ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АЙДЫНДЫ АЛАКӨЛГЕ БАРЫП, БІРНЕШЕ НЫСАНДЫ КӨРДІ

Уақыты: 20.07.2021
Оқылды: 1202
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөл ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әлия Әбсеметова мен Данияр Әлімбаев арнайы іссапармен келді. Халық қалаулылары ауданның даму барысын бағамдап, бірнеше нысанмен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Алдымен «Үшарал» әуежайына бет бұрған депутаттар мұндағы жұмыс жүйесін, ұшып-қону жолағының құрылысын қарады. Қазіргі таңда алып ұшақтарды қабылдау қуаттылығын арттыру мақсатында ұшып-қону жолағын кеңейту, нығайту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жобаның жалпы құны 7,5 млрд.теңгені құрайды. 

Бір айта кетерлігі, шомылу маусымының басталуына орай «Талдықорған – Үшарал» бағытында қатынайтын рейстер саны көбейді. «Алматы –Үшарал», «Нұр-Сұлтан – Үшарал» бағытында да үзіліс жоқ. Сонымен қатар, «Зайсан – Үшарал» бағытында да жаңа рейс ашылып, туристер санын көбейту қолға алынуда. Ал ұшып-қону жолағы күрделі жөндеуден өткеннен кейін рейстер саны да ұлғая түспек.

Артынша халық қалаулылары аудан орталығындағы қуатты кәсіпорындардың бірі саналатын «Болашақ Бастау» серіктестігіне барды. Балық өнімдерінің 15-ке жуық түрін шығаратын мекемеге бас сұққан депутаттар мұндағы жұмысты бағамдап, өндіріс барысымен танысты. 100-ге жуық адам еңбектеніп жатқан зауыт өнімдері ішкі нарықтан бөлек алыс-жақын шетелдерге де шығарылуда. Кәсіпорын күніне 5 тоннаға дейін балық өңдеуге қауқарлы.

Жұмыс кестесіне сәйкес келесі нысан Ақтүбек ауылында құрылысы жүріп жатқан 150 орынды Мәдениет үйі болды. Жуырда ғана қолға алынған жұмыстың аяқталу мерзімі ендігі жылдың ақпаны. Алайда мердігер компания «Алакөл-Асыл-Құрылыс» өкілдері ҚР Тәуелсіздік күніне орай Мәдениет үйін қолданысқа береміз деп отыр. 

Сапар соңында өңірлік туризмнің қазаны қайнаған Ақши ауылына барып, мұндағы жаға бекіту, инфрақұрылым бағытындағы жұмыстармен танысты. 6 млрд.теңге бөлініп, Ақши мен Көктұма ауылдарының жағалауын бекіту жұмыстары былтыр басталған. Алайда пандемияға байланысты кедергілер туындап, биыл іс қайта жандануда. Шомылу маусымында меймандарға қауіп төндірмеу мақсатында құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылмақ. 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы