Алакөл ауданында дәрігерлік пункттер ашылды

Уақыты: 26.10.2023
Оқылды: 522
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күні мерекесі қарсаңында Алакөл ауданының Ынталы, Қарлығаш және Байзерек ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттері халық игілігіне берілді. 

Енді аталған үш ауылдың 1300-ден астам тұрғыны сапалы медициналық көмек алу үшін аудан орталығына сабылмайтын болды. Шағын елді мекендердегі мұндай блокты-модульді медициналық пункттер жылдам салынады, жобаның құны ауқымды қаражатты талап етпейді.

Ал бұл үш елді мекеннің де бұған дейінгі медициналық орталығы сонау 1975 жылы, Байзерек пен Қарлығаштағы медпункттер 1994 жылы шлакты-бетонды қоспадан салынып, амбулаторияға ыңғайландырылған екен. Жаңа блокты-модульді медициналық пункттер заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмек, екпе егу, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппараты арқылы тексеру қызметтері көрсетіледі.

«Біздің ауылдағы медпункт тозып тұрған. Енді жаңа ғимарат пайдалануға беріліп отыр. Ішінде емге қажетті жағдайдың бәрі жасалғаны бізді қуантты», - деді Ынталы ауылының тұрғыны Қалдықан Абдрасилова.

Ғимараттардың құрылыс жұмыстарын «SheberMetall» ЖШС жүргізді. Бұл нысандарды салуға облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінді. Медпункттер салынған ауылдарда, мәселен, Ынталы ауылында 637 адам, Қарлығаш ауылында 446 адам және Байзерек ауылында 280 адам тұрады.

Жалпы бұл аймақта 1 аудандық орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 19 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 17 медициналық пункт, 4 фельдшерлік акушерлік пункт аудан халқына тұрақты қызмет етеді. Бұдан бөлек, қазір аудан орталығынан 60 шақырымда орналасқан Қамысқала ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы да жүріп жатыр. Жыл соңында бұл нысан қолданысқа беріледі.