ҮШ АУЫСЫМ БОЛМАЙДЫ

Уақыты: 21.01.2019
Оқылды: 988
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері білім беру саласы едәуір дамығанымен үшауысымды мектептер мәселесі толық шешілмей келе жатқаны жасырын емес. Бұл, әсіресе, сыртқы және ішкі миграция мен табиғи өсімнің салдарынан тұрғындар саны күн санап артып келе жатқан Қарасай ауданында айрықша сезілуде.

Облыс және аудан басшылары  бұл мәселені үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңа білім ошақтарын салумен бірге қызмет жасап тұрған мектептерді кеңейтіп, жапсаржайлар салу жұмысын жалғастырып келеді. 
– Бүгіндері Қарасай ауданында үшауысымды 11 мектеп бар, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаев. – Бүгінгі таңда төрт мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қаскелең қаласындағы С. Керімбеков атындағы орта мектептің 300 орынға арналған жапсаржайы аяқталуға жақын қалса, Абай ауылындағы орта мектепте 600 орынды, Көксай ауылындағы М. Мәметова атындағы орта мектепте 300 орынды, Шамалған ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте 600 орынды жапсаржай құрылысы қарқын алған. Бұлар үстіміздегі жылдың мамыр айына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмекші.
Сонымен қатар, тағы алты мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл жерде Бұлақты ауылында салынатын мектептің жер телімі аздаған қиындықтар тудырған болатын. Алайда, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың араласуымен үш гектар жерді сатып алу  жайлы келісімге келдік. Ал Әйтей ауылында 1200 оқушыға арналған үлкен мектеп 2019 жылы балаларға өз есігін айқара ашады деп күтілуде. Осы аталған білім шаңырақтары әлгінде айтқан үшауысымды мектеп мәселесін шешуге септігін тигізетін болады.
Мектептер құрылысымен бірге Қарасай ауданында екі бірдей дене шынықтыру және сауықтыру кешендері салынып жатқанын айта кету керек.  Олардың бірі Шамалған ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бағдарламасымен бой көтерген кешен болса, осындай тағы бір ғимараттың құрылысы Райымбек ауылында  бастау алған. «Қыстың көзі қырау» дегенімізбен, қарасайлық құрылысшылар белгіленген кестеден ауытқымай, тұрғындарға қуаныш сыйлау қамымен қызу еңбек етуде.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы