ТЕАТР - ЖАННЫҢ АЙНАСЫ. ҚОНАЕВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ФЕСТИВАЛЬ ӨТУДЕ

Уақыты: 24.11.2022
Оқылды: 2193
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысы әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері  Дінмұхамед  Қонаевтың 110 жылдығына арналған театр фестивалі өтуде.

«Халықтық» атағы бар және жаңадан құрылған театрлар арасындағы өнер сынына 10 театр қатысуда.

Салтанатты ашылуында сөз алған мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова елімізді ұзақ жыл абыроймен басқарған халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлының құрметіне арналған байқау-фестиваль мақсаты көрерменді театр өнерінің заманауи жаңа бағыттарымен таныстыру екенін айтты.

«Бекзат өнер арқылы қоғамдағы бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне көңіл аударып, қазіргі заманның эстетикалық талабына сай жаңа драмалық шығармаларды елге ұсыну», – деді.

Әр ұжымның шығармашылық жұмыстарды жүзеге асыруына жағдай жасап, қолдау, халықтық театр өнеріне жаңа үрдіс, жандандыру мен дамуына көпшілік қауымның назарын аудару көзделген.

Көпшілік алдында аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, қазылар алқасының төрайымы Рахилям Машурова құттықтау лебізін білдірді. Фестиваль шымылдығын Іле ауданының «Ақши» халық театры алғашқы болып ашып, «Әнің мені ешқашан өлтірмейді» спектаклін қойды. Одан кейін Қарасай ауданының «Жастар» театры Бақыт Беделханның «9 грамм» туындысын сахналады. Мәдениет үйінде күніне 3 қойылым көрерменге ұсынылуда. Байқауға Кеген ауданынан «Кеген», Талғардан «Талғар» және «Қуыршақ» театрлары, Балқаш ауданының «Бақанас», Еңбекшіқазақтан «Қаракемер», Ұйғыр ауданынан «Қарадала», Райымбек ауданынан «Хантәңірі» театрлары келді. Жергілікті «Сүйінбай» театры да өнер көрсетеді.

Фестиваль бүгін аяқталады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы