БАЛА КҮТІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ: ОНЛАЙН РӘСІМДЕУ

Уақыты: 27.12.2020
Оқылды: 1049
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында жыл басынан бері бала тууына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны 50 мыңға жуық отбасы рәсімдеген. Бұл туралы "Жетісу" газеті Халыққа қызмет көрсету орталығына сілтеме жасап мәлімдеді.

Аймақтық бөлініске назар аударсақ, Қарасай аудаңында 14 мыңға жуық өтініш қабылданса, Еңбекшіқазақ пен Іледе 21 мыңнан астам өтініш түскен. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүктілікке байланысты жәрдемақы бойынша өтініштерді порталдағы «Электронды өтініштер» сервисі арқылы қабылдауға мүмкіндік жасаған болатын.

Декрет демалысына шыққан жүкті әйелдер egov.kz (үстінен басыңыз) порталында авторизациядан өтіп, «Электронды өтініштер» сервисін таңдап, жеке құжаты мен жұмыс істеу қабілетінен айырылу парағының скан-көшірмесін және төлем аударылуы тиіс банк шотын қоса жолдауы тиіс.

Енді ғана балалы болған отбасылар үшін egov.kz порталының «Отбасы» – «Бала» бөлімінде баланың тууына және оның күтіміне байланысты жәрдемақыларды рәсімдеу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, порталды пайдалану үшін ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) болуы шарт. Электронды цифрлық қолтаңбаны бүгінде порталда қашықтан рәсімдеуге болады. Сондай-ақ, Мобильді азаматтар базасында тіркеуі бар жас аналар проактив қызметін пайдалана алады. Ол арқылы баланың тууын тіркеп, тиісті жәрдемақыны рәсімдеп, сәбиді балабақша кезегіне қоюға болады. Сіз мобильді азаматтар базасында тіркелген болсаңыз, "Алтын алқа" немесе "Күміс алқа" табысталғаннан кейін жәрдемақыға проактивті түрде өтініш білдіруге SMS хат келіп түседі.

Хабарламаға оң жауап беріп, банк шотын жазып жіберсеңіз, ХҚО-ға бармай-ақ қоюға болады. Мобильді азаматтар базасына тіркелмеген аналарға SMS-хат келмейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан