БАЛҚАШ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ҚЫРЫЛДЫ: ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 1274
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш ауданында балықтардың қырылу дерегі тіркелді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«2021 жылғы 1 сәуірде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Топар көлдер жүйесінде балықтардың қырылу фактісін анықтады. Мұндағы су айдынын «Заготпушнина» ЖШС балық шаруашылығы мен «Патриот» АБҚБ нысандарын бақылауына берілген. Өзара іс-қимыл схемасы бойынша балықтардың қырылу фактісі оқиға анықталған сәтте-ақ барлық жауапты органдарға жедел хабарланған», - деп жазылған ресми мәліметте.

Балықтың қырылу себебін анықтау үшін оқиға орнына Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары мен «Заготпушнина» ЖШС және «Патриот» АБҚБ қорықшылық қызметінің қызметкерлері тексеруге шықты. Ведомство өкілдері «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мен Алматы облыстық экология департаментінің, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері су мен балық сынамалары алынатынын айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан