АРМАН ҚУҒАН «АЛТЫНАЙ»

Уақыты: 10.07.2018
Оқылды: 2381
Бөлім: РУХАНИЯТ

Таспа бұлақты қуалай өскен жалбыз қоңыр салқын желмен шайқала ырғалғанда даланы ерекше жұпарға орайды емес пе? Сол мезетте ауадан бөлінген хош иіс пен сұлудың сыңғыр күлкісіндей әрлі әуез айналаны әп-сәтте патша сарайына айналдырады дерсіз. Самалмен тербелген майса гүлдердің жапырағы арудың бұрымындай арлы-берлі шайқалғанда көңіліңе көктем келгендей әсерде боласың. Айтып жатудың өзі артық. Осындай көрініс сахнаға шыққан кербез бишінің қимылында да бар. Көз алдыңа мың бояулы табиғат салған суретті әкеледі. Қарап отырып таңдай қағасың...

Қазақ халқының алғашқы кәсіби бишісі Шара Жиенқұловадан бастау алған би өнері бірнеше ұрпақтың рухани байлығына айналып келеді. Шыны керек, содан бері ұлық өнердің ұрты суалған емес. Оған дәлел «Алтынай» би ансамблі. Жалпы елімізде мемлекеттік дәрежеде 3 би ансамблі бар болса, соның бірі де бірегейі осылар. Себебі, ол рухты биімен талай ұмыт болған қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып, насихаттап жүрген бірден-бір ұжым. 
Биыл ансамбльге 33 жыл толмақ. Иә, осы уақытқа дейін мәдениет саласында қанат жайған талай өнер бірлестігі тоқырауға ұшырап, тарап кеткенін арагідік газет беттерінен оқып жүрміз. Көңілге қаяу түсірсе де қолдан келер шара бар ма? Өкінесің де қоясың. Қашанда үлкен ұжым болған соң ауызбіршіліктің мызғымас үлгісін көрсетуің шарт. Әрі қиын шақта бір-біріне қолдау көрсетіп, ұжымның абыройы үшін кез келген ерлікке баруың керек. Міне, осындай сертті іс «Алтынай» би ансамблінің бойынан табылған. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары кездескен кедергілер өнер ордасының ынтымағына іріткі сала алмаған. Бәлкім, содан да болса керек, бүгінде олар бір-бірінің қимыл-әрекетін көзқарастарынан-ақ танып қояды. Қазіргі таңда өнерімен талайды тамсандырып, таңдай қақтырған «алтынайлықтар» сахнадан өз орнын ойып алды десек, артық айтқанымыз емес.
Осы орайда өткенге бір көз жүгіртсек. Жалпы музыка сатылай даму ретімен, алдымен ыңылдай әндету түрінде, кейін шырқата салу, содан соң саз аспаптарының сүйемелдеуімен әнге ырғақ берілу арқылы өз бетінше дамыды. Музыкалық ырғақ адамның әрқилы сезім-күйін білдіріп, дененің икемді әрі жүйелі қозғалысын қалыптастырып, би негізінің қалануына ықпал етті. Содан бастап адам сезімінің ырғақты көрсеткіші болатын көңіл көтерудің негізі ретінде нағыз би қалыптасты. Сол биді жанына серік еткен «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі 1985 жылы өнер зерттеушісі, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің ықпалымен өмірге келді. 
Хореография училищесін бітірген түлектерден құрылған бұл ансамбльдің алдына қойған негізгі мақсаты – қазақ халық биін насихаттау. Концерттік бағдарламасы тек қазақ халық билерінен құралған ансамбль көрерменнің көзайымына айналғалы қашан?! Қазіргі таңда ансамбльдің негізін құрап отырған  республиканың түкпір-түкпірінен келген жас мамандар. Ұжымның репертуарында Ж. Байдаралиннің, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері М. Тілеубаевтың, Г. Орымбаеваның, ҚХР І дәрежелі балетмейстер-қоюшысы Н.Тайырдың, Ольга Всеволодскаяның және т.б. қойылымдары бар. 
Негізінде ансамбльдің осындай биік мәртебеге қол жеткізуінің басты бір себебі – Тойған Ізімова, Үсен Мақан сынды би өнері шеберлерінің арқасы. Бүгінде ансамбльде 1 бас балетмейстер мен аккомпаниатор, 31 балет әртістері өнер көрсетеді. Олар облыс, республика көлемінде ғана емес, өз өнерін Вьетнам, Лаос, Бельгия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Непал, Түркия, Италия, Пәкістан, Мексика секілді алып елдерге паш етіп, ұлттық өнерімізді көкке көтеріп жүр.
Мәдениет, білім саласындағы бағдарламаларға қолдау көрсеткені үшін және мәдени мұраны сақтау жолындағы әрекеттері үшін ЮНЕСКО-ның Алғыс хатымен марапатталған. 2014 жылы «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауында облыс намысын қорғап, жүлделі ІІ орынға ие болып қайтты. 2016 жылы ансамбль бишілері Астана қаласында өткен ХІХ Халықаралық шығармашыл жастардың «Шабыт» фестиваліне қатысып, аталмыш өнер байқауының «Хореография» (Халық биі) аталымы бойынша үздік өнер көрестіп, бас жүлдемен оралды.
Осы жерде тағы бір ерлігіне тоқталсақ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, еліміздегі мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қолдан келгенше игілікті іс жасауға ұмтылған ұжымның жомарттығын айтпасқа болмас. Додаларда ұтқан жүлделерін, арнайы берілген ақшалай сыйлықтарды кедей-кепшікке үлестіріп, жоқ-жітікке барынша көмектесіп жүр. Бұл оларда дәстүрге айналған тағылымның бірі. Қаржыны қалтасына баспай, қарапайымдылық пен қайырымдылықтың озық үлгісін көрсетіп келеді.
Бүгінде ансамбль репертуарында 100-ден астам би мен би қойылымдары бар. Оған бас балетмейстер Анар Шаймұратова жауапты. Тіпті, бишілердің екінші анасы десек те болады. Аяқ-қолдың қимылынан бастап, көзқарасына дейін осы кісінің қадағалауында. Сондай-ақ, би дайындаушылар мәдениет саласының төрт үздігі Алтынай Күрішбаева мен Давранбек Атажановтың да еңбегі зор. Олардың қатарына би қоюшылар Тоғжан Есеналиева мен  ҚР Мәдениет саласының үздігі Бегзат Ағиярды қосыңыз. Жалпы ұжымда ҚР Мәдениет саласының төрт үздігі бар. Әсел Орынханова мен Ершат Шоқановтың белсенділігін айтпасқа болмас. Олар ансамбльдің көшін ілгері сүйреп келеді. Халықаралық фестивальдердің лауреаты Әлия Мыңжасова ұжымға жаңадан келген талантты жастарға үлгі болып жүр.
Әр бидің өзінің шығу төркіні мен қиыншылығы бар. Ұжым бірлесіп үлкен туынды шығару үшін 2 апта би қойылады. Содан кейін бір жарым ай үздіксіз дайындалады. Нәтижесінде кемінде 2 ай дегенде жаңа шығарма дүниеге келеді.
2015 жылдан бері топтың көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Дүбекқызы.
– Алдымен облыс әкіміне алғыс білдіремін. Бізге көп қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін. Енді алдағы уақытта тағы да көбірек шетелге шықсақ деген ниет бар. Өзге елге ұлттық биімізді көрсетіп, әлемнің қазақ өнеріне деген қызығушылығын арттырсақ нұр үстіне нұр болар еді. «Сізге өтірік, бізге рас» дегендей, жаңадан келген жастарды биге үйрету оңай емес. Бұның барлығы қажырлы еңбекті талап етеді. Барлығы бірдей біліммен келмейді. Халық алдына дап-дайын болып шығады да, сахна сыртында қанша тер төккеніңді ешкім көрмейді де түсінбейді, – дейді хореограф.
Сырттай қарағанда бәрі оңай көрінгенмен шындығында сахна кез келген адамды қабылдай бермейтін киелі орын. Ол уақыт өте келе шынайы таланттарды ғана қалдырады. Дегенмен орта жасқа келгенде қанша өнерлі болса да бишілердің сахнадағы ғұмыры осымен аяқталады. Алайда, зейнет жасына жету үшін әлі 20 жылдай уақыт еңбек ету керек. Сонда олар қандай жұмыс істейді, қайда барады деп уайымдайды Гүлмира Смағұлова. Сол себепті әншілерге 1 атақ берсе, бишілерге 2 бірдей еңбек майталманы деген атақ беру керек дегенді алға тартады. Өйткені, 50 жасқа толса да  әнші сахнаға шыға береді, ал бишілерге ондай мүмкіндік берілмейді.
Айта кетейік, жыл сайын 29 сәуір Халықаралық бишілер күні Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры Данияр Құрамысов «Алтынай» би ансамблін мерекесімен құттықтап тұрады. Біз барғанда Данияр Жолдасханұлы мәдени орталықта ансамбльдің орны ерекше екенін айтып, еңбектерін аса қатты бағалайтынын жеткізді. 
– Облыс үшін және бүкіл республика үшін орны бөлек бишісіздер. «Алтынайсыз» ешқандай концерт өтпейді. Кейбір кездері ансамбльге Алматы, Астана қалалары таласады. Бірақ, менің ойымша, ол да бір жетістік. Биік белестерді бағындыра беріңіздер! – дей келе, талай жылдар бойы ұжымда өнер көрсетіп келе жатқан бишілердің еңбегін айрықша атап өтті.
Осы уақытта ансамбльдің құрамында 12 ұл, 17 қыз бар. Жігіттердің тапшылығы сезіледі. Соған байланысты  Өзбекстан, Қарақалпақстаннан арнайы оқу бітірген бишілерді шақырады екен. Ұжым жетекшісі сөз барысында өңірімізде хореографиялық орталық ашылса деген ойын жеткізді. Жоғары оқу орындарында биші мамандығын оқытса, жастардың өнерге деген ынтасы артарына сенеді. Әрі мамандарды шетелден шақырмас еді. 
Иә, бүгін біз фольклорлық-этнографиялық билеріміздің кәсіби сахнаға шығуында үлкен дем берген мемлекеттік «Алтынай» би ансамблі жайында сөз қаузадық. Таудың етегіне оранған ақсүйріктей мың бұралған сұлулар мен бітімі бөлек жігіттердің өнеріне бас имеске болмас. Би тек қана қозғалыс пен дене қимылы емес, ол ақыл-ой мен табанды еңбектің жемісі. Сондықтан да ансамбль қазақтың інжу маржаны десек, артық айтқандық емес.

Мұхтар КҮМІСБЕК