ШЫМЫРДАН ШЫҚҚАН ШУ: ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛА МА?

Уақыты: 22.10.2023
Оқылды: 937
Бөлім: КҮНДЕРЕК

 Сократ дұрыс айтты негізі. Нені деуіңіз мүмкін. Соңына дейін оқыңыз, сонда түйсінесіз.

Хаос ұғымы көптеген салада қолданылады. Бастауын философиядан алып, бүгінде әр салада өзіндік анықтама қалыптастырып үлгерген бұл сөзді қолдануымыздың өз себебі бар. Хаос теориясын алғаш қолданысқа метеоролог Эдвард Лоренц енгізді. Ол «Бразилиядағы көбелектің қанат қағуы Техаста торнадо тудыруы мүмкін бе?» деген сөзді айтты. Былай қарасаңыз, шынашақтай жәндік қанатын бір қаққанда әлемнің бір бұрышында дауыл тудырады дегенге ешкім сенбейді. Бірақ әбден мүмкін. Көбелек қанат қақпаса да Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылының тұрғындары өткен сейсенбіде неге дүрлікті? Атойлап, алаулап берекетсіздік қылмаса да үлкен жолдың бойына шығып, қоғамдық тәртіпті бұзбай билікке, құзырлы құрылымдарға талап қоюына не түрткі? Қандай көбелектей ой тұтас ауылды аяқтан тұрғызды? Тарқатайық...

«Жартасқа бардым, күнде айқай салдым...»

Шымырлықтардың бұл бірінші басқосуы емес. Биылдың өзінде бесінші мәрте, қазан айында үшінші мәрте. «Балапанды күзде санайды» деген, көктемде егіп, жаздай баптаған егінін жинайтын жиын-терін уақытында әлсін-әлсін бұлай жиналу да ауылдықтар үшін оңай шаруа емес. Мұндағы ағайынның дені шаруа адамдары. Дегенмен, шымырлықтарды «Жартасқа барып, күнде айқай салатын» жайға жеткізген себеп біреу. Ауыл тұрғындары көптен базыналап жүргені – жайылымдық жердің жоқтығы. Үлкен автожолдың және сол жолды жанамалап жатқан шойын жолдың бойында орналасқан ауылдың маңайының бәрі егістік. Нақты айтқанда, Шымырдың жан-жағын қоршалай алқап орналасқан. Төрт түлікті екі логистикалық нысанды кесіп өтіп, Қаратал өзенінің жағалауына жаюы керек. Бүгінде оған бару мұң. Себебі, өзен мен автожолдың қақ ортасына «Али Бастау Арна» ЖШС-нің тас уататын кәсіпорны орналасқан. Дәл сол маңның 15,4 гектары осы серіктестіктің құзырында. Келісімшартқа сай олардың аумағы қорғалады. Ауыл тұрғыны Руслан Сағатбековтың айтуынша, бұл маңда шымырлықтар мал жая алмайды. Есесіне әлгі серіктестік өзен арнасын бұрып, тау мұздықтарынан бастау алатын Қараталдың экологиялық ахуалын бұзып отыр.

– «Али Бастау Арна» серіктестігі мұнда төрт түлікті былай қойғанда ешкімді кіргізбейді. Өзеннің арнасын ауыл тұсынан Талдықорған қаласына дейін қазып болды. Былай айтқанда, өзеннің астында бірнеше жылдар бойы қалыптасқан су сіңірмейтін қабатты қазып алды. Дайын шикізат. Содан су Балқашқа бұрынғыдай жетпейді. Біршама бөлігі топыраққа сіңіп жоғалуда. Бұрын өзеннің ауыл тұсындағы маңы кең жайлау еді. Серіктестік бұл маңның тас-талқанын шығарды. Жердің құнарлы қабатын сырып тастап, астындағы тас пен құмды қазып алуда. Қыстай өзеннің маңына тау қылып үйеді де, жаздай соны шикізат ретінде пайдаланады. Өзеннің ескі арнасына су бармағасын ол маң шалшықты балшыққа айналды. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Бізді тыңдар құлақ жоқ, – деді ауыл тұрғыны. 

Шымырлықтар осындай базынасын айтып жергілікті әкімдіктегілерге қолқа салған. Тас өндіретін кәсіпорынның жабылуын талап етіп, атқамінерлерді шақырғанмен онысынан нәтиже шықпаған. Сірә, ел Президенті Қ. Тоқаевтың: «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасын жөнді түсінбей жүрсе керек. Шымыр елді мекенінің ардагерлер кеңесінің мүшесі Марат Кашкеновтың айтуынша, тиісті органдарға хат жазып, кездесуге шақырып сарсаңға түскен.
 – Өзеннің арнасын бұрғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ауыр техникамен тасты құмды үйіп тастап, Қаратал өзенін каналға айналдырды. Нәтижесінде өзен жағасына тұрғызылған электр желісінің бағандары қисайып барады. Жуырдағы Жолдауында Мемлекет басшысы су тапшылығының орын алуына байланысты арнайы министрлік құруды тапсырды. Сол тапшылықты тек пайда ойлаған кәсіпкерлер қолдан жасап отыр. Ғасырлар бойы қалыптасқан арнаны бұзып, судың ысырап болуына септесуде. Оның үстіне ауылдан шақырымға толмайтын қашықтықта орналасқан серіктестіктің зауыты күндіз-түні тыным таппайды. Қатты шуылдан шымырлықтардың ұйқысы да тынышсыз. Оған тас уату кезінде көтерілген шаңды қосыңыз. Экологиялық ахуалды былай қойғанда, ауылдағылардың денсаулығына біршама зардабын тигізуде, – дейді Марат Кашкенов.

«Ашынғаннан шығады ащы дауысым»

«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» деген шымырлықтар құзыретті әр органның талмай есігін қағады. Соңы Жетісу облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына хат жазып қалдыруға дейін барады. Сол хатта ауыл тұрғындары мәселені шешуге қауқары бар құзырлы құрылымдарды ауыл тұрғындарымен кездестіруді сұрайды. Осы жылдың 11 қазанында жазылған ұжымдық хатқа сәйкес Жетісу облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы тиісті жұмыстар жүргізіп, жауапты мекемелердің өкілдерін алып Шымыр ауылының тұсында жиылған тұрғындармен кездесуге, жағдайды сараптауға келеді.

 – Хатта көрсетілгендей, жергілікті әкімдікті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жетісу облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаментінің, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің, Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдерімен бірге келіп отырмыз. Ауыл тұрғындары тарапынан шыққан өкілдермен «Али Бастау Арна» ЖШС-нің аумағынан тыс Қаратал өзенінің бойын аралап шықтық. Тұрғындар жағдайды толық баяндап, түсіндірді, – деді Жетісу облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Бекзат Ерұзақов. 

Құзыретті құрылымдардың өкілдері өзен арнасын шолып шыққан соң бұқара жиналған аумаққа келіп, ауыл тұрғындарын жергілікті әкімдік жиын өткізуге даярлаған орынға баруға шақырды. Алайда, шымырлықтар бұл ұсыныстан бірауыздан бас тартты. Олардың уәжінше, мәселе туындаған орында түйінді тарқату керек екен. Тұрғындар бірнеше жылдан бері құрғақ уәдеге тойғандарын алға тартты. «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген, ақыры жиын сол маңда, автожолдың бойында өтті. Шымырлықтар қағаз жазуға қолайлы үстел мен орындық та даярлап қойыпты. Сөз басын ауыл ақсақалы Жанатбек Сарғалдақов бастады. Оның айтуынша, шымырлықтар митинг не шеру ұйымдастыруға келмеген. Тәртіппен талаптарына сай жауап естуге жиналыпты.

 – Осы уақытқа дейін талай ресми мекеменің табалдырығын тоздырдық. Хат жазудан шаршаған емеспіз. Бүгін сол жазылған хаттардың жауабын тыңдауға келдік. Ауыл тұрғындары басбұзарлыққа, тәртіпсіздікке жол бермейді. Бастысы, уәжімізге құлақ түріп, тыңдап, шығарылған нақты шешімді есту. Осынша жауапты мекеменің өкілдері қол қусырып, ауыз буып келмеген болар. Тұрғындарға да, өзен арнасына да зардап әкелген өндіріс орны не жабылады, не жабылмайды. Осы екеудің бірін тыңдауға келдік, – деді Жанатбек Сарғалдақов.

Әуелі құзыретті құрылымдар ауыл тұрғындарының толық уәжін тыңдады. Экологиялық ахуал, мал жайылымының жоқтығы, оған себепкер серіктестіктің қарекеті жайында деректерден соң әр құрылым өз тараптарынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

«Аш бәледен қаш бәле»

Жиынға «Али Бастау Арна» ЖШС-нің жаңа басшысы да келіпті. Әділ Қалиевтің айтуынша, бұл өндіріс орнын осы жылдың қыркүйек айында сатып алған. Фархад Манликов және Қайрат Манликов есімді азаматтар бұрын серіктестіктің басшысы болған. Тас пен құм өндіретін өндірістің басында мұндай дау барын білмегенін жасырмады. Сол қыркүйек айынан бері ауыл тұрғындары талабын айтып бірнеше мәрте өндіріс орнына барған. Ауыл тұрғындары айтқандай, серіктестікті сатып алғалы өндіріс орнының техникалары өзен арнасына бармапты. Тас пен құм қазып алмапты. Тұрғындар серіктестіктің бұрынғы басшылығы мұндай өрескелдіктерді жасап, өндіріс орнын сатып кеткенін алға тартады. Тіпті, келтірілген зардаптарды «кешіру үшін» ауыл ішіндегі үлкен стадион ішінен жабық спорт кешенін салып беруді де уәде етіп, артынан ізім-қайым жоқ болған. Ал серіктестіктің қазіргі басшысы қазір ондай олқылықтардың жоғын алға тартты.

Тараптар біршама уақыт пікір таластырды. Ауыл тұрғындары өндіріс орнын жабуды талап етті. Құзырлы органдар заң аясында шешім шығару керегін алға тартты. Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жер қойнауын пайдалануды дамыту бөлімінің басшысы Диас Карипов серіктестіктің 2013 жылғы келісімшартқа сай жұмыс істеп жатқанын, міндеттемелерді толық орындап отырғанын айтып ақталды. Ал Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Жұмағұл Әлімбеков өндіріс орны аудан аумағында болғанмен, барлық құжатты облыстық құрылымдар рәсімдеп бергенін, жергілікті әкімдік ешқандай қауқар қыла алмайтынын айтты. Жетісу облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Бекзат Ерұзақов тиісті құрылымдар нақты шешім шығару үшін уақыт керегін алға тартты. Ауыл тұрғындары өндіріс орнын жабу талабынан танбайтынын жеткізді. Мәміле – мәселені шешуге бастайды деген тараптар келісе отырып, тиісті құрылымдар нақты шешім шығарғанша «Али Бастау Арна» ЖШС басшылығының келісімімен өндірісті 15 күнге тоқтатуға уағдаласты. Бастысы, өгіз өлмей, арба сынбай мәселенің шешілуі. Ал оның ақырғы нүктесі қойылғанша редакция назарда ұстайды.

PS. Сөз басын пәлсапашы Сократтан бастадық. Грек философы «Талқыға салынғанда ғана ақиқат ашылады» дейді. Шыны сол, құзырлы органдар ауыл тұрғындарының базынасын үлкен шуға ұластырмай тыңдай білгенде мәселені шешуге халық жол бойына шықпас еді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын текке ұсынған жоқ. Халық – биліктің бастауы. Оның үнімен санасу әрбір билік сатысының міндеті. Демократиялануға бастаған Президент бастамасын әрбір халық қызметшісі ұғынуы тиіс. Сонда хаос орын алмайды. Халық ашынып бұлай үн қатпайды. Сократ дұрыс айтады. Халықпен талқылап ақиқатты ашу керек.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: ғаламтордан