ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ҚАЛАЙ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ?

Уақыты: 15.08.2020
Оқылды: 1104
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Журналистер үйінде төтенше жағдай және карантиндік шаралар кезінде зейнетақы және жәрдемақылар тағайындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету барысын пысықтаған брифинг өтті. Онда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұмабек ДӘЛІБАЕВ есеп берді.

Оның айтуынша, биылғы І жартыжылдықта облыстық департамент зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау бойынша жасына байланысты зейнетақы төлемдері, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлемі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемі, бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын жәрдемақы, жерлеуге арналған біржолғы төлем сияқты санаттар бойынша 50741 мемлекеттік қызмет көрсеткен. 

Бұл қызметтер Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті арқылы Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 25 наурызындағы №109 «Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» және 2020 жылғы 17 сәуіріндегі №139 «Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрықтарымен бекітілген қағидаларға сәйкес «Электронды үкімет» веб-порталындағы «электронды өтініш» сервисі арқылы жолданған өтініш негізінде жүзеге асырылды.

Әлеуметтік төлемақы алатын кейбір тұлғалардың жұмысына төтенше жағдай ерекше қиындық тудырғаны белгілі. Десе де облыстық департамент төтенше жағдай кезінде қолданылу мерзімі өткен жекебасын куәландыратын құжаттарды ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда ескерген. Егер жасына байланысты зейнетақы төлемін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны, мемлекеттік арнайы жәрдемақыны, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзімде немесе төтенше жағдай уақытында туындаса, онда өтініш беруші төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін үш ай ішінде аталған төлемдерді тағайындауға қайталай өтініш беруге құқылы.

Биылғы жартыжылдықта облыс бойынша интернет-ресурс арқылы «электронды өтініш» негізінде 3708 азаматқа әртүрлі мемлекеттік жәрдемақы және зейнетақы төлемі тағайындалыпты. Сондай-ақ, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлемдерінің төлену мерзімі қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзім ішінде және төтенше жағдай уақытына тұспа-тұс келген адамдарға мүгедектіктің мерзімі төтенше жағдай орын алған кезеңде автоматты түрде ұзартылды. Яғни, карантин шараларына байланысты мүгедектік мерзімі аяқталуына жақындаған 3848 азаматтың мүгедектік мерзімі автоматты түрде 3 айға, яғни, қазан айына дейін ұзартылып төленуде.

Демек, төтенше жағдай кезінде де облыстағы зейнетақы және жәрдемақы төлеу қызметі өз деңгейінде жұмыс істеген.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды