БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ: БҰЛ НЕ?

Уақыты: 17.01.2019
Оқылды: 1362
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем іске қосылды. Ескеретін дүние, бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) жеке кәсіпкерлерден гөрі табысы төмен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қарапайым адамдарға әлдеқайда тиімді.

БЖТ төлеушілердің санатына кәсіпкерлік қызметпен шұғылданатын, қызметкерлердің еңбегін өз мақсатына пайдаланбайтын тұлғалар ғана кіре алады. БЖТ жеке тұлғаларға қызмет көрсету, жеке өндіріс орындарының ауылшаруашылығы өнімдерін сату жұмыстарына ғана қолданылады.

Бірыңғай жиынтық төлемнің айға шаққандағы мөлшері мынадай: 1 айлық есептік көрсеткіш – Астанада және республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін 2,525 теңге; 0,5 айлық есептік көрсеткіш – басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін 1 263 теңге. БЖТ жалпы төлемдердің төрт түріне, атап айтқанда, жеке табыс салығына 10 пайызы; әлеуметтік аударымдарға 20 пайызы; міндетті зейнетақы жарналарына 30 пайызы; міндетті әлеуметтік сақтандыруға 40 пайызы жіберіледі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Алматы облыстық филиалы директоры Сәбит Райымбекұлы Құралбектің айтуынша, БЖТ төлеу үшін салық органдарына тіркелудің қажеті жоқ. «Жеке куәлігіңіз болса және бірыңғай жиынтық төлемнің тиісті қаржысын төлесеңіз жеткілікті», – дейді қор басшысы. Бірыңғай жиынтық төлемнің белгіленген сомасы кіріс мөлшеріне байланысты емес және қосымша есептеулерді талап етпейді. Зейнет жасына жеткен адамдар үшін төлемнің барлық сомасы жеке табыс салығы ретінде есептеледі, сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерге бөлу жұмысы жүргізілмейді.

Бірыңғай жиынтық төлемге қаржы салу кезінде қате төлеу жағдайы орын алып жатса, сізге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, төлем құжатының көшірмесін беруге ​​тура келеді. Сондай-ақ, БЖТ төлеушісі әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік сақтандырудың, БЖЗҚ-ның жарналары, жеке табыс салығы жайлы ақпараттарды алуға мүмкіндігі бар.

Ж. ҚАСЫМБЕКОВА,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім бастығы