Желтоқсан көтерілісін сахналады

Уақыты: 29.12.2016
Оқылды: 2375
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылып, мерейтой ерекше аталып өтті. Рухани шаралардың жалғасы ретінде Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында «Желтоқсанның 16-17-сі қандай күн?» – атты қойылым көрсетілді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі ақын Болат Шарахымбайдың аталмыш поэтикалық-патриоттық драмасы көрерменнің көңілін толқытты. Жалынды жырлармен көмкерілген қойылымның мазмұны азаттықтың ақ таңының атуына себепкер болған Желтоқсан көтерілісіне арналған. Оқушылар сарайының «Жас актер» үйірмесі  жеткіншектерінің тұңғыш қойылымын тамашалау барысында драма авторы сөз алды.
– Бір бөлімнен тұратын қойылымның жалғасын осы бір талантты жеткіншектерді тәрбиелеп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлының өтінішімен жазған едім. Өрендердің өнерін тамашалап отырып Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік мерекесін байланыстырғаныма, өнер адамының өтінішін орындағаныма риза болдым. Жас таланттардың өнері тәнті етті. Көзге еріксіз жас алып, шабыттанып тұрмын, – дей келе жас жеткіншектерді өнерге баулып жүрген азаматтарға деген ризашылығын жеткізді. 
 Қазақ ұғымындағы Жер-ана, Алтын адам сынды бейнелі кейіпкерлерді қатыстыра отырып Желтоқсанға арналған одалармен айшықталған қойылым ел көңілінен шықты. Үш тараудан тұратын туындыда әке рөлін сомдаған Мирас Мадиқасым, ұлы болып ойнаған Темірлан Дәулетов, қызын сахналаған Айжан Данабай мен сымбатты әйел бейнесін жасаған Айжан Жеңісбек сынды жас әртістер өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, сәтті ойнай білді. «Жас актер» үйірмесінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан халық әртісі Алмахан Кенжебекова, режиссері Кендебай Темірбайұлы, суретшісі Саят Жұмаділ, дыбыс режиссері Ержан Елубаев рухани шара соңында өрендердің өнеріне риза екендіктерін айтып, еңбектерінің ақталғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, қойылымның көрерменге жол тартуына демеушілік жасаған «Балдәурен» балалар шығармашылық орталығының директоры Ләззат Есболоваға, Сүйінбай атындағы облыстық филармония, Б. Римова атындағы драма театры сынды рухани ордалар мен Жастарға қызмет көрсету орталығы ұжымы мен «Жетісу» жарнама орталығына да алғыстарын жеткізді. Оған қоса «Жас актер» үйірмесінің тұсауы салмақты қойылыммен кесілгенін жақсылыққа жорып, көрерменін әлі талай қуантатындарын айтып, жыл сайын желтоқсан айында дәстүрлі түрде қойылымды көрермен назарына ұсынатындықтарын атап өтті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ