Ақталмаған үміт (әңгіме)

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 2203
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осы бір кішкентай қара келіншекті көргенде, неге екенін білмеймін, жүрегім елжіреп, жақсы көріп, жаныма жақын тартып тұрамын.
Бірде дәрі алуға бардым. Қашан көрсең де тынымсыз. Әйтеуір бір іспен айналысып отырады. Осы жолы тоқыма тоқып отыр екен. Аз-кем әңгімеден соң: «Кімге, өзіңе ме, жоқ әлде қыздарға ма?» – деп сұрадым. Ойлы көзін маған қадады да:
– Мұның тарихы ұзақ, тәте! Егер тыңдасаңыз айтайын! – деп әңгімесін бастады. Мен тыңдап отырмын.
– Әкем екі ағайынды еді. Әке кіндігінен жетеуміз. Екі ұл, бес қыз. Тағдырдың салғаны болар, әкемнің ағасында бала болмады. Бауырының ұрпақсыз жүруіне алаңдаса керек, шешеммен ақылдаса келіп, кіші ұл туғанда бес жастағы үлкен баласын ағасына беріпті. Бәріміз есейіп, адам бола бастадық. Өмір деген қызық қой, бәрі сен ойлағандай бола бермейді. Інім он тоғызға толғанда аяқ астынан суға кетіп, қайтыс болды. Жалғыз ұлынан айырылған анам төсек тартып жатып қалды. Ешқандай дәрі көмектеспеді. Қаланың көптеген ауруханасына апардық, еш көмек болмады. Осы хабарды естіген ұжымшар бастығы болып жүрген үлкен әкеміз асырап алған ағамның үш айлық баласын Алматыға әкелді. Қасында досы, мектеп директоры Асан аға бар. Қала мен ауылдың арасы 500 шақырымға жуық. Жаз кезі. Алыс жол. Үш айлық нәрестені қалай әкелгеніне таңбыз.
Келе сала:
– Айсұлу, мына нәресте алдымен Құдайдікі, сонан соң сенікі. Бауырыңа бас. Басыңды көтер! – деді.
Туған-туысқа өзі хабарласып: «Айсұлу босанды, ұлды болды!» – деп сүйінші сұрады. Отыруға дәрмені жоқ анам сол күні бетіне қан жүгіріп, баланы бауырына алып, иіскеп, мауқын басты. «Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды!» – деп есі шыға қуанды. Сөйтіп, тұруға шамасы келмей жатқан анама әл кіріп, бойына күш-қуат жинады. «Балаңның бауы берік болсын!» – деп құттықтап келген ағайын-туысқа шамасының келгенінше бәйек болып, қызмет көрсетуге тырысты.
Екі аптадан соң өзіне келе бастаған анам баласын айналып-толғанып, өзі қарайтын болды. Не керек, сол бала келгелі ауруынан айығып, жүзіне қан жүгірді. Сол кішкентай нәресте үйге шуақ әкелді. Бәріміз бақыттан басымыз айналды.
Бізді бала деп есептемеген анам сол үйдің отын жағатын ұлды болғанына қатты қуанды.
Інім Тілектің аузынан шыққан сөзін аяқсыз қалдырмай, айтқанын орындады. Біз де анамызды қуанту үшін қолдан келгенді аямадық, сұрағанын жасадық.
Өмір өз кезегімен өтіп жатты. Тілек оқуын бітірді. Үлкен азамат болып, университетке өз күшімен оқуға түсті. Келін алатын уақыт та таяу еді. Тілек өзімен бір мектепте оқитын қызға ғашық екен. Екеуі университетті бітіріп, үйленіп, анамның арманын орындайтынын айтатын. Оқуы да аяқталды. Неліктен аралары алшақтап кеткенін білмеймін, ақыры, басқа қызға үйленетін болды. Онда да бетінен қақпадық. Анамның қуанғанын көрсеңіз. Әжімді жүзі нұрланып, өзін қоярға жер таппай жүрді. Келін келді.
Алайда жас келін кесірлі болды. Екі-үш айда інімнің басын қалай айналдырып алғанына таңбыз. Амал жоқ, Тілек үшін бәріне көндік. Бір жыл өтер-өтпестен: «Басқа қалада жұмыс істейміз!» – деп інімді ертіп, анамды тастап көшіп кетті. Сол жақта тұрғанына бес-алты жыл болды. Біз ауылдамыз. Кезектесіп анама барып тұрдық. Інім ат ізін салмады. Біз барған сайын: «Әлгі Тілек кеше хабарласып, жағдайымды сұрады. Жақында келетінін айтты!» – деп бізді алдандырып қояды. Анамның білдірмеген өкінішін іштей сеземіз. Тіпті өтірік айтып отырғанын да білеміз, бірақ көңілін аулауға тырысамыз.
– Келеді ғой, келеді! Сізді тастамайды! – дейміз. Сөйткенімен, былай шыға бере көз жасымызға ерік береміз.
Сондайда: «Қазақ ұлға бергісіз қыз болса да неге ұлды жақсы көреді екен?!» – деген ащы ойдың кермегі көкіректі кереді.

Дина Иембергенқызы
Нарынқол ауылы,
Райымбек ауданы