"ІШІ КІРСЕҢ, ШЫҚҚЫСЫЗ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА 13 ҚАБАТТЫ СТУДЕНТТЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 02.09.2020
Оқылды: 1459
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы «Қаратал» шағынауданы тағы бір жаңа нысанмен толықты. Өңіріміздегі бірегей оқу орны – І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты Студенттер үйі қаланың көркіне көрік қосты. Сәулеттілігімен алыстан менмұндалап көз тартатын жаңа жатақхананың ашылу салтанатына құрылыс барысын қадағалап, қатаң назарда ұстаған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, жастар қуанышымен бөлісті.

– 2001 жылы Талдықорған облыс орталығы мәртебесіне ие болып, қаланы көтеру мақсатында осында көшіп келгенімізде құрылысы аяқталмай қалған бұл ғимарат бірден-ақ көзге түсті. Ұзақ уақыт бітпей тұрғандықтан ондағы құрылыс материалдары сапасының да нашарлай түскені анық. Құрылысты одан ары қарай жүргізу үшін сараптамадан өткізу қажет болды. Ретін тауып ғимаратты мемлекет меншігіне алып, сараптама жүргізіп, 2019 жылдан бастап құрылысты қайта жандандырдық. Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасына» сай студенттерге арналған жатақхана болсын деген шешімге келдік. Енді жетісулық жастар бүгінгі уақыт талабына сай салынған Студенттер үйіне орналасып, білім алатын болады, – деген Амандық Ғаббасұлы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевқа жаңа ғимарат кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыз ақ батасын берген соң ғимараттың лентасы қиылып, жиналған көпшілік жаңа нысанның ішін аралап көрді. Он үш қабатты үйде 96 жатын бөлме бар. Әр бөлмеге үш студенттен орналасады. 288 орынды жатақхананың бірінші қабатында  жастардың уақытын тиімді өткізуге арналған түрлі танымдық-спорттық бөлмелер, шағын кинотеатр, кафе, би алаңы орналасқан. Сондай-ақ, әр қабатта ас бөлме, кітапхана, компьютер бөлмесі, демалыс орындары бар.

Жатақхана алаңы да жастардың демалып, түрлі шара өткізіп, спортпен айналысуына  лайықталып жасалған.

- Мұндай керемет, барлық талапқа сай жатақханамыз болады деп кім ойлаған? Сыртқы келбетінің өзі айрықша ізденіспен жасалған. Іші кірсең, шыққысыз. Жастарға осындай мүмкіндік жасап жатқан ел ағаларына алғысымыз шексіз, – дейді Жетісу мемлекеттік университетінің 4-курс білімгері Мадина Тұрдаш.

Бүгінгі таңда Жетісу  университетінде 6 мыңға жуық жас білім алуда. Оқу орнына қарасты 525 орынды екі жатақхана бар. Жастар тарапынан бұған дейін жатақханалық 500 орынға сұраныс болған. Бүгін пайдалануға берілген Студенттер үйінің осы сұранысты өтейтініне шүбәміз жоқ.

Облысымызда жастарға жайлы жағдай жасалуда. Бұл жетісулық жалынды жастардың үлкен қалаларға білім қуып кетпей, өз жерінде мамандық алып, болашақта да осында еңбек етуіне мүмкіндік ашатын жарқын жол деп білеміз.

- Талдықорғанның байырғы тұрғыны ретінде 27 жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған осынау ғимаратқа қарап көңіліміз құлазитын еді. Бүгін, міне, көрсең көз тоятын Студенттер үйіне айналып жатқанына қуанып тұрмыз. Басқа облыста қалай екенін білмеймін, жетісулық жастар үшін бұл теңдесі жоқ сый деп ойлаймын. Осындай әсем жатақхананың игілігін көрген жастардың жақсы оқып, білім қуып, талай белесті бағындырарына кәміл сенеміз, - деді Алматы облыстық ардагер әжелер кеңесінің төрайымы Дина Нұрғалиева.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы