МЕНІ БӘРІБІР ЕШКІМ ТҮСІНБЕЙДІ. ОҚУШЫ ЖАСМИННІҢ ЖҰМБАҚ СУРЕТТЕРІ

Уақыты: 30.05.2022
Оқылды: 1277
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Бұлақ  көрсең,  көзін  аш» дейді дана  халқымыз.  Әрбір шәкірттің бойындағы қабілет-қарымын танып, жылт еткен жақсылық көрсем, соны ашуға, дамытуға асығатын ұстаз ретінде жүрегі нәзік, өнерлі оқушым туралы сөз қозғағым келеді. Шымыр ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы, шәкіртім Жасмин Оралбаева өте зерек, көптің ішінен дараланып тұратын ерекше қыз.

Шәкіртімнің шығармашылық қабілетін биылғы оқу жылында байқадым. Бірде сабақ үстінде Жасминнің партасынан қатты қағазға салынған түрлі-түсті суреттерді көріп қалып, тамсандым. Оның салған суреттері мені еріксіз баурап, суретші тілін ұғуға жетелегендей болды. Жасминнен: «Неге суреттеріңді жариялап көрсетпейсің?» - деп сұрағанымда: «Апай, бәрібір ешкім түсінбейді, өзім үшін саламын, сурет салу арқылы демаламын, мені қолдайтын бір  адам бар, ол – әкем. Маған қажет арнайы бояуларды, материалдарды әкем Алматы қаласынан алдыртады. Әкемнің мені қолдағаны жаныма жылу  сыйлайды», – деп жауап  берген еді.

Жасмин кішкентай күнінен өзін әрдайым қолдайтын отбасында тәрбиеленіп келеді. Жүрегінде өзіне ғана мәлім үлкен мақсаты бар. Сол үкілеген арманы жүрегі нәзік суретші қызды жігерлендіре түседі. Бойындағы табиғат берген ерекше қабілетін дамытуға тырысып жүргендігі мені қатты қуантады. Ұстаз  үшін шәкіртінің белгілі бір мақсатқа ұмтылып талпынуы, биіктен  көрінуінен асқан бақыт жоқ.

Жасминнің салған суреттері ішкі әлемінен сыр шертеді. Оның бір атап айтар жақсы қасиеті әрбір минутын бағалай алады. Үзіліс кезінде сөздіктермен жұмыс істеп, ағылшын тілін дамытып отырады. Сонымен қатар, әртүрлі кітап оқып, философия, психология саласын да меңгеруге тырысады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мені сабақ үстінде Жасминнің қандай да бір сұраққа жауап қайтармас бұрын тыңғылықты түрде ойланатыны іштей сүйсіндіреді.

Үнемі ізденіс үстіндегі қыз болашақта суретші, сәулетші, дизайнер, өнер  адамы болуды армандайды. Сол себепті сурет әлемінің мамандары табиғаты шығармашылыққа жақын өнерлі жасты танып білсе, ары қарай дамуына үлес қосса деген тілегім бар.

Ләззат ҚАЛИБЕКОВА,

М.Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі

Ескелді  ауданы

Алматы облысы