АҚЫН, ЖУРНАЛИСТ, ДЕПУТАТ ҚАЗЫБЕК ИСА ЖАРКЕНТТІКТЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 15.07.2021
Оқылды: 757
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса облысымызға жұмыс сапарымен келіп, ел ішінде халықпен кездесу өткізді. «Ақ жол» демократиялық партиясынын Парламент Мәжілісінің 7-шақырылған сайлауында депутаттық мандатқа ие болған халық қалаулысы ел ішіне шыққан алғашқы сапарын жазиралы Жаркент өңірінен бастады.

Жаркенттіктермен алғашқы жүздесу аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Депутат негізінен мұнда өңірдің мәдениет және өнер ұжымдарымен, қоғам белсенділерімен дидарласты. Басқосуға кәсіпкерлер, әр салада еңбек ететін тіл жанашырлары қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұрмолдаев ашып, жиналған қауымға депутатты және оған ере келген облысымыздағы «Ақжол» демократиялық партиясы филиалының өкілдерін таныстырды. Сонымен қатар, Талғат Қыниятұлы қонақтарға өңірдің арғы-бергі тарихы мен бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінен дерек беріп өтті.

Басқосуда алғашқы сөз Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Жарылқасынұлына ұсынылып, халық қалаулысы кездесуге келгендерге Парламентте қаралған жаңа заң жобаларын таныстырып, одан әрі әңгімесінің ауанын тілге, өнерге, жалпы мәдениетке байланысты мәселелерге бұрды. Басқосуда Кішішыған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Жанай Сүлейменов, кәсіпкерлер Тоқтарбай Керімқұлов, Әзікен Кәріпжанов, Нүсіпхан Уәли, Қарлығаш Зипарова, тағы басқалар сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл мәртебесін барынша көтеруге байланысты ойларын айтумен қатар  бүгінгі таңда ауылшаруашылығын тұралатып тұрған мәселелерді депутаттың қаперіне салды.  

Депутат сапар барысында өңірдегі Қырыққұдық ауылының тұрғындарымен де кездесті. Бұл елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі жоқ. Үш мыңнан астам адам тұратын елді мекен тұрғындары жекеменшіктің қолына өткен, күніне 4-5 сағат қана су беретін жалғыз құдық шүмегіне байланып отыр. Сонау 1967 жылы жаңадан құрылған жеміс-жидек өсіретін шаруашылықтың орталығы ретінде салынған бұл ауылда екі қабатты көптеген үй бар. Оларда орталықтандырылған жылу жүйесі отыз жылдан бері істен шыққан. Әр тұрғын өз пәтеріне қатты отынмен жанатын жеке-жеке пеш салып алған.

Ауыл тұрғындарының атынан сөз сөйлеген Дина Сарманова мен Анар Сәрсенбаева жанайқайымызды айтпаған құзырлы орын қалмады дейді. Сыртынан қарасаң жасыл желекке оранған көрікті елді мекендегі осындай келеңсіздіктер жергілікті биліктің жүрдім-бардым жұмысын айғақтап тұрғаны анық. «Жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» деген осы да. Депутат Қырыққұдық ауылы тұрғындарының өтініш-тілектерін құзырлы орындарға жеткізіп, шешуге атсалысатынын айтты.

Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік мәселелер комитетінің мүшесі бұдан кейін Жаркент қаласындағы «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келіп, осында еңбек ететін ұжыммен кездесу өткізді. Мекеме директоры Амантай Раев әріптестеріне қонақтарды таныстырды. Қ.Иса елді індет меңдеген кезеңде ерлікпен іс-қимыл жасаған медицина қызметкерлерінің жұмысына жоғары баға беріп, қиындықта қадірі артқан абзал жандарға ақ тілегін жаудырды. Осы мекемедегі бір топ қызметкер індет кезінде жанқиярлықпен еңбек етіп, адамдардың денсаулығын қорғағаны үшін «Ақ жол» демократиялық партиясының арнаулы медальдарымен марапатталды.

Депутат Қазыбек Иса осындай келелі кездесулерді Әулиеағаш және Қоңырөлең ауылдық округтері тұрғындарымен де өткізді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы