НАУАЙ МЕРГЕН

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 2428
Бөлім: РУХАНИЯТ

Босқындардың қорғаушысы

...Шегарадан таңғы уақытта өтіп, көштің басы мен соңы түгенделгенде Науай бір жылқыны жетектеп алып келеді. Малды сол жерде сойғызып, тау асып әлсірегендерге сұрпы етін асып бергізіп, әлдендіреді. Барлығына: «Асуда жүк артқан биеміз мерт болып еді. Жеп отырғанымыз соның еті», – дейсіңдер деп ескертеді біреу сұрай қалған жағдайда. Айтқандай-ақ, 7-8 шақырымнан кейін екі қарулы салт атты тоқтатып, тінте бастайды. 
– Мына етті қайдан алдыңдар? – деген соң бәрі алдын ала келіскен сөзді айтады. Неше әйел, неше еркек екенін санап шығады. Тексерушінің бірі:
– Бастаушыларың менімен жүрсін! – деп әмір етеді. Олар Науайды ертіп кеткен соң қалғаны сол жерде күтіп қалады. Ақырында тексерушілер Науайды жібереді. Көш ары қарай жүреді. 
Бір ауылға жақындағанда қоршаулы, көк дарбазасы бар бас барымташының үйін Науайға көрсетіп: «Кіре бер. Мен қазір», – деп өзі кідіріп қалады. Науай үйге тақап келіп, атынан түсіп, дауыс шығарады. Ешкім шықпаған соң ептеп қақпа есігін ашып: «Кім бар-ау?» – дегенде байлаулы екі төбет арсылдап, жұлқына береді. Арғы жағынан еңгезердей біреу шығады. Көйлек-дамбалмен, жалаңбас, төбе шашын қысқа, екі өрім етіп жіберіпті. Айғай салып: «Кімсің? Неге кіресің?» – деп Науайды итеріп шығармақ болады. Екеуі алыса кетеді. «Ағаш мықтысы – дауылда, ер мықтысы – ауырда» дегендей, әб-сәтте-ақ Науайдың оң қолы есердің сол қабырғасының қалың етіне ілініп, бір қолымен оң білегінен шап беріп ұстайды. Батырдың қабырғаны ұстаған қолы қалың етті қатты қысып, бұрап жібергенде әлгінің жан дауысы шығып, ойбай салып, бір жағына қарай жантая кетеді. Қабырғаларының қалың еті жыртылады. Сол қолымен білегін жібермей:
– Менің атым – Науай Жөкей! – дегенше сырттан екі барымташы келіп, араша түседі. Науай ұстап тұрған есердің қолын босатады. Қан жүрмей, қысылған жансыз білегін ауырсынған ол жерге сылқ етіп отыра қалады. Өз-өзіне келген үй иесі Науайға: 
– Тілегіңді айт? – дегенде, Науай: 
– Бұдан бұлай босқын елге тимейтін бол! Малын тартып алма. Қазақтарға тиіссең қайтып келіп жаныңды алам. Ұқтың ба? – дейді. Қос өрімді еркек құлдық ұрып қайта-қайта басын изейді. Науай ысқырып қалғанда ақбоз аты қақпадан кіріп, қасына келіп тұра қалады. Науай:
– Анау атта тұрған қоржынды ал! Жарым құрсақ балалардың несібесі. Тамаққа лық толтыр! – деп бұйырады. Жат елдік Науайдың айтқанын істейді. Бұдан кейін барымташылар Науай Жөкейдің тілегін мойнына жүктелген парыздай орындайды. Босқындардың барар жеріне жетуіне көмектесіп, қолдау білдіреді. 
Босқындарға жебеуші болған Науай – Нұрмұхамед Жөкейұлы. Ол отызыншы жылдары аштықтан арып-ашқан елдің Қытай жеріне өтіп, аман қалуына көмектескен. Оның есімі Қапалдың Қытай жеріне өтетін Демікпе асуында ары-бері өткен қандастарымызды аяусыз қырған шегара отрядының басшысы Курносовты атып, елдің көзін ашуымен есте қалып, есімі аңызға айналған. 

Нұрмұхамедпен кездесу 

Сол Курносовты атқан кішкентай ғана Нұрмұхамед деген қазақты көзімен көрген Қанат Құдайбергенұлының аузынан естіген әңгіме санамда жаңғырады да тұрады. Соны қаз-қалпында сіздерге ұсынайын. Қанат:
– Сонау 1956-жыл. Бригадир Есімжан Әбенов деген азамат салмақты үнмен:
– Сендер Арасанның орталығында жерленген Қызыл армия лейтенанты Курносовты білесіңдер ме? – деді. 
– Иә, иә, білеміз, білеміз. Барлық митингі, парад сол жерде өтетін. Кезінде біздерді пионер, комсомолға қабылдағанда ескерткіштің алдына апарып, ант бергізетін. Гүл қойғызатын. Бірақ, оның Қытаймен екі ортадағы шегараны басқарғанын, ары-бері өткен қазақтарды қырғанын кейіннен білдік қой. Көріңде өкіргір.
– Жә, онда жарайды. Ал сол адамды атқан кісінің аты-жөнін кім айта алады? – деген сұраққа ешкім жауап бермеді. 
– Онда, сол Курносовты атқан Нұрмұхамед Жөкейұлы (Науай) деген мерген мына көрші Сағабүйен жайлауына келіпті. Қазір бәрің жұмыстарыңды тоқтатыңдар. Барайық тездетіп. Мергенді біз де көрейік, – деді. 
Бес-алты қазақ үйдің ортасындағы еңселілеуіне таман жақындадық. Есіктен ішке сығалап қарасам, үй толы адам. Нақ төрде шағын денелі, ақ жібек шапан, басына жеңіл сусар бөрік киген жігіт ағасы отыр. Киімі өзіне ерекше жарасады. Жүзі ақсары, домалақ бет, келбетті. Тыңдасам, бір әңгімесінен бірі қызық. Ерлік істер жайлы айтып, таңғалдыра бастады. Қарап тұрсам кіп-кішкентай ғана аға. Айласы мен жүректілігі ауызды аштырады. Сонда ғана «батырлық бойда емес – ойда, білекте емес – жүректе» дегеннің растығына тағы бір көз жеткіздім. 
Қазақ үйдің ішіне жиналғандар аңыз адам Науайға сұрақтарын жаудырып жатыр.
– Сол бір қысылтаяң сәтте, көп солдаттың ішінде Курносовпен қалай кездесіп қалдыңыз? 
– Әлгінде айтып едім. Әр нәрсенің шегі бар. Ол бұрыннан бірге жүрген достықты ұмытып, мені ату үшін таяу жерге келіп, жасырынып жүріпті. Құдірет десеңізші, күтпеген кездесу болды. «Өмір – шолақ, адам – қонақ» дегендей, өмірден алған соңғы сыбағасы сол болды. 
– Сіз «Бөрібай көтерілісінде» асқан ерлік көрсетті дейді. Бірақ, көпке жайылмапты. Неге? 
– Иә, сонда шын есімім айтылмай, «Мерген» деген лақап атпен аталған мен едім. «Тарам-тарам саусақтан жұмған жұдырық артық» дегендей, қызылдардың беттерін оңдырмай қайырдық. Тайсалмадық. Қаһар көрсеттік. Бірақ, әттеген-айымыз да аз болған жоқ. Заман болса – сұрқия, тарих болар – құпия. Мені ұстап, келіссөзге де шақырды. Өз жақтарына тартпақ болды. Ақыры дегендеріне жете алған жоқ. «Атыласың» деп те шошытты. Сөзді ортадағы қол көтерген жігіт бөлді.
 Сұрағым бар, батыр аға?
– Айт! – деді Науай батыр. 
– «Бөрібай көтерілісінде» мінген ақбоз атыңыз жайлы білгім келеді. 
– Маманұлы Есенқұл қажы екеуміз замандас әрі қимас жолдас едік. Жастықтың таусылмас қызықты шақтарын бірге тамашаладық. Жақсымен жолдас болсаң, басыңды сыйлай-сыйлай «сұлтан етеді» демекші, талай рет көптің арасында айбынымды асырып та жүрді. Сол ақбоз атты құлын кезінен танып, «маған ал» деп Есенқұл қажы сыйлаған. Мені дес көріп, саған лайық серік болады. Көрерсің, – деген. Дәл айтқан екен. 
– Өте білгір, көреген, аузы дуалы әрі бекзат жан еді, – деп Есенқұл Маманұлы қажыға арнап дұға оқыды. Отырғандар түгел бет сипады. Есенқұлдың ағылшын жерінен әкелген айғырының тұқымы Ақбозды Науай құлын кезінен баладай баптап өсірген екен. Өте ақылды, тау халқының «асыл тұқымды жылқы адам болуға сәл-пәл ғана жетпей қалған» дегені осы ағылшын жылқысына арналғандай. Бұл тұқым – жүйрік әрі өте сезімтал, ымыңды сезіп тұрады. Шауып келе жатып керек кезде шөге қалады. Тұр дегенше тұрмайды. Иесінен ұзап жайылмайды, басқаға ұстатпайды. Шақырғанда лезде қасыңа келеді. Түсінігі адамдікінен аз ғана төмен, – дегенде, даладан: «Курносовтың ұлдары келе жатыр. Әкесін атқан адамды көргілері келеді», – деген дауыс естілді.
Мерген қайтер екен дегендей көзім бірден Науайға түсті. Мерген елең етіп, орнынан лезде көтеріліп, қайта отыра қалды. Сырттан кірген ауылдастың бірі:
– Сіз рұқсат етсеңіз ғана жолықтырамыз. Әйтпесе, сол арадан қайтарамыз. Өзіңізді бір көріп қайтамыз деп тұр, – деді. Көпшілік қазақ үйдің айналасына қаумалап тіреле қалды. Есік алдына шыққан Науай мерген: 
– Келсін! – деді. Өңінен ешқандай қобалжу байқалмайды. Жамағат екіге жарылып, келген үшеуге жол берді. Ағалы-інілі бауырлар екен. Үшеуі де бойшаң жігіттер. Қазақша амандасып, қол беріп, Науайды құшақтарына алды. Қазақша, орысша кездестіргендерге рахмет айтты. Жамағатқа үшеуі де: «Әкеміз қандай адамның қолынан мерт болғанын білгіміз келді. Көру үшін ғана келдік», – деді. Бейбіт, ақ көңілмен. Қалың жамағат арасынан жол ашылып, үшеуі де көліктеріне қарай беттеп бара жатты. 
Аяқасты күтпеген кездесу осылай қош көңілмен, сәтті аяқталды, – деп өзі куәгер болған Қанат Құдайбергенұлы әңгімесін тамамдады.
 
Мұрағат деректері сөйлейді

«Бөрібай көтерілісі» туралы архивтік қылмыстық іс-қағаздарда юстицияның аға кеңесшісі, облыстық прокурордың бірінші орынбасары Н. Құлтаев 25.11.1999 жылы, № 36/37 қылмыстық іс бойынша, архивтік № 8760 қолын қойып бекіткен қорытынды көшірмеде: «Жөкеев Нұрмұхамед – 37 жаста, партияда жоқ, қазақ. 1930 жылы, 29 шілде күні ПП ОГПУ үштік отырысында РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-2, 58-8, 58-9, 58-11, 59-3 айыпталды. Еңбекпен түзеу лагеріне кесілді. Кеңес өкіметі мен партияға қарсы алдын ала үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, халықты қарулы қарсылыққа шақырып, көтерілісті ұйымдастырды. Кеңес басқарушылары мен партия қызметкерлеріне террорлық қоқан-лоққы жасады. Орыс кулактары және қазақ байларымен бірікті. Арасан мен Абакумовка елді мекенін шауып алуға бандылар шығарды. Абакумовкада ауыл кеңес кеңсесін басып алып, жинақталған кеңестік іс-қағаз, құжаттарды өртеп жіберді. Кеңестік партия мүшелері мен кандидаттарды тұтқынға алды. Арасанда екі бағытта топтасып, Қапал мен Сарқанды басып алмақ әрекеттер істеді. Өз қатарына 40 орыс-казактарын қосып алды. Маңайындағы елді мекен адамдарынан өз әскерін жақтастармен арттырды. Қызыл армия әскерімен бірнеше рет соғысты. Көп адам мен малды Демікпе асуы арқылы Қытайға асырды. Орыс тілін білмейді. Қағазға қол қою орнына бармақ басады. Өз кінәсін мойындамады. Тек куәлардың көрсетуімен айыпталды», – деп көрсетіледі.
Алматы қаласы бойынша ҚР ДКНБ мәліметінде: «Жөкеев Нұрмұхамед – 1893 жылы туған. Алматы облысы, Бүйен-Ақсу ауданы, № 12 ауыл тұрғыны. Білімі – бастауыш. Колхозшы. Егін егумен айналысқан. 1930 жылы, 15 сәуір күні ҚССР ПП ОГПУ тұтқындаған. 10 жылға сотталған. Еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген», – делінеді.
Тұтқындалған Науай мерген Сарқан ауданы түрмесіне қамалады. Қылмыстық іс-қағазын Сарқан оперучасткесінің бастығы Федор Аболиннің көмекшісі Николаенко деген Ақсу селосындағы арнайы оперативтік штабқа жіберіп бекіттіріпті.
Жөкеев Нұрмұхамедтің тергеушіге берген мәліметінде: «Бұрынғы болыстың ұлымын. Ауылшар-уашылығымен айналысқанмын. Үйленгем. Отбасымда үш адам. Малдарым: 2 жылқы, 25 қой. Бұрын сотталып, істі болмағанмын», – дейді.
«Бөрібай көтерілісі» іс-қағаздар мәліметінде: «Жөкеев Нұрмұхамед – жаппай көтерілісті қолдаған ерен қатысушы. Бандылардың басшысы. Көтерілісті ұйымдастыру жиындарының барлығына қатысқан. Арасанды басып алған банды шайқасының белді мүшесі. Ағасы аудан орталығы Ақсуды басып алуға қатысқан. Ақсудағы кассадан 10 мың рубль тонап кеткен», – деп жазылған. Жөкеев Нұрмұхамед Қазақстан Республикасы, 14.04.1993 жылғы заңы бойынша 24 қараша, 1999 жылы «кінәсі жоқ» деп ақталған. 
Науай мерген он жыл еңбекпен түзеу лагерінде болмаса керек. Салдары ебін тауып Сарқан түрмесінен қашып, Қытай асқан деседі. Қытайдан туған елге 1955 жылы оралғанын жергілікті ел біледі.
Жөкей болыс ұрпақтары Қапал мен Ақсу өңірінде тірлік етіп жатыр. Нұрмұхамед Жөкейұлының «Бөрібай көтерілісіндегі» ел үшін жасаған ерлігін ұрпақтары бағалап, есімін ел есінде сақтау үшін дәріптеу шаралары жасалса деген ұсыныс бар.

Жемісбек Толымбеков
Талдықорған қаласы