Бейбіт Исабаев: «Қанша жердің бос жатқанын елдің бәрі көріп отыруы керек» 

Уақыты: 24.05.2023
Оқылды: 672
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аудандардағы кездесу сайын көтерілетін жер мәселесі Кербұлақ ауданына халықпен жолығуға барған Бейбіт Иасабаевтың алдынан тағы "шықты". Бүгінде аймақта жер мәселесі өзекті болып тұр. 

Мәселен, қазір аталған ауданда халықтың қажеттілігін шешу үшін 35,4 мың гектар жайылым керек. Бірінші кезекте Шұбар  Жайнақ батыр,Көксу, Қаспан, Қоғалы ауылдық округтерінде жер жетіспеушілігі жоғары. 

Соған қарамастан аталған округтерде 2022-2023 жылдары небәрі 1,3 мың гектар  жайылымдық жер учаскелері конкурсқа шығарылып берілген.

– Ауданда өткен жылы 132,8 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. Бүгінгі таңда оның бар болғаны 13,9 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.  80,5 мың гектар жер учаскелері мал шаруашылығы негізінде тіркеліп қайта пайдалануға берілсе, 6,8 мың гектарды қайтару мәселесі соттың қарауында, 31,6 мың гектар жер бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ауданның жер қорында 159 мың гектар босалқы жер бар, оның ішінде 52,5 мың гектары жайылымдық жерлер бар. Алайда, өткен жылдың желтоқсанында және осы жылдың сәуір айында ауданда 2 жер беру конкурс нәтижесімен бар-жоғы 2 мың гектар ғана жер берілген, деді облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы. 

Ол өз сөзінде ауданда ірі 6 шаруа қожалығы 29,9 мың гектар жерді пайдаланбай отырғанын айтты.
Бұл жер иелеріне былтырғы жылы қараша айында бір жылға нұсқамалар, ескерту берілді, осы жылдың аяғында жер заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.

Сөз соңында аудан әкімдігі жерді түгендеуді толық аяқтап, жерді басқару картасын өңірлік геоақпараттық жүйемен байланыстырылуын қамтамасыз етуін тапсырды. 

– Елдің бәрі көріп отыруы керек. Кімнің қанша жер алғанын, қанша жердің игеріліп жатқанын, бос жатқанын,  деді ол.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото: автордан