«Кесте тігу мен алаша тоқу жоғалып кетуі мүмкін»: қолөнерді мектеп бағдарламасына енгізу ұсынылды

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 150

Қолөнер шебері, этно-дизайнер Бұлбұл Кәпқызы Қазақстанда кесте тігу, өрмек тоқу өнерін жандандыру үшін мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның пікірінше, бүгінде киізден сырмақ, текемет тоқу өнері жанданып келеді. Алайда алаша тоқу, өрмек тоқу өнері ұмытылып бара жатыр.

Терме тоқитын адам болуы мүмкін. Бірақ орап тоқу, қалы тоқу, екі жүздеме тоқитын адам аз. Сол сияқты біз кесте өнері де ұмыт болып барады. Сілемдері ғана қалды деуге болады. Ертең жоғалып кетуі мүмкін. Мен бұған дейін де айтқанмын, бұл өнерді жаңғырту үшін мектеп бағдарламасына ензігу керек. Мектепте көркем еңбек пәні бар. Сол пәннен сабақ беретін мұғалімдерге біз сияқты шеберлерден дәріс алдыру керек. Қазір қолөнер шеберлерінен оқып, үйреніп жатқан адамдар бар. Мысалы, мен онлайн және оффлайн курс өткіземін. Оны жекелеген адамдар өздері үшін оқып үйреніп жатыр. Ал халықты үйрету үшін алдымен мектеп мүғалімдерін оқыту керек. Олардың 20-30 оқушысының 5-10-ы үйреніп шықса, бұл өнер дамитын еді, - деді ол.

Шебер бұл ұсынысты құзырлы мемлекеттік органдарға жеткізгенін айтады. Алайда оның бұл ұсынысы биліктен қолдау таппаған.

Өзім қазір Ақтөбеде тұрам. Ұсыныс жасадым. Бірақ мен бәріне бірдей тегін үйрете алмаймын. Мемлекет тарапынан қолдау болса, бәлкім үйрететін шығармын. Мен осы күнге дейін ешқашан мемлекеттен грант алған емеспін. «Грант берсе, мектеп мүғалімдерін жинап, тегін үйретейін» деп ұсыныс айтқаныма 3 жыл болды. Өз тарапымнан бір мектепке барып оқытқанымнан не пайда? Барлық мектептептің мұғалімін жинап, үйреткенде нәтиже шығады. Сонда өнер дамиды, - деп қосты Бұлбұл Кәпқызы.

Шебердің пікірінше, кесте тігіп, өрмек тоқуды үйрену қиын емес. Кез келген адам 7 күнде меңгере алады. Тек ол үшін практика қажет әрі тоқудың техникасын білу маңызды.

Шеберлік сағаттарыма қатысатындардың ішінде қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де бар. Франция, Англия, Түркия, Корея, Қытайдан хабарлама жазып сұраған. Сол үшін шетелдіктерге онлайн мастер класс дайындадым. Сондай-ақ оффлайн мастер класстар өткіземін. Әрине, өзіме келген соң оның бағасы сәл қымбатырақ тұрады. Қажетті материалдарын дайындап беремін. Алаша өнерінен де курс өткіземін. Оны Әзербайжан. Латвия, Литва, Түркия, Англия, Германиядан алғандар бар, - деді шебер.

Бұған қоса, этно-дизайнер бүгінде нарықтағы ұлттық киімдердің ою-өрнектеріне қатысты пікір білдірді. Ол ер адамның киіміне әйелдерге тән өрнек салынатын жағдай жиілегенін атап өтті.

Қазір жақсы ұлттық киімдер шығып жатыр. Әр ұлттың өрнегі бір-біріне ұқсас бола береді. Қырғыздың өрнегі доғал келеді, қазақтың өрнегі сияқты нақыштанып, сүйірі шығып тұрмайды. Қазақта көп өрнек нәзік келеді. Мәселен, әйел адамның киіміне нәзік гүл, ою, құстұмсық, құс қанат ою көп салынады. Әр өрнектің өз мәні бар. Ескеретіні әйел адамның киіміне өсімдік тектес оюлар санылады. Қазір ер адамдардың киімдеріне әйелге тән оюлар салынып жүр. Ертеде ер адамның киіміне найзаның ұшы, қос мүйіз оюын салған. Бүгінде киімге текемет пен кілемге салған оюды салу мода болып барады. Ол салынады, бірақ нәзіктігін сақтауы керек. Қазақта өң бойға ою өрнек салмаған. Бізде көйлектің етек, жеңі, бешпеттің айналасына, сәукеленің құлағына, шапанның төңірегіне салған. Әр оюдың орналасатын тәртібі мен пошымы бар, соған сәйкес болуы керек. Мәселен, қазір 30-40 жастағы әйелдер тақия киіп жүреді. Әрине жаңа заманға сай дүние жасау керек. Бірақ менің ұстанатын тәртібім, ешқашан түпкі нұсқасы мен техникасын бұзбаймын. Бүгінде бір ғана штампен бред жасап жатқандар бар. Оюды дизайнер емес адам да сала алады. Төкпе шашақ пен түйме шашақты, төсем алаша мен түс алашаны, өрме тоқудың түрлерін ажырата алмайтын дизайнерлер бар, - деп қосты шебер.

Сонымен қатар ол мемлекеттен қолөнер шеберлеріне қолдау керек екенін атап өтті. Бүгінде бизнесті қолдау үшін түрлі бағдарлама болғанымен, ұлттық өнерді жандандырып жүрген қолөнершілерге арналған жоба жоқ. Сондықтан арнайы бағдарлама қажет деп есептейді.

Қазір адамдардың санасы оянған. Қолөнер шеберлерінде үлкен серпіліс бар. Алайда мемлекет тарапынан шеберлерді қолдау бағдарламасы жоқ. Ол керек деп есептеймін. Мәселен, Көшпенділер ойындарына қаншама шебер келіп, халыққа, туристерге мастер класс өткізіп жатыр. Бірақ оларға әншілерге төлегендей қаламақы төлемейді. Шеберлер қаншама энергиясын жұмсап адамдармен жұмыс істеп отыр. Егер бұл өнер ұмытылып кетпесін десе, мемлекет оны қолға алуға тиіс, - деді Бұлбұл Кәпқызы.

Фото: mir24.tv