ТАЛХИЗ КӨНЕ ҚАЛАШЫҒЫН ҚОРҒАУ ҮШІН ӨЗЕКТІ БЕС МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ КЕРЕК

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1859
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу өңіріне, соның ішінде Талғар ауданына табан тіреген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мақпал Тәжмағамбетова мен Айгүл Құспанды аудан әкімі Қайдар Әбдіханов қарсы алып, өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Депутаттар сапар барысында әлеуметтік-тұрмыстық нысандарға баса назар аударды.

Атап айтсақ, алғашқы жұмысты жол жағдайын бақылаудан бастады. Аудан халқы үшін жолдың талапқа сай болуы аса маңызды. Аудан аумағында 1046 шақырым жол жергілікті, ал 124 шақырым жол республикалық маңызға ие. Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 21 шақырымға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, Талғар қаласындағы Қашқари көшесінде  атқарылып жатқан жұмыстар жайымен танысты. Аталған көшенің орташа жөндеу жұмысына 49,8 млн. теңге қаражат бөлініп, өткен жылдың күз айында басталғандығын, толыққанды алдағы шілде айында аяқталатыны жөнінде аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқат Досжанов тілге тиек етті. Бұған қоса, осы бағдарлама бойынша Менделеев, Емелев, Ықылас  көшелерінің де құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екендігі айтылды.

Осы тұста, халық қалаулыларының назарына жол мен су, жарыққа байланысты арыз-шағымдар толассыз түсетіндіктен аталған мәселелер төңірегінде жауапты мамандармен жолығып, мән-жайды білуге ұмтылғандықтарын атау артық етпес.

Сол себепті, іссапар барысында аталған салаларға жауапты бөлім басшылары атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Тарқатар болсақ, ауданды жарықтандыруға биылғы жылға 80 млн.теңге қаржы бөлінсе, соның ішінде 6 жаяу жүргіншілер жолын заманауи SMART деңгейде жасауға 36 млн.теңге бөлініп, бүгінде аталған жобалар жүзеге асырылуда.

Талғар ауданының бірқатар ауылдары республикалық маңызға ие күрежолдың бойында орналасқандықтан тұрғындардың әрлі-берлі өтуінде қауіп-қатердің жиілеп, адам шығынына да жол берілетіндігін жасыруға болмас. Сондықтан, жаяу жүргіншілер өтетін жолақтардың сызылып қана қоймай, жарықпен қамтамасыз етілуі аса маңызды дер едік.

Қарапайым халықтың күнкөрісіне бағаның шарықтауы өзіндік салмағын салып отырғандығы бесенеден белгілі. Күнделікті  қолданыстағы азық-түліктің, соның ішінде картоп пен сәбіз бағасының аспандап кетуі оңайға соқпағаны анық. Халық қалаулылары Талғар қаласындағы орталық базарға да атбасын бұрып, ондағы көкөніс пен қауын-қарбыз, сары май мен ет-сүттің, басқа да халыққа қажет азық-түліктің осы күнгі бағаларын сұрап, білді. Тынысты тарылтқан бағаны тұрақтандыруға билік өкілдерінің баса назар аударып, қадағалауын тапсырды.

Алдын ала белгіленген бағдарламадан тыс, ел ішіне емін-еркін кіріп, хал-жағдайларын сұрастырған мәжілісмендерге жергілікті тұрғындар да бірқатар сауалдарын қойып үлгерді. Оның ішінде Талғар өзеніне қауіп төндіріп тұрған карьерлерді тоқтату – бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенімен ерекшеленді. Халық қалаулылары табиғатты бүлдіре бермей, қорғау қажеттігін шырылдай жеткізген тұрғынның сауалы назарға алынатындығына сендірді.

Сапар барысында өткен жылы толыққанды жөндеуден өткен облыстық санаториялық мектеп-интернаттың жай-күйін көрді. Жасалуы мен жабдықталуына көңіл толатындығын, соған лайық, туберкулезге бейім балалардың денсаулығын нығайтумен қатар, білім сапасын көтеру керектігі айтылды.

Биыл талғарлық оқушылар үшін 1200 орынды жаңа мектептің іске қосылатындығы асыға күтілуде. Жыл аяғына дейін құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілетін жаңа нысанның да жұмысы қарқын алып, кестеге сай атқарылып жатқандығы жайында бас мердігер «BI GRUP» компаниясының участок басшысы Сембай Жүнісов баяндап берді. Жаңа мектеп іске қосылса аудандағы үш ауысымдық мектеп саны да кеми түсетіндігі анық. Сондай-ақ, мәжілісмендер Талғардағы тарихи нысан – көне Талхиз қалашығына атбасын бұрып, тарихи-мәдени мұраның бүгінгі жағдайымен танысты.

– «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ортағасырлық Талхиз көне қалашығына арнайы бардық. Оның жұмысымен таныстық. Тарихи нысанда бірқатар шешімін күткен мәселелер барын байқадық. Оның алғашқысы, бас қақпа астынан өтіп жатқан Талғар қаласын ауызсумен қамтамасыз етуші су құбырын ескерткіш аумағынан тыс жерден алып өту керектігі кезек күттірмес шаруа екен. Екіншіден, Рахат өзені үстінен тартылған, алайда қолданусыз қалған көпір мәселесі де оң шешімін күтуде. Үшіншіден, ортағасырлық Талхиз қалашығын музейге айналдыру мақсатында инвесторлар тарту қажет. Төртіншіден, ландшафты музейлендіру. Тағы бірі, келуші туристерге оңтайлы қызмет көрсету үшін музей ғимаратын, кеңсе, қор бөлімдерін ұйымдастыру үшін арнайы ғимарат жалдау немесе тұрғызу да ойланарлық жайт. Міне, осы мәселелер шешімін тапқанда Талхиз қалашығы шын мәнінде тарихи-мәдени маңызы зор нысанға айналып, қайта жаңғырып, мәдени мұра ретінде қорғалады және қызмет ететін болады, – дейді Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса.

Сапар соңында жергілікті депутаттармен кездескен мәжілісмен Мақпал Мыса Талғардың төңірегінде әлі де күрмеулі проблемалардың барын айта келіп, жоспарлы жұмыстардың уақтылы әрі сапалы атқарылуы жіті назарда болатындығымен іссапарларын қорытындылады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы