АУЫЗСУҒА ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 219
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алакөл ауданы Бибақан ауылында орталықтандырылған су жүйесі іске қосылды. Бұған дейін ауыл тұрғындары суды аулаларына орнатқан құдықтан, тұмадан алып келген.


Аудан әкімдігінің мәліметінше, 160 тұрғыны бар Бибақан ауылында ауызсу жүйесі болмаған. Су жүйесінің құрылысына бюджеттен 245 млн. теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталды. «Алакөл Асыл Құрылыс» ЖШС жүргізген құрылыс жұмысы барысында екі ұңғыма бұрғыланып, ұзындығы 6 шақырымды құрайтын су жүйесі тартылып, аумағы 18 текше метрді құрайтын 6 өрт сөндіру резервуары қарастырылған.

Аудан бойынша 56 елді мекеннің 47-сі ауызсумен қамтылған. Биыл Көктұма, Теректі, Тоқжайлау, Екпінді ауылдарында ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызға жетпек. Ауызсудың әрбір аула үшін қолжетімді болғанына тұрғындар дән риза.

 – Бұрын-соңды ауылымызда орталықтандырылған ауызсу жүйесі болмаған. Суды тұмадан таситынбыз. Ол жаз айында бақша суарсақ таусылып қалады. Сондықтан үнемдеп қолдануға мәжбүр болдық. Ауылға таза су келіп, қуанып жатырмыз. Тұрмыстық жағ- дайымыздың түзелгені қандай жақсы, – дейді ауыл тұрғыны Қапиза Хамитова. 

Айта кетейік, облыс бойынша 358 елді мекеннің 325-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Бұл 90,7%-ды көрсетіп отыр, ал   2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 92,4%-ға жетеді деп жоспарланған.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ