ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАР САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ӨСКЕН: ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 16.07.2021
Оқылды: 705
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Жиында 2021 жылғы шомылу маусымының өтуі және облыстың су айдындарында адам өлімінің алдын алу бойынша қажетті шаралар қабылдау туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті директорының орынбасары Игорь Жуковтың есебі тыңдалды. Сондай-ақ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Қапшағай қаласы және Алакөл мен Сарқан аудандарының өкілдері атқарылған жұмыстар мен қолға алынған сақтық шаралары туралы баяндады.

Десе де, қабылданған шараларға қарамастан жыл басынан бері облыстың су айдындарында суға түсу үшін белгіленбеген (тыйым салынған) жерлерде 36 адам қаза тапты, оның 13-і бала (өткен кезеңде 16 адам, оның алтауы бала).

Осылайша, қайғылы оқиғалар қатары 20 жағдайға немесе 2,3 есеге өсті. Ал жыл басынан бері облыстың су айдындарында 37 адам құтқарылды, оның бесеуі бала, шомылу маусымы кезеңінде 10 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды.

Жиын аясында кейбір аудан мен қалаларда суға шомылу маусымы тиянақты түрде ұйымдастырылмағаны да сөз болды. Олардың жіберген кемшілігін нақтылап атап өткен Лаззат Махатұлы алдағы уақытта сақтық шараларын жоспарлы түрде қолға алуды тапсырды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан