"СУДА ДА ЖҮРЕК БАР": АҚЫН ЗАИДА ЕЛҒОНДИНОВА 70 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Уақыты: 10.12.2019
Оқылды: 1757
Бөлім: РУХАНИЯТ

Француздар еңлікгүлді Альпі жұлдызы десе, таулықтар бақыт пен махаббаттың көгершіні көреді. Қазақ ұғымында бұл баламалар әпсаналармен астасып, поэзиямен шектесіп кетуімен ерекше. Оқысаңыз, қайран қаласыз. Поэзия демекші, Алаштың аяулы ақыны Зайда ЕЛҒОНДИНОВАНЫ оқырман қауым қара өлеңнің еңлікгүлі санайтыны бар. Мұнда да бір жұмбақтың жатқаны анық. Оған 70 жылдық мерейтойына арналған "Мен Тәңір сүйген ақынмын" атты шығармашылық кешінде куә болдық.

Әңгіменің әлқиссасы гүлден өрбуінің өзіндік себебі жоқ емес. Біз сыр тарқатқалы отырған ақынның поэзиясы сол нәзік гүл секілді сұлу да кербез. Оқыған сайын әдемілікке ұмсынасың, даналыққа бойлайсың. Тасты жарып өсетін өсімдіктің осы бір қасиеті шайырдың шығармасынан аңқып тұрады. Тағдыр тәлейі тізе батырса да шыңға біткен шынардай шырайлана түсіп, шалқар шабытқа қанат байлауы өлеңге деген іңкәрліктің белгісіндей. Олай дейтініміз, кейіпкеріміздің желдиірмендей айналған жылдардың өтінде қалып қоймай, айқайға қозған арғымақтай үнемі топтың алдында көрінуі. Кейінгі жазған бір топ жырлары үлкен махаббаттың ошағындай әсерлі. Баспа беттерінде кезексіз жарық көріп, жиі жарияланып тұруы сол. Алдияр оқырманның алғысын да арқалап жүргені қоспасыз шындық. Тіпті, әлеуметтік желідегі белсенділігі кейбір қаламдас достарының қызғанышын оятуымен де қызық. «Ақынның жүрегі мәңгі жас болып қалуы керек», – дейді бізге берген сұхбатында ақын анамыз.

Ары қарай мақаламыздың көшін ақынның кешіне бұрсақ. Бұл бір Жетісуда бұрын болмаған мәуелі мереке болды. Үлкен шараның шымылдығын дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев «Елге арнау» әнімен түрді. Мерейтойдың тізгінін қолға алған Жетісудың сүйікті ақын қызы Гүлбақыт Қасен мен белгілі жазушы Есболат Айдабосын. Қос қаламгер әдебиеттегі ұстаздарының кешіне 2 ай бұрын дайындалыпты. Оны сөз саптаулары мен ерекше киім үлгілерінен-ақ аңғардық. Әдемі әннен кейін кеш иесі сахна төріне көтеріліп, елге ыстық ілтипатын жеткізді.

– Жетісу – алыптардың мекені. Батыр мен ақындардың алтын ошағы. Бұл топырақтан нәр алған адам не ақын, не батыр болуға хақылы. Сондықтан болар, ғасырлар ауса да ел сүйенер азаматтардың қатары үзілмегені. Мен бұл кешке мұрындық болған барша қауымға алғысымды айтқым келеді. Өз еліңнің қошеметіне бөленгеннен артық не бар?! – дей келе, Зайда Қошақанқызы «Мен Тәңір сүйген ақынмын» атты жырын тарту етті.

Соңынан Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып одақ басшысы Ұлықбек Есдәулетовтің Құттықтау хатын жеткізсе, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы сый-сияпатын табыс етті.

– Зайда апай табиғатымен, жалпы болмысымен ақын. Біз сүйіп оқитын қаламгердің бірі. Бұл той осында өтуімен де ерекше. Себебі, ақынның жары Жұматай Жақыпбаев та Жетісудың перзенті. Міне, жастар отыр. Олар куә. Қос ақынды өлеңге әрі бір-біріне ғашық еткен Жетісудың құдіреті. Зайда апай, жаза беріңіз. Сізді сүйіп оқитын оқырманыңыздың көп екенін ұмытпаңыз, – деді Мәрлен Қапашұлы.

Кеш барысында  кішкентай бүлдіршіндер ақынның балаларға арналған өлеңдерін жатқа оқып, жиналған жұрттың езуіне күлкі, жүрегіне жылу ұялатты. Немересі Азиза Жарылқасын «Суда да жүрек бар» өлеңін нақышына келтіріп айтқанда көрермен дүркірете қол соқты. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртістері ақын ғұмырдариясынан үлкен композиция қойып, залды бір толқытты. Сондай-ақ, ақынның сөзі мен әуеніне жазылған бір топ әндердің тұсауы кесілді. Ал ең қызығы, соңынан ерген сіңлілерінің тартуы болды. Жетісудың ақын қыздары кеш иесін ортаға алып, арнау өлеңдерін оқып, құшағын гүлге толтырды.

Ақынның тойы тілексіз болмайтындығы даусыз. Кеш соңында өнердегі ағалары жүрек лебізін жеткізсе, замандастары ақынның қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырғанын мақтанышпен баяндады. Осы ретте облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Әміре Әріннің сөзі көпті сүйсіндірді.

– Ақын дегеніміз елдің еркесі де, серкесі де, өркеші де. Өркеші дегенім, биігі деген сөзім. Әдебиет – ардың ісі дейміз. Бүкіл ар-ожданымен поэзияға беріліп, жарты ғасырдан астам уақыт бойына махаббат пен табиғатты, ғаламды үздіксіз жүрегінің жапырақтарымен беріле жырлап келе жатқан бірден-бір қазақ қызы осы Зайда әпкеміз. Тақырыпқа қараңызшы?! Бірде Халық әртісі Роза Бағланова маған берген сұхбатында «Әміре, менің маңдайымдағы ноқатты көрдің бе?! Мен Құдай сүйген әншімін. Ғарышпен тілдесемін. Маған ән де, шабыт та ғарыш арқылы келеді» деп таңғалдырған. Бұл қазақтың түп болмысынан шығып отырған ұғым. Біздің ұлы қағанымыз Еділ де, жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан да анау шыңның басына шығып, мойынына бұршақ салып, Тәңірмен тілдескен. Тәңірден әлемді билеуге өкілеттік сұраған. Біздің Зайда әпкеміз де поэзияның еңлікгүлі. Ол тауда өседі, Тәңірге біртабан жақын. Ақын апамыз қазақ поэзиясының патшайымы болуына өкілеттік сұрап тұрғандай, – деді ақын інісі көңілдегі ойын ортаға салып.

Осы бір әдемі тілектен соң кештің шымылдығы жабылды. Алыс-жақыннан келген өлеңсүйер ағайын гүлшоқтарын табыстап, естелік суретке түсіп, тарқасты.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Алматы облысы