АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІШКІ САЯСАТ ПЕН ТІЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ АУЫСТЫ

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 1158
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің өкімімен ішкі саясат пен тіл басқармаларының басшылары ауысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Әкім өкімімен Рахмет Разбекұлы Есдәулетов облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы, ал Болат Бақбергенұлы Керімбек облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды. Айта кетейік, Рахмет Разбекұлы осыған дейін облыстық ішкі саясат басқармасын, Болат Бақбергенұлы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманы басқарған еді.

Болат Бақбергенұлы 1982 жылы туған. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін тарих, құқық және экономика негіздері пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасын «Саяси институттар, процестер мен технологиялар» бағыты бойынша, «Болашақ» бағдарламасымен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және муниципалды басқару магистрі» бағыты бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Отан» партиясының Талдықорған қалалық өкілдігінде сектор меңгерушісі болып бастаған. Әр жылдары Астана қаласының тілдерді дамыту басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мемлекет тарихы институты» ММ-да ғылыми қызметкер, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, консультанты болды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің инспекторы қызметін атқарған.

Рахмет Разбекұлы 1959 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірген. 1981 жылы мәдениет саласында алғашқы еңбек жолын бастаған. Әр жылдары мәдени клубтарда меңгеруші, инспектор, аудандық, қалалық мәдениет бөлімдерінде жауапты қызметтер атқарған. 2010-2021 жылдары Алматы облыстық мәдениет, кейіннен мәдениет, архивтер және құжаттама, дін істері басқармаларында басшы болған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"