ОБЛЫСТА ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ КӨЛЕМІ 9 МИЛЛИОН ТОННАҒА ЖЕТКЕН

Уақыты: 06.06.2021
Оқылды: 933
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: “Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүгінгі таңда әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», – деп атап өтті. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысумен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңес Бюросының отырысында аймағымыздың экономикасын, экологиясын, білімі мен мәдениетін, спорты мен туризмін өркендетуге қозғау салатын қоғамдық кеңестер құрудың жай-жапсары сөз болды. Сондай-ақ, өңірде қатты қалдықтардың көлемі 9 миллион тоннаға жеткені анықталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сол жиында қоршаған ортаны қорғау, туындаған экологиялық мәселелерді шешу және сол барыста атқарылатын қызметтерге ықпал ететін экологиялық кеңес құру тапсырылды. Осыған орай, аймағымыздағы мәслихат депутаттары, экологтар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің өкілдері, БАҚ өкілдері мен еріктілерден құралған облыстық экологиялық кеңес Қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында бірінші отырысын өткізді.

Жаңадан құрылған кеңестің басты міндеті – өңіріміздегі экологиялық жағдайды жақсарту, облыстағы қоқыс полигондарының жағдайын бақылау, аудан, қалалардың экологиялық шараларына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, аталған мәселелер бойынша кеңесте жауапты тұлғаларды тыңдап, кемшіліктер болған жағдайда партия мүшелеріне партиялық жаза қолдану бойныша ұсыныс беру. Кеңес ережесіне сәйкес отырыс тоқсанына бір рет ұйымдастырылады. Керек жағдайда кезектен тыс отырыстар ұйымдастыру қарастырылған. Кеңес мүшелері облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Ғаббасұлымен келісіліп, бекітілді. 

Кеңестің төрағасына облыстық мәслихат депутаты Мұрат Әубәкіров тағайындалды. Мұрат Амангелдіұлы облыстық мәслихаттың экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, мәслихат сессияларының отырыстарында стихиялық қоқыс тастайтын жерлерді кәдеге жарату мәселелерін ұдайы көтеретін белсенді депутат. Жеміс-жидек шаруашылығымен айналысатын «Жаркент-фрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы. Кеңестің алғашқы отырысында кеңес мүшелері таныстырылып, алдағы жұмыс жоспары пысықталды.

Жетісу өңірі "жер жаннаты" деген атпен танымал. Десе де, экологиялық ортаға залал келтіріп отырған жағдайлар да жоқ емес. Айталық, жердің тозуы, күннің жылынуы, мұздықтардың еруі де климаттың өзгерісіне ықпал етіп жатыр. Сондай-ақ, өңіріміздегі тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі өзекті бола түсуде. Бүгінде облыстағы жинақталған қалдық көлемі 9 млн.тоннаға жеткен. Сондықтан облысымыздағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қажетке жарату ісі бүгінгі күннің талабынан шығып отыр деп айта алмаймыз.

Әрине, дамыған мемлекеттер сияқты қоқысты керекке жаратып, одан өміріміз бен тіршілігімізге тиімді заттарды өндіретін уақыт та келер. Ондай мүмкіндікке жету үшін жұрт болып жұмылған жөн. Қысқасы, аймағымызда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыс жүйелі атқарылғанымен, адам қолымен жасалатын қиянаттарды да жоққа шығара алмаймыз.

Жаңадан құрылған экологиялық кеңес аталған келеңсіздіктерді толығымен қарап, дұрыс шешім жасап, барын асырып, табиғаттың бағасын кетіргендердің ісін тиісті мекемелермен бірлесе отырып, қарайтын болады. Алғашқы отырыста облыстық экологиялық кеңес мүшелірі онлайын режиде аудан, қаладан қосылған әріптестерімен маңызды іске белсене араласатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, бірінші қадамда құтты тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешуді назарға алғанын білдірді.

Осыған орай аудан, қалаларда құрылған экологиялық кеңестің төрағаларына өз өңіріндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару туралы ақпараттарды облыстық кеңеске 15 маусымға дейін жіберуді тапсырды. Ақпараттар жинақталғаннан кейін кеңес мүшедлері оның бары мен жоғын саралайтын болады. Содан соң бекітілген жоспар бойынша өз жұмысын жалғастыра береді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан