Республика күні: Игілікті істер мол болды

Уақыты: 25.10.2023
Оқылды: 705
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күні мерекесін жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары да үлкен дүрмекпен, риясыз шаттық, қуанышпен атап өтті. Мереке қарсаңында Қазақстан халқының тәуелсіз ел атанған қастерлі күніне орай ұжымдарда әр түрлі іс шаралар ұйымдастырылып, Жаркент қаласында жүгіруден марафон өткізілді.

Мереке қарсаңында Үлкеншыған ауылында салынған 90 орынды, Пенжім ауылында бой көтерген 100 орынды спорт кешендерінің ашылу салтанаты өтті. Қуанышқа ауыл тұрғындары түгел жиналып, алыс-жақынан спорт сүйер қауым мен атақты спортшылар келді. Қуанышты сәтте жаңа спорт кешендерінің ашылуымен аудан әкімі Марат Сағымбек, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, Еңбек Ері Күләш Айтжанова, әлемнің бес дүркін чемпионы Алмат Келісбаев тағы басқа да құрметті азаматар құттықтап сөз сөйледі.  Мереке қарсаңында Көктал кентінде жаңадан салынған 100 орынды балабақша да салтанатты жағдайда ашылды.

Аудандық Мәдениет үйінде мерекеге байланысты салтанатты жиын өтті. Залға әскери қызыметкерлер көтерген ел туы енгізіліп, Гимн орндалып басталған салтанатты шарада аудан әкімі Марат Сағымбек мерекеге байланысты баяндама жасады. Өңір басшысы сөзінде халыққа қайта оралған Республика күні мерекесінің мәні мен маңызын терең талдап өтіп, өңірде жүзеге асқан бірқатар әлеуметік, экономикалық жетістіктерді саралап, алда атқарылатын қомақты құрылыс жұмыстарына тоқталды. Аудан әкімі салтанатты сәтте бірқатар еңбек ардагерлеріне, ұжым озаттарына мемлекеттік және мерекелік наградаларын тапсырды. Жиын соңы аудан өнерпездарының мерекелік концертіне ұласты.

Мерекелік іс-шара 25 қазанда аудан әкімдігі үйінің алдындағы кең алаңда жалғасты. Мерекеге жиналған халықты Жаркент қаласының әкімі Айдар Исаев құттықтап сөз сөйледі. Алаңдағы сахнада өңір өнерпаздары мерекелік үлкен концерт көрсетті.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы.