ДЕПУТАТТАР ТЕКЕЛІДЕ САЛЫНЫП ЖАТҚАН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН КӨРДІ

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1648
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әлия Әбсеметова мен Данияр Әлімбаев Текелі қаласындағы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленген бірнеше нысанның құрылысымен танысты. Ең алдымен 40 пәтерлі 2 жалгерлік тұрғын үй құрылысы алаңындағы қызу жұмыстың куәгері болды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Биыл мамыр айында басталған қос баспананың құрылыс жұмыстары қарашаға дейін аяқталып, қолданысқа беріледі. «Шымыр» ЖШС басшысы Руслан Валишанов депутаттарға құрылыстың жүру барысын таныстырып, нысанның белгіленген мерзімде берілетіні жайлы ақпарат берді.

– Қазір екі қабаты көтерілді. Тамыз айына дейін бес қабаты аяқталып, шатыры жабылады. Бір тұрғын үйде үш бөлмелі 10, екі бөлмелі 20, бір бөлемелі 10 пәтер бар. Барлығы да кезекте тұрған, аз қамтылған, көпбалалы отбасы мен ата-ана қарауынсыз қалған балаларға беріледі, – деді қала әкімі Батыр Молдахметов.

Халық қалаулылары Текелі қалалық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Жол картасының» орындалу барысы мен қаланың әлеуметтік ахуалына қатысты пікірлерін білдірді. Кездесуде тұрғындарды таза ауызсумен қамту, электр жарығының қымбатшылығы, қаладағы экологиялық қауіпсіздік, тазалық жұмыстары, «Еңбек» бағдарламасы мен жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы сынды мәселелер көтерілді.

Сапар барысында «Nur Otan» партиясының Текелі қалалық филиалында экономика мен кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне орай қоғамдық кеңес отырысы өтті. Есепті баяндаманы Текелі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақтолқын Ысқақова  жасады. Әлия Маратқызы өз тарапынан балабақшамен қамту, қалада спорттық сауықтыру кешенінің құрылысына қатысты бірқатар сауалдар қойды. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ең маңыздысы, депутат кәсіпкерлерге бөлінетін қаражат пен гранттарға бақылауды күшейту, оған қоғамдық ұйымдарды тарту мәселелеріне көңіл бөлу керектігін айтты. Ал Данияр Кенғазыұлы болса, туындаған кез келген мәселені егжей-тегжейлі қарап, шешу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Текелі қаласы
Алматы облысы