ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ПАРЛАМЕНТТІҢ ТӨМЕНГІ ПАЛАТАСЫНАН АЛТЫ ДЕПУТАТ КЕЛДІ

Уақыты: 07.07.2021
Оқылды: 980
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу өңіріне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әлия Әбсеметова, Жанарбек Әшімжан, Айгүл Құспан, Мақпал Тәжмағамбетова, Жанна Телпекбаева, Данияр Әлімбаев арнайы іссапармен келіп, облыста атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Халық қалаулылары әуелі ат басын Н.Островский атындағы №8 орта мектепке бұрып, күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер компания басшылығының мәліметінше, мектеп қолданысқа ағымдағы жылдың желтоқсан айында берілуі керек. Бірақ мамандар маусым айында басталған құрылыс жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтап беруге тырысамыз дейді.

Халық қалаулылары тек құрылыс жұмыстарына ғана емес, оқушылардың саны, мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай жағдай жасалатындығына да мән берді. Әсіресе, білім мазмұнына баса назар аударылды. Бұл мәселе бойынша мамандар тұщымды жауап беріп, қосымша бейнебақылау камералары орнатылатынын және арнайы күзет қызметі болатынын жеткізді. Сонымен қатар, мектептің айналасы абаттандырылмақ.

Осыдан кейін депутаттар облыс орталығындағы №2 жылу қазандығына барды. Қалалық тұрғын-үй шаруашылық коммуналдық мекемесінің тапсырысы бойынша салынып жатқан жылу қазандықтары табиғи газбен қамтылмақ. Бүгінгі күні қала басшылығының мәлімдеуінше, құрылыс-монтаждау жұмыстары 25 пайызға орындалыпты. Жылу қазандығы экологиялық қауіпсіздік мәселесін толыққанды шешу үшін заманауи сұйық отынмен, газбен қамтылуын мердігер компания «АзияЭнергоПроектМонтаж» қатаң бақылауда. Мәжіліс депутаттары жылу қазандығының тұрғындар қажетін өтеуде маңызы аса жоғары екенін атап өтіп, жауапты мамандарға күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына партиялық бақылау жасалатынын ескертті.

Келесі кезекте депутаттар 8-шағынауданындағы құрылысы жүріп жатқан тұрғынүйлерді (171 пәтер) аралады. Мамандардың айтуынша құрылыс жұмыстары осы айдың аяғына дейін аяқталады.

Осыдан кейін халық қалаулылары Еркін ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. Сапар соңында астаналық қонақтар «Айналайын» балалар үйіне барып, осында өсіп, мектепті тамамдаған түлектермен сөйлесіп, көкейінде жүрген мәселелерін тыңдады.

Жиында сөз алған Мақпал Мыса:

– Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Бұл ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Сондықтан, талапты, өнерлі болыңдар. Сендердің  шат күлкілерің мен бақытты балалық шақтарың біз үшін үлкен байлық. Бақытты сәттерің көп болып, жүректерің мейірімге толсын, – деп ізгі тілегін білдіріп, әрдайым қолдайтынын айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы