты нәтижеге қол жеткізетінін айтты.

Мәселен, облыс орталығының маңында жұмыс істеп тұрған «Жалайыр» шаруа қожалығы алынған ақшаның көмегімен осы маусымда он гектардан астам жерге сәбіз отырғызды. Өнім шаруаларды қуантып, төрт жүз тоннадан аса өнім жиналды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Келесі маусымда ол одан да мол өнім алуға уәде берді. Қазір барлық сәбіз жергілікті қоймада.

Биылдың қараша айынан бастап, келесі жылдың мамыр айына дейін бірқатар Жетісу шаруа қожалықтарының ауылшаруашылығы өнімдері тұрақтандыру қоры желісі бойынша бөлшек сауда желісіне жеткізілмек. Баға тұрақты болады. Картоптың келісі –170 теңге, ал пияз – 120 теңге. Бұл азық-түлік өнімдері облыстық «Жерұйық» орталығының коммуналдық базарында сатылуда.

Бақтияр Сембековтың сөзінше, таяуда «Тоimart» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сату мәселесі шешімін таппақ. Облыс бойынша осындай он екі сауда нүктесі бар. Аудандардағы басқа да әлеуметтік бағдарланған дүкендер жұмысқа қосылады. Бұл бағыттағы жұмыс жандандырылатын болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды