ЖҰМЫССЫЗДАР НАЗАРЫНА: ӨЛМЕЙТІН МАМАНДЫҚ, СҰРАНЫСҚА ИЕ КӘСІП

Уақыты: 01.01.2021
Оқылды: 1871
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды мәселе. Өйткені, алдағы өмірің осы кәсіп аясында қалыптасады. Сондықтан да таңдаған мамандығың бүгінгі уақыт сұранысына сай болғаны абзал. Осы орайда "Жетісу" газеті қандай кәсіпті таңдауға болатыны, оның несімен айрықша екендігі туралы зерттеу жасап көрді.

Колледж тынысы

Біздің алғашқы бағытымыз – Талдықорған сервис және технология колледжі болды. Мұнда студенттер тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, дизайн, шаштараз өнері және сәндік косметика, тамақтандыруды ұйымдастыру, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер, дәнекерлеу ісі мамандықтары бойынша білім алуда. Елу жылға жуық тарихы бар оқу орнында бүгінгі таңда 561 студент мамандық сырын меңгеруде. Оларға 62 оқытушы-шебер дәріс береді.

Оқу орнының қазіргі бет алысы, кәсіптік білімнің келешегі туралы Талдықорған сервис және технология колледжінің директоры Ләззат Базарқұлова былайша ой өрбітті.

– Оқу ошағының өткен жылдағы үлкен жетістігі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет жүзеге асып жатқан республикалық «Жас маман» жобасына енуі. Жобаның негізгі мақсаты – 100 сұранысы жоғары мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнына білікті мамандар даярлауда халық-аралық тәжірибені енгізу. Соның нәтижесінде колледждің аспаз-кондитер біліктіліктері бойынша оқу-өндірістік шеберханалары мен арнайы технология кабинеттері Еуропа, Италия, Франция, Швеция сынды елдердің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарымен жабдықталды. Кәсіптік білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық базаның мықты болуы – басты көрсеткіш. Өйткені заман талабына сай техникалық жабдықтар күн сайын өзгеруде. Бүгін алған пеш немесе тігін машинасы ертең жарамай қалады. Сондықтан оқу орындарының материалдық базасын заманға лайық жаңартып отыру керек. «Жас маман» жобасы осындай мүмкіндік берді. Енді бізде оқып шыққан түлектер жұмыс орындарына соңғы үлгідегі техниканың сырын меңгеріп барады. Бұл колледж үшін де үлкен бедел. Мұндай құрал-жабдықтар мейрамханаларда да жоқ десек болады. Ендігі бір үлкен мәселе – шаштараз, тігінші, аспаз мамандығы бойынша жоғары білікті мамандардың жоқтығы. Кәсіптік орта білім дипломы колледждерде сабақ беруге жарамайды. Ал жоғары оқу орындарында бұл мамандықтар даярланбайды. Облысымыздағы ірегілі оқу орны – Жетісу университетінде «Кәсіптік білім беру» бойынша жоғары білімді мамандар даярланғанымен онда жалпылама педагогика мен методикаға баса мән беріледі. Ал бізге осы істің нағыз шеберлері керек. Қандай іс болсын тәжірибемен келетіні белгілі. Осы орайда колледжімізде дуалды оқытуға баса назар аударылады. Оқытудың 60 пайызы тәжірибе, 40 пайызы теория негізінде өтеді. Әр мамандық бойынша қаладағы іргелі кәсіпорындармен келісімшарт жасалған. «ТФ Ажар» ЖШС-мен 2012 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығы бойынша машықтанып жатқан студенттер осы тігін фабрикасынан тағылымдамадан өтеді. Ол үшін студенттерге ақша да төленеді. Өйткені тапсырысқа сай жұмыс істейді әрі тәжірибеден өтеді. Мәселен, студенттеріміз жаздай маска тігіп, өздеріне қаражат тапты. Аспаз мамандығында оқитындар да 2-курстан бастап мейрамханаларда жұмыс істеп, өзін және отбасын қамтамасыз етуде, – деді ол.

Талапкерлер тарапынан сұранысқа ие негізгі мамандық осы – аспаз-кондитер. Одан кейін шаштараз, компьютерлік дизайнға қызығушылық танытады. 

Аспаздар сұранысқа ие 

Тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша қазақ-орыс топтарында 234 студент білім алуда. Бұл мамандықтың артықшылығы – еңбек нарығында сұранысқа ие болуында. Сондықтан оны кәсіп еткісі келетін жастар көп. Олардың басым бөлігі – ұлдар. Олар негізінен аспаздықты меңгеріп, болашақта өз асханасын немесе мейрамханасын ашуды мақсат тұтады.

– Қазір заман талабына сай аспаздық өнер жоғары бағалануда. Сондықтан да бұл мамандыққа ұлдар, кондитерлікке көбіне қыздар келеді. Өйткені, қыздардың табиғаты әдемілікке, әсемдікке жақын. Ал аспаздық ұлдардың қолынан жақсы келеді. Тағамдарды сәндеуде ізденіс, шеберлік қажет. Таңертеңнен кешке дейін ыстық пештің жанында тұратындықтан төзімділік керек. Ал кондитерге бұл қасиеттермен қатар ептілік қажет. Мысалы, бір адам келіп, баласының туған күніне тортқа тапсырыс береді. Оның ерекше шығуы үшін ол нені жақсы көреді, қандай нәрсеге қызығады, соны есепке алу керек. Оның түрлі түсті болып жайнап шығуы үшін де бар өнеріңді саласың. Ептілік керек деп отырғанымыз торттың бір гүлін құртып алды ма, оны қайтадан жасауына тура келеді. Бұл ыждағатты еңбекті талап етеді, – деді аспаздық өнердің қыр-сырын жастарға үйретіп жүрген тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша арнайы пән оқытушысы Арай Несіпбаева. 

Аталмыш кәсіп бойынша машықтанып жатқан студенттер 1-2- курста аспаз, 3-курста кондитер мамандығын оқып, екі біліктілік алып шығады. Бұл балалардың болашақта аспаз болғысы келе ме, әлде кондитер болғысы келе ме, таңдау жасауына мүмкіндік береді. 

Бізді бір қуантқаны – әр студенттің бұл мамандыққа бір мақсат қойып келетіні. Бірі донер, енді бірі бургер сататын орын ашып, тіпті инстаграм арқылы өз өнерімен танылуды армандайтын да жастар бар араларында. Көп жағдайда бұл арман-мақсаттар жүзеге асып жатады. Оған дәлел – қаладағы үлкен мейрамхана, дәмханаларда еңбек етіп, абырой-беделге ие болып, жеке кәсібін де ашып, жұмысын жүргізіп отырған түлектер. 

Тігіншілік те бір өнер

Оқу ошағында тігін өндірісі және киімді үлгілеу мамандығы бойынша жасақталған үш топ бар, әр топта 20-25 студенттен. Бұл кәсіпті меңгергісі келетіндердің дені – қыздар. Қатарында екі ұл ғана бар. Ұлдардың бұл мамандыққа не себепті қызығушылық танытқанын сұрап білгенмізде отбасылық кәсіпті дамыту үшін екеніне көз жеткіздік. Демек, бір ұлдың ата-анасының автокөлік орындығына тыс тігетін, енді бірінің отбасылық баскиім тігетін цехы бар екен. Болашақта осы істі дамыту үшін ұлдар тігіншілік мамандықтың қыр-сырын меңгеруде. Ал қыздардың арманы көп. Бірі киім ательесін ашқысы келсе, енді бірі үздік модельер-тігінші болып, түрлі киім үлгілерін шығаруды армандайды. 

– Кейбір түлектеріміз Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жеке киім тігу цехын, ательесін ашып, өз істерін дөңгелентуде. Талдықорған қаласында перде тігуді кәсіп етіп отырғандардың көбісі – бізден ұшқан шәкірттер. Тігіншілік – өлмейтін мамандық, керекті кәсіп. Қыздарға үйде отырып та жұмыс істеп, табыс табуға немесе модельер-дизайнер ретінде өз мүмкіндіктерін көрсетуіне болады, – деді бізбен тілдескен тігін өндірісінің арнайы пән оқытушысы Бақыткүл Көкенова. – Тігін өнеріне келу үшін адам сурет салуға, қолөнерге бейім болуы керек. Сағаттап отырып жұмыс істейтіндіктен төзімділік қажет. Сонымен қатар адам бойында ой еркіндігі, шығармашылық ізденіс болуы тиіс. Біз киім тігудің, пішудің қыр-сырын үйретеміз. Оны ары қарай дамытып алып кету студенттің ой-қиялына байланысты. Оны ұштауда қаламыздағы белді киім тігу орындарында тәжірибеден өткіземіз. Мәселен, «Ажар» тігін фабрикасында әскери киімдер тігуді үйренсе, «Ар» салонында ұлттық киімдер тігуге машықтанады. Дипломдық жұмысын қорғаған кезде студенттер қалауы бойынша өзіне немесе ата-анасына киім, ұлттық костюм немесе өздерін қызықтырған ерекше үлгідегі көйлектер тігіп жатады. Тігіншілік терең еңбек пен ізденісті талап ететіндіктен балалардың негізгі дені жүрек қалауымен келеді.

ТҮЙІН: Мемлекетімізге жұмысшы орта кәсіби мамандар аса қажет. Осы орайда жастардың тегін кәсіптік білім алуына мейлінше жағдай жасалған. Аталған оқу орнында білім алып жатқан жастар тегін жатақханамен, бір реттік ыстық тамақпен, шәкіртақымен қамтылған. Жұмыс таба алмай қаламын деген қорқыныштан да ада. Өйткені, орта кәсіби мамандар еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы