Баршаның міндеті

Уақыты: 09.09.2024
Оқылды: 113

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің арнайы жобасы аясында, Жетісу облыстық дін істері басқармасының қолдауымен 19-23 тамыз аралығында дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қоғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру және діни экстремизмнің алдын алу бағытында семинарлар мен әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізді.

Бекітілген жоспар бойынша іс-шараларды ұйымдастыру барысында Панфилов, Сарқан, Алакөл, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласының тұрғындары, мешіттердің әйел жамағаты, ұстаздар мен жастар, емхана және әкімшілік қызметкерлері және т.б. қауым қатысқан кездесулерде «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы», «Дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамға қауіптілігі», «Қазақстан Республикасындағы жалпы білім берудің зайырлы сипаты», «Жастар арасындағы діни  экстремизм мен терроризмнің алдын алу» секілді тақырыптар жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, облыс аумағындағы әйелдер қауымына Ислам дінінің басты міндеттері мен әйел адамның орны туралы ақпараттар берілді.

Жалпы, Ислам дінінің тыныштықты бұзу үшiн емес, теріс пиғылды тыю үшiн жiберiлген мейірім діні екендігі, игілік, қайырымдылық, адалдық сынды ең үздік қасиеттерді үйретіп, тек жақсылық жасауды, тура жолмен жүруді нұсқайтындығы айтпаса да түсінікті. Әйелдің орны ерекше екенін, анаға деген құрмет зор болуы тиістігін үйрететін Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырып, ешбір құқын шектемейді. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да орнын жоғары бағалаған. Шынында отбасындағы тәрбиенің негізгі кілті анада. Әйел адам қаншалықты сауатты болса, бала тәрбиесі соншалықты нәтижелі болады. Ал, әйелдердің білімді болғанын қолдайтын Ислам діні надандық пен діни сауатсыздыққа қарсы болатын Алладан және Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген дұрыс пайдалы ілімге ден қою керектігін айтады.

Расында надандық және сауатсыздық – адасқан діни ағымдардың ойлары ашық жайылатын ортаға ыңғайлы саналады. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Өйткені, ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан дәстүрлі дініміз жайлы сауатты болу – баршаға міндет.

 

Балқынай Асқарбекқызы,

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы»

КММ-нің Оңалту бөлімінің теолог-маманы