Ғалым - дария

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1945
Бөлім: РУХАНИЯТ
Қара бұлты кеудесінен ыдырамаған халқына ақ жауындай нәрлі де шипалы һәм дуалы өлең дарытар ақындардың шырайлы шығармаларына дәуір де, біз де зәруміз... Әдебиеттің ақбас шыңы, төбесі мен дөңінен талант-тақсырының қуатына қарай тақ сайлайтын шайырлардың сақи дүние сорабында яки соқпағында қалдырған кестелі де дестелі жырлары ақын арманының ақық көрінісі, мақсаттың мығым діңі емес пе?! Ендеше, бір ақынның шығармасы хақында сөз қозғау да – ғапыл дүние кеңістігінде киелі ел үшін аянбай қаламын қару еткен тұлғаны тектеп, текті жұртына тағы бір мәрте танытудың жосыны болса керек-ті. Бұл тұрғыда қазақ поэзиясының мұсатыр мұзды шыңына арқа тіреген ардакүрең ақын Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ дариясына бір шомып алуды, оның шоқтығы биік шығармашылығы тұрғысында қалам тербеуді мәртебе санадық...
Дүние бір дөңгелеп кетіп үн қатып жатса, ақынның тілінде сөйлей жөнелгенін қалайсың. Қара тасқа тіл бітсе, шайырлардай шемен шерді тарқатса деп тілейсің. Өйткені ақындай мөлдір ойлайтын, шынайы толғанатын жаратылыс жоқ. Халықтың көз жасынан көктеген өскіндей көрінері бар. Сондықтан да шығар, әлмисақтан Алаш жұртының ақынды ардақ тұтуы ерекше. 
Күні кеше, әдеби майданның бел ортасында жүріп жалынды жыр жазып, жүйелі зерттеу жүргізген абыз кеуделі Мұзафар Әлімбай: «Қызу кірісіп, қызыға тындырып жатқан шаруаңды ойламаған жерде оқыс үзіп, бір жазушының жаңа басылған шығармасын оқуға кірісесің, өзгеге мойныңды бұра алмай, сонау шарасыздан үзген жұмысыңа қайта орала алмасаң, алаңсыз оқып, аяғына шықсаң, содан жалғасы қашан жарық көрер екен деп, немесе екінші бөлімі, әлде келесі томы сатуға қашан түседі деп тыпыршып, шыр-пырың шықса, туынды қапысыз құнды болғаны! Әрине, мен талғамы жоғары оқырманның, азамат оқырманның сезімі мен іңкәрін айтып отырмын. Ендеше, ондай кітап қалың жамағаттың көңілінен шыққан дүние. Рухани дәулет!», – деп жазған еді бір естелігінде. Бұл есті естелік көңілге қонымды. Осы тұрғыда күллі қазақ оқырмандарына есімі етене таныс, жырлары жақұтпен көмкерілгендей көңіл көкжиегінен ойып тұрып орын алған Ғалым Жайлыбайдың  «Есіл ағады» кітабының ұлт үшін «Рухани дәулет» екенін де айрықша айшықтап өткіміз келетіні бар.
«Есіл ағады, 
Есіл ағады,
Мағжанның жүйрік жырындай, 
Мені де бір қыз есіне алады,
Тарқатып өрген бұрымдай». Бұл қазақ сахарасында әуелеген әсем әндердің ғажайыптары қатарындағы, зерделі оқырман мен зейіні зеңгір тыңдармандардың жүрегінен теуіп тұғыр, ойып орын сайлаған туынды. Әлиқиссаны осы ән мәтіннен бастаудың да мәні бар: тарқатып өрген бұрымдай бедерлі ойды безбендей айшықтасақ, автордың әр өлеңі әнге сұранып тұрған, саз болып төгіле таңбаланғанын аңғарар едіңіз, содан барып: «...Есілдің ерке толқындарындай, ағып барады есіл күн», – деп тебіренер едіңіз. Қалай тамсана, тамылжыта шырқағың келсе де, осы сарыннан желі үзбей, ырғақты, сазды жырларға бас қоярсыз. Бұл – ақын құдіретінің жанды көрінісі. 
Рас, «Есіл ағады» жыр жинағындағы барша өлең әннің қара тасқынындай тулап жатыр. Оқысаң өзіңді тулатар бір тылсымға ие. Оның сыры қазақы ауыл, қараша үй, кең жазира жайлау мен арғымақтардың тегеурінді тебісі, шұрқырасуы һәм кісінесуінде жатыр-ау. Содан барып қазақылығы бұзылмаған, иірім мен сазы мүлдем бөлек өлең-әндер бедерленіп түскен. Құдды құйылып түскен қорғасындай елес беретіні сүйсінтеді.
Солай, Ғалым ақынның жыры да, үні де арда. Тым бөлек! Мағжанның жүйрік жырынан, Жұмекеннің философиялық астарлы теңеулерінен, Қадырдың бұтарланбас берік байлам, көркем түйіндерінен өзгеше, әсерлі. Не жыр, не ән екенін ажыратып білмейсің. Білудің де бәлендей керегі шамалы. Тұманбайдың тұнық тұмасынан бұрқ-сарқ қайнаған лирикалық мөлдір өлең иірімдері секілді жанды баурап алар туындыларының түгелі дерлік, тап-таза сезімнің жарқын көрінісі іспетті! Сіміріп оқып, сіңіріп тамсана түс дегің келетіндей...
Төл әдебиетіне айрықша үлес қосқан орыс ақындарының дені заман тудырған жаңа сөздерді өлеңіне арқау етуден қашпаған. Содан да шығар, олардың поэзиясында арагідік жаңа сөз яки тың термин жылт етіп қалып жатады. Бірақ мұны өзге шайырларға ұқсамаудың негізгі элементтері, не форма іздеудің дара жолы деп айта алмайсыз. Ал, бұл тұрғыдан келгенде француз жазушысы, әйгілі драматург Жюль Ренардың: «Қандай ғажап болғанымен, сонау Гомер заманынан ілесіп келе жатқан бейнемелерден бойды аулақ ұстаңыз», – деген ұраны ойға оралатыны бар. Қазақ әдебиетінің белді өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Асқар Сүлейменовтің: «Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады», – деуі де Ренардың осынау ойымен үндесіп жатыр. Ең қамығатын тұсымыз да – осы! Өйткені қазақ ақындары арасында қайталауға ұрынғандары, өзгенің жырынан желі үзіп кете алмағандары да ұшырасады. Ойды ой қуаттайды дегенмен, өзіндік үні, азаматтық позициясы болмай, айтары өзгенің шығармасын қайталаудан әрі аспаған қаламгерлердің қара салындыдай сын-мұхитының бетінде қалқып жүруі де сондықтан. Тек, ондай мағлұматтарды кәсіби сыншылардың өз лабораториясының сарғайған қағазы ретінде сүрлеп сақтап, оқырманмен қауыштырмай жатуы ғана, шайырлардың өзара үндесуі тығыз екендігін айдай әлемге мәлім еткен жоқ-ты. 
Ал, Ғалым Жайлыбай поэзиясына келгенде, кемеліне келіп, кемерінен асқан шайырдың шығармашылығының шоқтығы биік, өлеңінің иірімі мен сарыны өзге екенін ақжолтайлап атап өткің келеді. Мәселен, сол Асқар Сүлейменовті талғамы терең оқырмандар татымды тіркестерді тудырушы қаламгердей көрінетіні бар. «Бесатар» повесінде «Саба түбі сарқынды жас», «Бір үйір ұлпа сөз», «Сексеуіл буын», «Ішкі есеп ышқыр жорамал», «Тізешіл ұлық», «Мұң сіңді қоңыр үн» сынды кәнігі эпитеттердің мағынасын өзге дүниемен ауыстырып беретін теңеулерді аса шебер қолданғанын көзі қарақты оқырмандар айтқызбай-ақ біледі. Ол әуелі поэтикалық құралдардың ішінде экспрессиясы күшті – перифраздарды тудырудың майталманы емес пе?! Сол себепті де алшайтып тұрып ат мінгендей асқақ сөйлеп, сорпаның сорпасының сорпасы болмау керектігін аса қуатты безбендеген. 
Хош, өміршең өлеңдерімен әр қазақтың жүрегін тербеген Ғалым Жайлыбайдың бұл тұрғыдан алғанда еңсесі емендей тік, діңі қарағайдай берік! Оның жыры да, талғамы мен талғамға сай байламы да алабөтен. Арда! Сондықтан да оның қолтаңбасы мыңның ішінде менмұндалай жарқырап, ақынның саф болмысы мен бітімін танытып тұрады. «Қой күзетіп жатқан кезде достары, ой күзетіп отыратын бұйығы ұлдың» азаматтық лириканың биік мінберінен жыр жалаулатып, «Қарайып отырамын құз басында, Қаратау тасындағы қара дақтай», қоғамның құбылмалы күйіне күйіне үн қатып, «Қайғы өрдім қара түннің қайысынан» деп мұңы салмақты байлам жасауының да төркіні сол даралықта жатыр. 
Шығармашылығының негізгі қуаты ән секілді сазды жырлар мен айрықша айшықты көркем байламдарда жатқанын да атап өткенбіз. Тағы бір пысықтай өтсек: «...Көктемнің көзінен тамған жас – мөп-мөлдір мерейім...», «Жетім құлын қаңғиды әр аулада, Жесір әйел жылайды түніменен» сынды әр жырында ұшырасып жататын тіркестер де оның заманның соққан жегі желіне деген ақындық наразылығынан туса керек-ті. Ал, «Өмір кештім, мен де бір өмір кештім, көрпесіндей сусыған көңілдестің» немесе «Өмір деген – жарқ еткен де, жалт еткен, жел көтерген жезөкшенің етегі», «Жап-жалаңаш жапан түз, тырдай мекен», «Замананың соққанда жегі желі», сынды эпитет-теңеулер сыни көзқарастан төгілген аса ащы шындықтың бір парасы ғана. Азаматтық үн осылайша даралай көрінсе керек!
Ғалым – дария! Дария – Ғалым! «Қосылғыштың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді» – деген алгебралық теория сияқты дүние бұл! Ақын сұрапыл шықпаса, шайырлық қуаты дауыл тудырған толқындай тегеурінге ұласпаса, ұйқыдағы әлемге жай отындай әсер етпесі анық қой. Ал сан жылдар бойы өлеңді жанына серік еткен Ғалымның біз меңзеген биік өреден көрінбеуге мүлдем хақысы жоқ. Ол толқындай тулаған, жай отындай сананы сілкіген, оқыған сайын мызғып жатқан ми құрылысының өзге тұсына тіршілік берер жырларға иелік еткен шайыр-дүр! Сондықтан да оның ғұмырлық шығармалары жайлы сөз қозғау – мехнаты мен машахаты мол шаруа. Қай тұсын айшықтап, қай қиырын танытып, болмыс-бітісін толық ашып беруге сай келер дүние іздеп емес, керісінше «мына жыры қалып қалмасын» деумен шаршап, сілең қатып, титықтап бітесің! Бұл өз кеудемнен төгіліп түскен ақиқатым! Асыра мақтап, әсірелеу мен әспеттеуге бой ұрғаным да емес! Хақ жалғыз болса, менің де хақ айтар байламым жалғыз – осы!
Елден хабар көп болды естімедім, 
Елең-алаң көңілім...
кешкіремін.
Қобыз тартып жатыр ма қоңыр қырда,
Ескі қыстау қасында ескі қорым.
 
Ақ дүниеге ұмтылдым төзім қашып,
Қызыл-жасыл әлемге кезімде асық.
Қобыз шалған қыраттың етегінде,
Ескі қорым...
көргенім көзімді ашып.
 
Сан сапарлар жайлы сан толғадым да,
тіршіліктің бұралаң жолдарында.
Ұлы сарын көңілде қобыз тартып,
Көшіп жатыр сол ауыл сол қорымға. («Ескі қорым» 111 бет.) Ал енді осы жырдың мазмұнын қазақ оқырмандарына ширата тарқатып беру заңдылық па? «Көшіп жатыр сол ауыл сол қорымға» деген денені тітіркендірер теңеудің, ащы шындықтың батпандай салмағын сіз ауырсынбай жеңіл-желпі қабылдай алдыңыз ба деген сауал тастау қажет пе?! Бізше, сақи мен бақи дүние арасындағы үнсіз байланысты естінің бәрі ерекше күйде қабылдары анық. Ал, жан сезімін атаусыз қалдырған күннің өзінде, ақынның тілдік қуаты, берік байлам жасай алатын тапқырлығы мен төгіле жырлар қасиетіне тоқталмай өту қиынның қиыны, қиянаттың өзі екен. Тіл демекші, «Тіл – халықтың автопортреті. Әр тіл өз орнында ұлы, әр тіл бүкіл адамзат қазынасының ортақ палитрасындағы өз өрнегімен қымбат», – деген Шыңғыс Айтматовтың шындықтан туған үндеуге жақын байламы бар емес пе?! Ендеше, Ғалым ақын қазақ халық автопортретінің хас шебері екендігіне ешкім шәк келтіріп, шүбәлана қоймаса керек-ті.
«Өлеңге қалай көшірем, Арғымақтардың арманын» деп жылқы текті халықтың мұрадым мұратына мұрындық болар ой саптап, «Даламның жырын дарабоз қылдым» орайында сахараға өлеңмен тіл бітірген, сосын барып, «Ақселеуі, жусаны, шөңгелері, мен сендерді келіп ем емдегелі» деп табиғаттың төл перзенті ретінде дүниеге дүрбі салып ойланғандай, ақ дидар әлемнің есендігін тілеген қаламгердің әрбір жыры жанға дәру-ау...  Мұндай лирикалық толғаныс, байлам мен пайымның парасаттылықтан үзіліп түсер жалқы нұр екенін пайымдап, соның бәрі білім нәрімен бойға тұрақтарын ұғынсақ, арғысы ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнің жазушылық шеберлікке төселуде тәлім алған кітаптарын тізіп жазғанындай, бергісі Мұхтар Мағауиннің көз майын тауысқан ғажайып шығармаларды оқырманға ұсынғанындай, Ғалым-дарияның да кемерінен асыра түскен шайырларының есімін біліп, шығармаларын оқығың келеді. 
Арай сүйіп,
Алдыңнан нұр күлгенде,
Көз ұшына көп өлең іркілгенде.
Аспантаудың аққуын жырлай-жырлай
Аспан жаққа кетермін бір күн мен де. (42 бет.) 
немесе: 
Жалқын сәуле ашпаса бір күн есік,
Мұнар таулар тербейді мұңлы бесік.
Аққу-қаздың қанаты сусылдаса,
Өтіп кетер өмір ғой бірге ілесіп («Көктөбеден барады көктем көшіп» 46-47 бет.) 
Осы екі шумақ – тағдырдың тиянақталар тұсына берілген анық сілтеме. Негізгі түйін. Бұтарланбас байлам... Аспантаудың аққуын жырлай-жырлай аспан жаққа сіңерін білген шайырдың: «Аққу-қаздың қанаты сусылдаса, өтіп кетер өмір ғой бірге ілесіп», – деп мұңая өткінші тірлікке бейнемелі түсінік бергені бұл. Анығында ақын ол жайтты лирикалық толғам арқылы көркем үйлестіріп бедерлеп отыр. Негізінен алғанда, «Есіл ағады» кітабында мұндай ғажайып топшылаулар жетерлік. Мәселен:
Күндердің жалын күзер ме,
Ұстара-уақыт жалтырап.
Қараша үй қонды күзеуге,
Қараша күні қалтырап.
 
...Жанымның отын жандырдың,
Жолаққа орап ымыртты ақ.
Шық шайған шашын шалғынның
Балқаймақ күнді түн ұрттап, – деген жалынды шумақтармен өрілген «Күзеудегі қараша үй» жырында «Ғұмыр дегенің қысқарған – балауыз шамның білтесі», – деген ғажайып теңеу бар. Бұл алдыңғы шумақтардағы ойды қуаттайтын Ғалым-дарияның ғұмыр-дарияға берілген нақты бір түсінігі. Бұл тұрғыдан алғанда арналы ақындардың шығармасындағы әрбір тармақтың өзі теңіз түбіндегі маржандай құнды, қымбат қазынаға пара-пар екенін аңдай аласыз. Классик жазушы Джек Лондон «Ұлы ақындардың бірде-бір жолын тастамау керек», – десе,  А.С. Пушкиннің: «Ұлы жазушының жазған әрбір жолы болашақ ұрпақ үшін асыл қазына болып қалады», – деп жазған естелігі бар. Жазушының ақын, ақынның жазушы туындысы жөнінде айтылған бұл ойлары жалпы әдеби шығарманың құндылығына қаламгердің аса жауапкершілікпен қарау керектігін әрі бір тармаққа тағдыр тартысы, тіршілік қарекеті, өмір ағысы мен қоғам күйі сынды негізгі өміршең тақырыптарды арқау ете білу керектігін, сонда ғана ұлылық сипатына лайықты деңгейде көрініс беріп, есімі тасқа қашалатындығын қаузаған. Бұл ретте де Ғалым ақынның шығармасы Джек Лондон айтқандай, әрбір тармағын тастамай оқуға тұрарлық деп атап өткіміз келеді. Оған жоғарыда атап өткен іркес-тіркес теңеулер мен татымды тармақтар айшықты айғағымыз. 
Поэзияда көкейкестіңе ұрыс сала жүріп, барлау жасап барып жетесің. Жетер жеріңе жеткенде ғана оқырманды шығармашылық шексіз сезімнің бесігінде тербей алмақсың. Шала туған шаранадай «шалажансар» жырмен әдеби өрісті кеңейттім деп масаттана алмайсың. Ал қуатты жырдың құнары артып, іште піскен жырды үлбірете қағазға түсірсең, ол шынайы сезімнің тумасы деңгейінде өрнектелсе ғана, мехнатты жазу ісіңнің ілгері басқаны. Қазақ ақындарының дені ұлы сапарларын өлеңге арқау етіп, бөгде елдің салт-сана, тұрмысы мен танымын, ғажайып жерлері, тарихи орындары мен тұлғаларын жырына арқау етуді жақсы үрдіске айналдырған. Олардың бұл ауанда құйылып түскен жырларының салмағы мен нарқы әркелкі. Бірі ғажайып деген теңеуге лайықты деңгейде, бірі «ортанқол арнау» асуына табан тіреген. Бұл тұрғыда Ғалым ақынның географиялық шеңбері ауқымды. «Есіл ағады» кітабындағы «Түркімен саздары», «Аммадағы Адайлар», «Аспан асты елінде» атты бөлімдерде оның жол сапарда жазылған өлеңдері топтасқан. «Түрікменнің тағдырласы – Сексеуілдер құмда өскен» немесе «Шөл ішіне нұр гүлдейді, гүл шықпайды – сұмдығы», – деген ерекше пафостағы өлеңдері де «Түркімен саздары» бөлімінде бөлекше бедерленіпті. 
...Өмірімді өрнектедім өлеңмен,
Үр көңілім Үргеніштей көнерген. 
Аққу-қаздар қалқып ұшты төбемнен,
Бағы жанып, тасар нұры түрікменнің, – деп келетін жырының аты – «Мақтымқұлы мақамы». Ғалым ақын түрікмендердің табиғаты мен көне тарихын, дәстүр танымын жырлап қою былай тұрсын, олардың ғажайып ақыны Мақтымқұлыдай жыр өрнектеуінің өзі көңілге қуаныш бүрлетеді. «Түрікменстанға барып қайтқанда Мақтұмқұлыға деген халқының махаббат өресін біліп қайттым, одан бұрын да жорамалдайтынмын. Жетпістегі дана да, жетідегі бала да Мақтұмқұлысыз сөз сөйлегенін көрмейсің... Сол шайырдың өлеңдегі – ендеше өмірдегі орнын романтикалы сарынмен айтқым келді, мейлінше мығым айтқым келді. Оған құдіретім жетті ме, жетпеді ме білмеймін», – деп тебіренеді қазақтың  бір кемеңгер әдеби зерттеушісі. Міне, осы тебіреніспен астасып жатқан Ғалымның әрбір топтама жырлары көңіл терезеңді зерлей түседі. «Аспан асты елінде» бөлімінде «Зуханың басы қалған Қаракөпір – мен сенен іздеп келдім өз басымды», – деп толғануы – оның қазақ халқының рухты батырларына деген ғажайып ескерткішіндей. Жалпы айтқанда, жандыра айтқанда – Ғалым әрбір өлеңіне ұлы жауапкершілікпен қараған, туындыларын мазмұнды да тағылымды ете білген ерен шайыр. Оны топтамалы жырлары мен  жолжазбаларына зейінмен, пейілмен ден қойған жандар құптай түсері шүбәсіз.
«Құштарлықтың алауы арасында аласұрған шақтарында да поэзия ол үшін әлде бір ғибадатханадай киелі еді...», – деуші еді ұлы Гоголь Пушкин хақында. Неткен ғажап суреттеу еді. Жан тазалығы мен рух мөлдірлігі һәм шығармашылыққа деген іңкәрліктің, жазуға деген махаббаттың көрінісін осылай-ақ айшықтаса керек.  Хош, қалай тебіренсең де қаламың өзіңдікі, қалай шалқысаң да ерік өзіңде. Бірақ аузыңнан аталы сөз шықса ол ұлтыңдікі болып кетуі бек мүмкін екенін де қаперіңде ұстағаның  ләзім! Жүйесіз сырғақтау, жөнсіз құр мақтаудан аса алмай қалсаң, онда төбеңнен Тәңірінің ұрғаны емес, керісінше, талант-тақсырыңның мысқалдай да құны жоқ күйге енгені. Осылайша бір жігерленіп алып, ардакүрең ақынның поэмалары хақында үшбу сөз қозғасақ...
Ғалым Жайлыбай поэзиясы жайлы сөз қозғала қалса, ең алдымен ауызға оралатыны – оның «Қара орамал» поэма-реквиемі. Құдды, әлемдік ақын Дантенің «Құдыретті комедиясы» немесе қазақ топырағында туған ақиық Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы секілді. Қаламгердің шығармашылық ғұмырының ең жарқын жемісі ретінде, дара қолтаңбасы ретінде танытар бір туынды болады деген пайымға сенсек, Ғалымның атын алты Алашына танытқан «Қара орамал» поэмасы секілді көрінетіні бар, бізге. Ал, бұл тұста аталмыш поэманы «пай-пайлап», «шіркін-айлап» оқымасқа шараң жоқ. Өйткені бұл туынды – қазақ поэзиясының ең үлкен олжасы. Поэзиялық құндылығы, мазмұны, суреттеу, сипаттау, бейнелеу, баяндау, ұйқас, сөз саптау, түйіндеу сынды негізгі элементтердің әрқайсысын жекелей атап өтсеңіз де, бір ғана пайымға иек артасыз. Ол – «ғажап» деген жалқы сөз!  
Шындығында солақай саясаттың дәуірлей жүріп тұрған шағында, қысталаң жылдары қылтасын қақпанға қиғызған нәсілі асыл елдің арыстарының жарлары мен балаларын халық жауы ретінде абақтыға таңып, айдауға салып, өз білгенін істеген сталиншіл жүйенің жүгенсіздігін, текті жұрттың төбесіне төнген қара бұлттың салмағын, аңыраған ана, аштан қатқан бала зарын тасқа қашағандай етіп бедерлеген Ғалым ақынның «Қара орамалы» теңдессіз туындыларымыздың санатында. 
Іңір толған ібіліс іреңінде, 
Будақ-будақ бұлт көшкен бұл өңірде.
Қарағанды лагері – 
қара таңба
Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде, – деген жыр жолдарымен басталған туындының мазмұны ауыр, жазылу стилі ерекше. Төгіліп түскен ойларды егіліп жазған ақынның ұлт алдындағы ақындық ұлы борышының өтеуі де осы – поэма! 
Жан жүйеңді босатып, өткен ғасырдың зор зобалаңын кеудеңе беріш қылып қадаған, одан мәңгілік сыр аңдатып, бабалардың ер тұрпаты мен заманның құйтырқылығына деген төзіміне бас идірер  туынды «Қарағанды лагері», «Қарлаг қақпасы», «Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі»,  «Қызжылаған», «Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы», «Мамочкина моласы», «Гармоншы. 1973 жыл», «Тас пен ас», ««Қарлагтың» қара кітабы», «Қоңыртөбе...», «Үш қағыс» сынды тақырыптармен айшықталған. Жай ғана айшықталған дей салу тілге жеңіл. Ал шындығында поэма желісі, әрбір эпизод, шумақ, тармақтар жүрекке ауыр тиеді. Ауыр тимей қайтсін: ««Жалаңашкөл» жанында қыз жылаған – орап алып сүт аққан омырауын» ақауыз перзентінің шейіт кеткеніне күйінсе, ««Момочкина» моласынан естимін – сақ-сақ еткен сәбилердің күлкісін» бар жоғы екі жыл ішінде өмірден өткен 1130 сәби сақ-сақ етіп аза бойыңды қаза қылса, ол аз дегендей «...Адам етін тұздаған бөшкелердің – Қаңқаларын осы ауыл отқа жаққан» тірідей сүрленген адамдардың «ыдысын» соңында қалған ел өртесе, оқырманға жеңіл тимесі анық. Тіпті,  бұл шығарманы шарықтату мақсатында оқырман үшін ойдан шығарылған жалған эпизодтың түйіні емес қой. Бұл – тарихи шындық. Шындық болғанда, сұмдық шындық! Сондықтан да «Қуырар табаға сап рухыңды жиырмасыншы ғасырдың қанды елесі», – деген жыр жолдарындай, бұл әрбір ойлы адамға зар шектірердей күйге жетелер оқиға. Осы бір поэманы Ғалым Жайлыбай «Арының омырауын қан ағызса, жанымның қоңырауы қағылады», – деп өзі атап өткендей, Алаштың арының омырауы қан жапқан кезеңді жанының қоңырауын қаға отырып толғады. Толғағанда да Алатаудың ұшар басына мәңгілік таңба етіп басқандай бедерледі. 
«Есіл ағады» жыр жинағына «Қара орамал» поэма-реквиемінен өзге, аштық жылдарында қырылған 2 миллион қазақ пен Тама руының басынан өткен зор зобалаңын суреттейтін «Тамакөшкен» поэмасы енген. Бұл туындыны да тарқатып айтар болсақ, ұзын-ырғасы бір зерттеу кітабының бүйірін толтыратындай-ақ. Сонымен қатар, «Ақ сиса» поэмасын да қазақ халқының поэзия қамбасына қосылған жақұтты туынды қатарында деп білеміз...
Рас, өлеңі таңғы шықтай мөп-мөлдір, тақырыптары мәңгілік мәнге ие, жыр арқаулары шындықтан құралған, оқиғалары тарих тұмбасынан тұндыра тартқандай өрілетін сырбаз ақын – Ғалым Жайлыбайдың әр поэмасына, туындысына тоқталу үшін бір зерттеу материалы аздық етеді. Оның бір өлеңі жайлы тебірену барысында талай еңбектің басын қамтып кетуге негіз бар. Сондықтан да дариядай көрінетін шайырдың шығармашылық әлеуетін шып-шырғасын шығармай оқырман назарына оймақтай мақаламен айшықтап беру мүмкін емес, тегінде! Біз тұрмақ, мүйізі қарағайдай ғалымдар да «Ғалым-дария» сыры мен ақындық құдіреті, шығармашылық құны жайлы байыпты барлау жасай алмасына шек келтірмейміз! Сондықтан да желісі талай жазбаға жүк болар шайырдың шығармашылығын зерттеу болашақтың еншісінде. Ал ақиқатына келсек, осындай ғажайып жырлар тоғысқан «Есіл ағады» кітабы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға лайық жинақ!
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ