ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ОТАНДЫҚ ВАКЦИНАНЫҢ ТӨРТ МЫҢ ДОЗАСЫ ЖЕТКІЗІЛДІ

Уақыты: 24.04.2021
Оқылды: 1169
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанға коронавирусқа қарсы отандық вакцина жеткізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кеше кешке Талдықорғандағы Алматы облыстық ауруханасына QazCovid отандық вакцинасының төрт мың дозасы келді. Бұл - ел аумағындағы зауытта шығарылған алғашқы өнім. Ол енді аудандарға таратылса, дүйсенбіден бастап азаматтарды вакцинациялау басталмақ.

- Отандық вакцина басқалардан ерекше, өйткені, температура режимі -2-ден +8 градусқа дейін сақталады. Бұл, әсіресе, логистикалық мақсаттар үшін қолайлы. Аталған вакцинаны қазақстандық ғалымдар әзірлеген, - деді жеткізілген вакцинаны қабылдап алған Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров. Сонымен қатар, Арман Серікұлы аймақтағы 252 пунктке отандық өнім таратылатынын, жалпы, облысқа осы уақытқа дейін 117 мың доза вакцина жеткізілгенін атап өтті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды