АЛАКӨЛДЕ КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН 79 АДАМ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ

Уақыты: 28.03.2021
Оқылды: 736
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шекаралы Алакөл ауданында коронавирустық жағдай бірқалыпты. Осыдан бір жыл бұрын енгізілген карантиндік талаптардың арқасында індеттің кеңінен жайылуына жол берілмеді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Пандемия созылған бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстар да ауқымды. Тәжвирусының үдеп тұрған мезетінде аудан аумағында бақылау пункттері, блокпосттар мен санитарлық посттар орнатылды. Талаптар қатаңдатылған мезеттерде аталған постар өз жұмысының қарқынын да еселей түскен болатын. Ауруханаға мамандар тарту, жомарт жерлестерімізді қайырымдылық істеріне жұмылдыру, қажетті құрал-жабдықтарды жаңалау, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, дәрі-дәрмектің жеткілікті болуы мен бағасын қадағалау сынды мәселелер күн тәртібінен түскен емес.

Бір қуантарлығы, аудандық орталық ауруханада оттегі баллондарының жетіспеушілігін жою мақсатында оттегі стансысы қосылды. Барлығы 70 нүктені оттегімен қамтамасыз ететін құрылғы 6 баллонды өздігімен толтыруға қауқарлы. Оның 50 нүктесі аудандық ауруханаға кіргізілсе, 20-сы жекелей орналасқан инфекциялық бөлімге тартылған.

Заман сұранысына толықтай жауап бере алатын АТАSAM/OXL-600 маркалы стансы Түркия мемлекетінде жасалған. Құрылғы компрессор, кептіргіш, алдын ала сүзгі, ауа цистернасы, медициналық оттегі өндіретін генератор, медициналық оттегі цистернасы, соңғы сүзгі, қысым бақылаушысы сынды бөліктерден тұрады. Unitronic маркалы мониторының жұмыс кернеуі 24 DC, мұнда түрік, ағылшын, орыс, араб, парсы қаріптері енгізілген. Қызметін бастаған сәттен 8 кірісі мен 4 шығысы бар оттегі өндірісінің жүйелері жалпы тоқтау уақытын, жұмыс уақытын, өндірілген оттегінің мөлшерін бақылап отырады. Ал оттегінің тазалығы төмендеген жағдайда ескертпе тетігі жанып, мамандардың көмегімен ретке келтіріледі. Өндіріс қуаттылығы – сағатына 36 текше метр.

Аспанасты елімен иық тірескен Достық ауылдық округінде теміржол арқылы арлы-берлі өтетін пойыздарды да бақылау ісі қатаңдатылған. Себебі, дерттің ошағы саналатын елдің азаматтары вирус тасымалдаушысы болып шықса, олармен қарым-қатынас жасағандарға сырқаттың жұғу қаупі өте жоғары. Осы ретте Достық кентінде арнайы жұмыс жоспары құрылып, тиісінше атқарылуда.

Атай кетсек, шегарадан өтуші әр азаматтың алдымен дене қызуы өлшеніп, жеке мәліметтері тіркеледі. Қызуы шекті межеден асып кеткен жағдайда оқшаулау бөлмесіне кіргізіліп, «Жедел жәрдем» көлігі шақырылады. Бұл вирус анықталған жағдайда іске асатын жұмыс алгоритімінің алғашқы сатысы. Артынша арнайы киімдермен жабдықталған медицина қызметкерлері сырқатты аурухананың артқы есігінен кіргізіп, мұндағы өзге науқастармен мүлдем байланыс болмауын жіті қадағалайды. Ауруханада керек болған жағдайға деп 45 орын дайын тұр. Олардың барлығында да жеке дәретханасы, жуыну орны бар. Бұл ең алдымен сырқаттың сыртқа шықпай, аурудың таралуының алдын алуы үшін қарастырылған. Бір айта кетерлігі, «Достық» қонақүйі де оқыс оқиға бола қалған жағдайға деп әзірленді. Яғни, шегарадан өткен сырқат адамдар анықталса, онымен қарым-қатынаста болған азаматтар осында оқшауланады.

Алдыңғы шепте тұрған шегарашылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлінген. Олар толықтай бетперде, резеңке қолғаппен жабдықталып, күнігі дәрігердің тексерісінен өтіп тұрады. Жұмысқа кірісердің алдында және жұмыс соңында дене қызулары тескеріліп, хал-жағдайлары сұралады.

Аудан аумағында пандемия басынан бері қоғамдық орындар мен ауру ошағы шыққан жерлерді залалсыздандыру ісі тоқтамады. 

Карантиндік талаптарды сақтау бойынша арнайы мониторингтік топ құрылған. Топ осы күнге дейін 218 рейд ұйымдастырып, 1243 нысанды тексерістен өткізді. Рейд барысында 83 тұлғаға 4 млн. 835 мың теңге көлемінде айппұл салынды. Олардың үшеуі жеке кәсіпкерлер. Қазіргі таңда 79 адамнан 3 млн.945 мың теңге өндірілді. Өкінішке қарай, ауданда вирус жұқтарған азаматтар да баршылық. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 300-дей тұрғыннан тәжвирусының белгілері анықталған. Олардың басым көпшілігі сауығып шыққан.

Ауданға коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы партиясы да  әкелінді. Әзірге медициналық қызметкерлерге, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма өкілдері мен мұғалімдерге екпе салынуда. Барлығының да жағдайы жақсы, кері әсерлер байқалмады.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды