ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА "СӘУЛЕЛІ ҒҰМЫР" АТТЫ ТАНЫМДЫҚ КӨРМЕ-ЗАЛ АШЫЛДЫ

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1730
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті Қарадаланың төрінде, анығын айтқанда  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысының және Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы, ақын-жазушы, журналист Сәуле Мағазбекқызының туған жері Ақтам ауылында «Сәулелі ғұмыр» атты көрме-зал ашылды.

Залда Сәуле Мағазбекқызының кітаптары, өмір жолынан естеліктер, фотосуреттер, сыншылар мен қаламгерлердің сын-пікірлері,  жазушының өмірде ұстаған біраз заттары қойылған. Кітаптары жарты әлемнің тілінде сөйлеп кеткен сұңғыла қызына құрмет көрсетуді парыз санаған елдің ыстық ықыласына басымызды иіп, Қарадалаға қарай шұбалаңдаған қара жолға түстік.

Жол бастаған, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын-дараматург Бақыт Беделхан болса, қосшылары бірталаймыз. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Қанағат Әбілқайыр да қаламын сайлап қойған. PHD қауымдастығының пофессоры Райгүл Досжан анасының тойына тілеулес болып, туған жеріне деген сағынышын жасыра алмай келе жатыр. «Сәулетанушылыққа» талай дерек пен естеліктер жинамаққа, бір шеті әпкем мен жездеме еркелеп, тойдан қалмай бара жатқан бетім менің де. Бұл күйеу балам Ғалымжанның көлігіндегі, жол бастаушы Бақыт ақын ерткен қосшылардың тізімі. Негізгі тұлғалар басқа көлікпен соңымыздан келеді.

Генерал-полковник Сәт Тоқпақпаев Қарадалаға қызын төркіндетіп алып бара жатқан сол күнгі сапардың ең сыйлы қонағы әрі Ақтамның күйеу баласы. Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері, ақын Биғайша Медеуова апайымыз да үлкендер көлігінде.

Ат басын Қарадалаға тіреп, Қасиетті топырағына табанымызды тигізіп, Шонжының шығысында шалқасынан жайғасқан «Тау тұғырға» шегердік. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов мырза бастаған әкімшілік топ та қонақтарын дәл осы жерден бір құшақ гүлімен қарсы алды. Тұғырында желбіреген көк тудың түбінде құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілек, ілтипатын білдірді.

Анадайдан ағараңдап, ақ бөрік киген таулардың төбесі көрінгенде-ақ, сайын даланың самал желімен сылап-сипап, жан-дүниемізді жадыратты. Ауылдың кіре берісінен ауыл әкімі Есбол Манапов қызметкерлерімен гүл ұсынып, күтіп алды. Ел-жұрт қызын сағыныпты. Атын алты Алашқа танытқан Ақтам ауылының ақ маңдайлы қызын «Ақ тұйғыным» деп ардақтаған ел, алақанына салып, аялай қарсы алды. Мектептің баспалдағына қаз-қатар тізілген бүлдіршіндер Сәуле апасының өлеңін оқып бастады әсерлі кездесуді. Өлең оқыған оқушылар қатары есіктен төрге дейін үзілмеді. Ұзын коридорды бойлай жоғарғы қабатқа көтерілгенде, қасиетті домбыраның шанағынан төгілген күй күмбірлеп қоя берді. Толқымау, мүмкін емес! Жарқ-жұрқ еткен киімдері қандай жарасымды. «Сәулелі ғұмыр» атты танымдық көрме-зал салтанатпен ашылды.

Мектептің концерттік залында оқушылар ғана емес, ауыл тұрғындары да күтіп отыр екен. Дүр етіп көтеріліп, қол соғып қарсы алды. Сәуле Мағазбекқызының романдарынан үзінді сахналанып, ән мен жыр кезектесті. Оқушылар тарапынан, Сәуле апайларының шығармашылығы мен өмір жолы жайлы қызықтыратын сұрақ қойылғанда жазушы апалары асқан ыждаһаттылықпен тыңдап, мейірлене жауап берді. Жасөспірімдер әдебиетіне үлкен сыйлық болған «Ауылдан шыққан миллионер» атты романының әрбір кейіпкерін осы жерден тауып, балалардың аталары мен апаларын атағанда, балалар да, көрермен де мәз-мейрам қол соқты. Тіпті, романдағы ең бұзық кейіпкердің прототипі, автордың сыныптасы Имаш ағайлары болып шыққанын естіген оқушылар  ұстазына қарап, таңырқай күлісіп, зал ду-думанға толды.

«Қымбатты балалар! Осы мектепте бір кезде Сәуле апаларың оқып, білім алған. Бүгінгі таңда Алашқа ғана емес, шет елдерде танымал мықты жазушы. Демек бұл мектеп – мықты мектеп. Сендердің де араларыңнан талай даралар мен дүл-дүлдер шығатынына сенімдімін!» – деп тілек айтқан генерал-полковник аталарының сөзі балалардың жігерін қайрап, шабыттандыра түскені анық! Қарадалада, шығармашылық түсірілімде жүрген қазақтың қаламгер  ұлдары Ержан Алаштуған мен Бағдат Мүбәрәк құттықтап келіп, өлең оқып, сыйлықтарын тарту етті.

Сәуле Мағазбекқызы, үздік оқушыларға тағайындаған стипендиясын үлестіргенде, балалардың көзінен шаттық, жүзінен қуаныш көру де ерекше әсер қалдырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Балалар жылы» деп жариялаған осынау жылда, бұл шара жасөспірімдер мен ұрпақтың тал бойына тәлім дарытар тамаша іс болды деп ойлаймын. Мектеп директоры Қарлығаш Тоқтарқанқызы басқарған ұстаздар ұжымының ұйымшылдығы һәм көп еңбек еткені көрініп-ақ тұр.

Проза жанрында талмай еңбек етіп, бес роман, бірнеше кітап жазған жазушы, ақын, Семей полигонының қазақ халқына әкелген опаты мен зардабын күллі әлемге оқытқан «Қасырет пен тағдыр» кітабының авторы Сәуле Мағазбекқызының шығармашылық жолымен терең танысқан оқушылар қанаттанып, ұстаздар  рухани демалып, ауыл тұрғындары рахаттанып, тамаша көңіл-күйге бөленген кештің әсері мен берері әлі көп.

Балалар сахнада Сәуле Мағазбекқызының «Ақтамым» әнін айтқанда, зал түгел қосылып кетті. Бұл ән осы ауылдың гимні болып қалары хақ! Ауыл дәмінен иін тірескен дастарқанда Ақтамның ақ наны мен ақ қымыз-шұбатын ұсынды айналайын ел-жұрт.

Ал енді қайтар жолдағы әсер – алабөтен. Қонақтардың алды түнделетіп кеткен. Кері қарай әпке-жездемнің көлігімен қайтып келемін. Сәуле әпкем Түркиядағы сапарында «Сұлтан Сүлеймен мешітінен» әкелген таспиығын тартып келеді. Аппақ орамалы бек жарасып, еріндері күбірлеп, ұзақ дұға жасады. Айша апам марқұмды көргендей, іші-бауырым езіліп кетті. Кемсеңдеп барып басылдым. Сәуле әпкемнің «Құдайшыл» екенін білетінмін. Мен білмейтін тағы біраз сыры ақтарылды. Анасы берген тәлім мен үйреткен әдетін  маған да айтқанда сүйсіне бас изеумен болдым. Әр сөзін өнеге тұтамын әпкемнің.

Ал Сәт жездем қалтасынан отыз жыл бұрын Араб әмірлігіне іссапармен барғанда алған құран кітабын шығарып көрсеткенде, соншама ерекше күй тағы толқытты жанымды. Осындай тамаша сапардың пешенеме жазылғанына мың шүкір еттім!

Сәуле Досжанова, жүзінен сәулесі шашыраған қазақтың Сәуле қызының сәулелі ғұмыры ешқашан күңгірттенбесін!

Самал ЗІКІРИЯҚЫЗЫ,

Ақтам ауылы

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы