Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАН САЗ КОЛЛЕДЖІ БАЛАЛАРҒА АРНАП КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 09.03.2022
Оқылды: 2547
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінде студенттердің ұйымдастыруымен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты салтанатты кеш өтті.

Шараның алғашқы құттықтау сөзін колледж директоры Әділхан Қылышханұлы алды.

– Құрметті ұстаздар, жас қонақтар және студенттер! Бүгінгі шарамызға арнайы келген "Айналайын" үйінің балаларына алғысымызды білдіреміз. "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жасар қария сәлем берер" демекші, сіздер де біздің сәлемімізді қабыл алыңыздар. Дендеріңіз сау, аспандарыңыз ашық болсын. Қазақ даласында тек қана ән мен күй орындалсын, – деп жылы лебізін білдірді.

Салтанатты жиын шымылдығы фольклорлы ансамбльдің «Ақжелкен» күйімен ашылды. Мерекелік кеште сахналық образымен Майраның «Майра» әнін нақышына жеткізе орындаған Серікхан Айбота көрермен көзайымына айналды.

Кеште "Жас Отан" жастар қанаты Алматы облыстық филиалының атынан "Айналайын" балалар үйінің бүлдіршіндеріне сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, колледж атынан "Айналайын" үйінің ұжымына алғысхат берілді.

Іс-шара колледж белсенділері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Салтанатты жиын жас бүлдіршіндердің ізгі тілектерін білдіріп, қолдан жасаған сыйлықтарын тарту етуімен өз мәресіне жетті.

Диана ӘЛІМБЕК,

І.Жансүгіров атындағы ЖУ-дың студенті

Алматы облысы