ІНДЕТТІ ҚАЛАЙ АУЫЗДЫҚТАЙМЫЗ? ВАКЦИНА ЖАЙЛЫ ЖАЗУШЫНЫҢ ПІКІРІ

Уақыты: 28.07.2021
Оқылды: 1138
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бәріңіз жақсы білесіздер, қазір елімізде індетқайта өршіп тұр. Өркениетті игерген небір алпауыт елдердің өзі бұл жайға алаңдауда. Коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы бар. Ол ­– карантин талаптарын мұқият сақтау. Екпе алғандардың қатарын көбейту керек. Дәл қазір одан басқа амал-айла қалмаған секілді.

Осы жайтты жан-жүрегіммен сезінген соң өзіндік таңдау жасап, шешім қабылдадым. Мен вакцинаны өз жайымды күйттеп қабылдаған жоқпын. Бала-шағам, отбасым, туыстарымның амандығын ойладым. Себебі, ауру аяқ астынан сүріндіреді. Қай тұстан вирус жұқтырып алғаныңды аңғармай да қаласың. Бұл ­– көзге көрінбейтін кесел.

Сен үнемі үйде отырмайсың. Адамдармен араласуға мүдделісің. Базарға барасың, көшеге шығасың, осындай қарым-қатынастың таусылмайтыны анық. Сондайда вирусты жұқтырсаң оны тасымалдап үйіңе әкелуің әбден мүмкін. Оның салдары қандай? Ешкім болжап айта алмайды. Біреу аунап тұрады. Екіншісі ауыр соққы алады. Осы туралы жан-жақты сараптаған соң вакцина салдырдым. Отбасым түгел екпе алды. Екі дозасын да қабылдадық. Бұл шешімімді өте дұрыс деп ойлаймын. Пайдамыз елге тисе, бізге одан артық не керек?!

Өзім сияқты жетпіс жастағылар жиналып, таңертең серуен құрамыз. Күн сайын 6-7 шақырым жаяу жүреміз. Бұл айнымас дәстүрге айналды. Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын ұстансаң, сергектік пен сенімге ие боласың. Әрине, мен ешкімді екпе салыңдар деп үгіттегім келмейді. Тек өз басымнан өткізген жайды сіздермен бөлісіп, ойымды білдірсем дедім.

Шаяхмет ҚҰСАЙЫНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы