АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ ТАҒЫ ЕКІ ӘКІМДІК АШЫЛДЫ

Уақыты: 12.11.2020
Оқылды: 1169
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Екі күннің ішінде Алматы облысында екі сервистік әкімдік ашылып үлгерді. Кеген және Кербұлақ аудандарында қолданысқа берілген заманауи әкімдіктер халықтың қолжетімділігі мен ашықтықтығын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, жемқорлықтың алдын алу мақсатында құрылған.

Әкімдіктер «Жетісу - адалдық алаңы» жобасы аясында ашылған. Кегендегі және Кербұлақтағы орталықтардың салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Асқар Садықов пен өңір басшылығы қатысты.

Өткен жылы Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жариялап, билік пен қоғам арасын байланыстырушы көпір ретіндегі азаматтардың сұраныстарына шұғыл әрекет жасайтын мемлекеттік органдар құру қажет екендігін атап өткен еді.

Сервистік әкімдік мемлекеттік органдар жұмысының Open-space форматындағы тиімді үйлесімі, оның ажырамас бөлігі қызметкерлердің халыққа бағдарлануына және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға негізделген қызмет көрсетудің жоғары сапасы болып табылады.

Бұл жобаны іске асыру халыққа мемлекеттік қызметтерді қалалар мен аудандардың әр бұрышында орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ бір ғимаратта алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Кеген ауданың сервистік әкімдігінде 29, Кербұлақ ауданында 64 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында сервистік әкімдіктер жанынан "ЖЕТІСУ - АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ" кеңсесі жұмыс істейді.

Осылайша, Алматы облысындағы сервистік әкімдіктердің саны 18-ге жетті. Жыл соңына дейін облыстың барлық өңірін осындай ашық әкімдікпен қамтамасыз ету көзделген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"