АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА "ВАКЦИНА АЛ, ЖЕТІСУ" АТТЫ ЧЕЛЛЕНДЖ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 29.07.2021
Оқылды: 1138
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында бүгінгі таңдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман ЖАНСЕҢГІРОВПЕН баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, облысқа 4 түрлі вакцина әкелінді. Олар: «Qaz Covid-in», «Спутник V», «Hayat Vac», «Corona Vac». Спикердің сөзінше, «Спутник V», «Qaz Covid-in» 92 пайыз, ал "Hayat Vac", «Corona Vac» бір-бірінен 79,3 пайыз әсерлілігімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңға дейін вакцина салдырудың әсерінен адамдардың  қатты сырқаттануы тіркелмеген.

Облыс бойынша тұрғындардың 52,8 пайызы, яғни, 1100 000 адам  вакцина алуы тиіс. Сонда ғана тұрғындарға төнген қауіп сейіледі. Бүгінде облыста 244 егу пункті жұмыс істейді. Оның 174-і ауылдық ауруханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда орналасқан. Аудандарда 17 жылжымалы медициналық кешен іске қосылған. Вакцинаны сақтайтын 153 тоңазытқыш, 272 екпе тасымалдайтын контейнер бар. Бүгінге дейін облыс тұрғындарының 530256-сы бірінші компонентпен, ал 330613 адам екінші компонентпен егілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәліметіне қарағанда 48,2 пайыз тұрғын екпе алған.

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы #вакцинаал7su деп аталатын челлендж бастады. Челлендж 25 тамызға дейін жалғасады. Вакцина алған кездегі сурет пен бейнетүсірілімді әркім әлеужелідегі өзінің парақшасына жариялауы тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, екпе қабылдау - коронавирусты алдын алудың бірден-бір жолы.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы